Дана халқымыздың: «Қарты бар үй – қазыналы» деген бір сөзінің өзінен аяулы жанның қазақ өмірінде құрметті, қадірлі екенін, оның ақылы баға жетпес құнды екенін ұғынасың. Олардың пікірі, ойы қашанда ұрпақ сабақтастығы үшін аса қажет. «Қазыналы қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» деп айтылуы да осының айғағы.
Ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кеніші болған бүгінгі қарттың келбеті – жаһандануға жұтылып бара жатқан ұрпағын көз қиығымен ғана тамашалап тұрған шарасыз жанды елестетеді. Сол бір заман ағымының өзге ағысқа бұрылғанын сылтауратып, қарттарға деген көзқарас өзгергендей, олардан сұралатын кеңес те азайғандай. Жалпы қазақ ұғымында қырықтан асқандарды игі іс істеуге, ұрпағы үшін барын беріп, немере көруге асығатын, ел мен жер тарихын зерттеп, әр тасына үңілетін кезең деп қарастырған. Бұл жасты қарттыққа құйылған ілім деп ұқса да болады. Қарт адамның шежірешіл, ауыл-аймақтағы тарихи оқиғалардан хабардар болуы да осының дәлелі. Өмірден көргені мол жанның айтары да көп болмақ. Қарттыққа ерте қам жасаудың еш әбестігі жоқ. «Көңілі жас» болып жүру бар, ал сол жастықпен көріп-біліп, көңілге тоқып, өмірлік сабақ алып, кейінгіге жеткізетіндер де бар.
Ата мен әженің тәрбиесін көріп өскен балаға о бастан көзқарас жақсы. Ал ол баланың таным-түсінігі, зеректігі, білімділігі өзгелерден оқ бойы озық болмаса да, ерекшеленіп тұратыны бар. Ата мен әженің мектебінен өткен баланың ел үшін еңбек істеп, жұрт үшін қам жейтініне сан мәрте куә болдық. Қазақ әжесінің керемет образын қалыптастырған бірден-бір тұлғалар – Абайды тәрбиелеген Зере, Шоқанды өсірген Айғаным. Олардың бала тәрбиелеудегі еңбегі жұрт жадында, бүгінгілерге үлгі. Бүгінде ата-әже тәрбиесіне жүгінетіндер азайып бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан да болар, бүгінгі мен кешегі, бүгінгі мен ертеңгінің арасындағы көзқарас та басқа, ұғыну жүйесі де өзгеше, түсінбеушілік те көп. Қазақтың «Қария – ағып жатқан дария» деген бірауыз сөзінің де қадіріне жете білсек, шіркін?!
Қарт қашанда қадірлі, қоғамда өзіндік беделі бар тұлға. Қазақ әр қуаныш пен қайғының басында үлкенге сөз беріп, батасын алып, рұқсатын сұрауды және төрге оздырып, ақыл-кеңесін тыңдауды дағдыға айналдырған. Үлкеннің жолын кесіп өтпеуі, оған ілтипат көрсетіп, демеуі – қазақтың қартқа құрметі. Қарттарға әр буын өзінше құрмет көрсетті, біз де өз кезегімізде бабалар салған сара жолды сақтап, оны әрі қарай құнын арттыра құрметтесек, қанекей?!
Серік ҚАНТАЙ




