Есім қою жөнінде дініміз не дейді? Қойылған ат оның тағдырына әсер ете ме? Есім ұнамсыз болса, оны өзгертуге бола ма? Осы сұрақтардың айналасында ой жүгіртіп көрсек.
Қазақ халқы нәресте дүниеге келгенде есім қоюға үлкен мән берген. Мәнді де мағыналы ат қоюды жөн санаған халық мәдениетіміз бен дәстүрімізге сай қағидаларға сүйене отырып, лайықтысын таңдаған. Шариғат бойынша, әкенің бала алдындағы міндеттерінің бірі – жақсы есім қою. Балаға қойылған ат оның тағдырына тікелей әсер етпейді. Мысалы есімі мамандығымен байланысып жатса, ол бір кішігірім сәйкестік. Қазіргі таңда көпшілік ата-ана сәби дүние есігін ашпай тұрып, «ұл болса, пәленше», «қыз болса, пәленше» деп есім таңдап жатады. Бірақ пайғамбарымыздың (с.а.с) сүннеті бойынша, баланың есімі туғаннан кейін бірнеше күн өткеннен соң қойылады. Сонымен қатар, дәстүр бойынша балаға ат қоюда ата-анасы бір шешімге келе алмаса, онда әулеттің үлкендеріне немесе танымал тұлғаларға бұл міндет көшеді. Бұл іс дінде де, дәстүрде де құпталады. Себебі, пайғамбарымыз (с.а.с) сахабалардың перзенттеріне де есім қойып отырған.
Баланың есімі оның өмірімен тығыз байланысты болғандықтан, көркем, мағынасы жоғары, жақсысын таңдап қою керек. Сөзіме тұздық болсын, Әбу Уаһб әл-Жашмиден жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с) былай деген: «(Балаларыңа) Пайғамбарлардың есімдерін қойыңдар әрі есімдердің Аллаға ең сүйіктісі – Абдулла (Алланың құлы), Абдурахман (Рахманның құлы), ең шынайысы – Харис (Диқан), Һәммәм (Қайратты), ал ең жағымсызы – Харб (Соғыс) және Мурра (Ащы, ауыр, қайғылы)». Сондай-ақ, барша адам баласы ақыретте өзінің аты және әкесінің атымен қосарлана айтылып шақырылады. Бұған дәлел Алла елшісінің (с.а.с) Әбу Дәрдадан жеткізілген хадисі: «Сендер Қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан да есімдеріңді жақсартыңдар». Сол себепті де балаға болашақта қысылмайтындай, өзгелер мазақ етпейтіндей есім таңдау міндет.
Қазіргі таңда дін жолына бет бұрған кейбір азаматтар қазақша мағынасы жап-жақсы есімдерін арабшаға өзгертуді әдетке айналдырып барады. Бұл мәселе жайында хадистерден байқағанымыздай, Алланың пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тек жаман мағына беретін жағымсыз есімдерді ғана өзгерткен. Ал жақсы мағына беретін есімдерді сол күйінде қалдырған. Ал «мен намаз оқыдым, дінге бет бұрдым, сондықтан есімім де мұсылманша, яғни, арабша болу керек» дейтін азаматтардың пікірлері жаңсақ түсініктен шыққан. Әсілінде, таза қазақы түбірлі есімдер де мұсылман есімдері болып саналады. Осы тұрғыда тағы айта кетерлігі, «мұсылманша есімдер» деген арнайы ұғым жоқ. Аражігін ажыратар болсақ, қай тілде айтылса да, қойылған есімнің берер мағынасы жақсы болса болғаны.
Дана БӘКІР,
Тұран университеті журналистика
мамандығының
студенті




