Талдықорған төрінде өткен жиын тағы да облыс жұртшылығының көңіліне үміт отын жаққандай көрінген. Мінбердегі салмақты сөздер Жетісу өңірінің жарқын болашағын суреттеді. Қала әкімі Ернат Бәзілдің төрағалығымен өткен алқалы мәжілісте аймақтың алдағы 30 жылға арналған даму схемасы таныстырылды. Экрандағы слайдтарда заманауи жолдар, кеңейтілген трассалар мен жаңа теміржол желілері көрініс тапты. Алайда, осы жоспар мен бүгінгі көріністің арасында үлкен алшақтық, тіпті, қарама-қайшылық жатыр. Осы мақаланы жазу барысында жауапты басшылардың жоспарлары мен жол саласы мамандарының нақты деректері, сондай-ақ қарапайым халықтың үні бір-біріне мүлдем кереғар екенін аңғардық.
Талдықорғанға барар жолдағы Бақтыбай мен Балпық би ауылдары күндіз-түні шуға толы. Республикалық маңызы бар «Алматы – Өскемен» трассасы дәл осы екі ауылдың қақ ортасын жарып өтеді. Күн сайын бұл жерден мыңдаған жеңіл көлік пен ауыр жүк тиеген фуралар ағылады. Тұрғындар үшін жол қауіп пен үрейге айналғалы қашан.
Ауыл ішіндегі қозғалыс, әсіресе, мектеп жасындағы балалары бар отбасылар үшін әрбір таң үрей шақырады. Бақтыбай ауылының тұрғыны Раушан Қасенованың үйі дәл осы жолдың жиегінде орналасқан.
«Біздің Бақтыбайдың ортасынан үлкен жол өтеді. Күндіз-түні тыным жоқ, гүрілдеген ауыр көліктерден үйдің іргесі шайқалады. Тіпті түнде тыныш ұйықтау мүмкін емес, терезелер дірілдеп тұрады. Бірақ ең қорқыныштысы балаларымыз бен немерелеріміздің өмірі. Олар мектепке барғанша, ойнауға шыққанша жанымыз мұрнымыздың ұшына келеді. Көлік ағыны бір сәт тоқтамайды. Қанша жылдан бері айналма жол салынсын деп талап етіп келеміз. Бізге шенеуніктердің әдемі жоспары емес, балаларымыздың амандығы керек. Осы шудан, осы қауіптен құтылатын күн туа ма өзі?», – дейді ашынып.
Бұл бір тұрғынның пікірі емес – бүкіл ауылдың мұңы. Әкімдік таныстырған 30 жылдық жоспардағы «айналма жол салынады» деген уәде іс жүзінде мүлдем басқаша сипат алуда. Жоспар бар болғанымен, оны жүзеге асырудың тетіктері заңдық тұрғыдан бұғатталып қалған.
Халықтың төзімі шегіне жеткенде, олар радикальды қадамдарға баруға мәжбүр болады. Өткен күнге көз жүгіртсек, Бақтыбай тұрғындарының республикалық маңызы бар тас жолды жауып тастаған кездері де болған. Көлік қозғалысына кедергі келтірген жұрт жол жөндеу жұмыстарының сапасына көңілдері толмайтынын, инфрақұрылымның мүлдем жоқтығын айтып айғайға басқан.
Ауыл тұрғындарының бірі сол кездегі жағдайды былайша сипаттаған еді:
«Осы жердің барлық тұрғындары «Мемлекет біздің жерімізді қашан сатып алады» деп күтіп отырды. Халық алданып қалды. 2017 жылы келіп «Мемлекетте ақша жоқ. Жерлеріңді алмайтын болды» деп айтты. Жолды кеңейткенімен, инфрақұрылым нөл. Ауылға кіретін арнайы жолақтар да реттелмеген. Әкім ауысты, министр ауысты, тіпті президент ауысты. Бірақ, мәселеміз бір орында тұр ғой!»
Ал сол кездегі Бақтыбай ауылдық округінің әкімі Айдын Исабеков халықтың бұл әрекетін заңсыздыққа балаған.
«Жоқ, халықтың бұлай шығатынын білген жоқпын. Бұл заңсыз ұйымдастырылып жатқан митинг қой. Не істейміз? Учаскелік полиция мен полиция департаментінен келді ғой әне», – деген еді Айдын Исабеков сол сәтте.
Енді бүгінге қайта оралайық. 30 жылдық жоспар таныстырылған жиында Ернат Бәзіл айналма жолдарды стратегиялық маңызды нысан ретінде атап өткенімен, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Жетісу облыстық филиалының директоры Жасұлан Қалтаевтың берген мәліметтері көңіл көншітпейді. Оның айтуынша, бұл жоба әлдеқашан тоқтаған.
«Балпық би, Бақтыбай ауылдарын айналып өту жолы 2019 жылы жобаланған болатын. Ол 18,4 шақырымды құрайды. Бірақ бұл жұмыстар қайта жаңғырту немесе жөндеу емес, жаңа құрылыс санатына жатады. Жаңа құрылыс болғаннан кейін жер учаскелерін қажеттілік үшін сатып алу мәселесі туындайды. Сатып алу кезінде кейбір жеке меншік жер иелері өз телімдерін сатудан үзілді-кесілді бас тартты. Соған байланысты прокуратура органдары конкурс кезінде жобаны тоқтатып тастады», – деп мәлімдеді Жасұлан Қалтаев.
Демек, 2019 жылдан бері жоба заңдық тұрғыдан бұғатталған. Қазіргі таңда бұл жолдың құрылысы нақты жоспарда жоқ. Қалтаев мырза тек «бүгінде қайта көтеріліп жатыр, тапсырма берілсе ары қарай жалғасуы мүмкін» деген екіұшты пікір білдірді. Олай болса, әкімдік таныстырған 30 жылдық схемада бұл нысан неге «жақын арада іске асатын жоба» ретінде көрсетілді? Халыққа жалған үміт сыйлаудың артында не тұр?
Бұл жерде мемлекеттік органдардың өзара байланысының әлсіздігі көрініп тұр. Әкімдік «саламыз» дейді, ал іс жүзінде жобаны жүзеге асырушы мекеме «прокуратура тоқтатты» деп қол жайып отыр. Ең сорақысы, заң бойынша тұрғын үйлер күре жолдан кем дегенде 100 метр алыс болуы керек еді. Бірақ Бақтыбай мен Балпық биде бұл талап ескерілмеген. Жол үйлерге тым жақын, ал халық сол жерде өмір сүруге мәжбүр.
Төрт жолақты жол жыры
Жетісу – туризм мекені. Сондықтан Алакөлге апаратын жолдың сапасы бүкіл аймақтың айнасы іспеттес. Біз жоғарыда атап өткен жиында бұл жолды төрт жолаққа дейін кеңейту жоспарланып жатқаны сүйінші ретінде айтылды. Көлге ағылған туристер үшін ең жағымды жаңалық осы болар еді. Бірақ мұнда да үлкен «бірақ» бар.
Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта Талдықорғаннан Қызылағаш ауылына дейін ғана төрт жолақты жол бар. Ал Қызылағаштан әрі қарай Абай облысының шегарасына дейін жол екі жолақты күйінде қала бермек. Бұл туралы Жасұлан Қалтаев нақты түсініктеме берді:
«Қызылағаш ауылынан кейін 4 жолақты жол болмайды. Ондай ресми ақпарат жоқ. Жолдың санаты автокөліктердің қарқынына (трафигіне) қарай белгіленеді. Егер бұл жолда 7 мыңнан аспайтын көлік өтсе, қолданыстағы заң талаптары мен техникалық нормативтерге сәйкес біз оны 4 жолақты етіп сала алмаймыз. Иә, жазғы маусымда көлік саны 7 мыңнан асатыны рас, бірақ біз 1-2 айды емес, бір жылдық орташа мерзімді есепке аламыз. Ал жылдық орташа көрсеткіш 4-5 мың көлікті ғана құрайды», – дейді маман.
Осылайша, «7 мың көлік» деген сиқырлы сан халықтың жайлылығы мен қауіпсіздігінен жоғары болып шықты. Жазда Алакөлге баратын мыңдаған адам аптап ыстықта екі жолақты жолда кептелісте тұруға мәжбүр. Ал шенеуніктер болса, «орташа есеппен көлік аз» деген құрғақ статистиканы алға тартып, жолдың кеңейтілмейтінін ашық айтып отыр. Бұл жерде де әкімдік жоспары мен «ҚазАвтоЖолдың» нақты мүмкіндігі арасындағы қайшылық менмұндалайды. 30 жылдық жоспардағы «төрт жолақты жол» уәдесі тек қағаз бетіндегі әдемі арман ба?
Ендігі кезекте дәл осы жолда ақылы болмақ. Ол туралы мына сілтеме өту арқылы оқи аласыздар.
Жетісу облысының 30 жылдық даму схемасын әзірлеуге қаншама қаржы мен уақыт жұмсалды. Мамандар демографиялық үрдістерді, экономикалық көрсеткіштерді зерттедік деп сендіреді. Бірақ ең негізгі мәселе – жол инфрақұрылымына келгенде, бұл құжаттың негізсіз екені байқалады.
Ернат Бәзілдің төрағалығымен өткен жиында айтылған «Балпық би мен Бақтыбайды айналып өтетін жол» және «Алакөлге баратын төрт жолақты трасса» – тек әдемі сөздер жиынтығы ма? Егер жауапты мекеме бұл жобалардың тоқтап тұрғанын немесе мүлдем жоспарда жоқ екенін айтса, онда әкімдік қандай жоспарды айтып отыр?
Мәселе тек жолдың көлемінде немесе ұзындығын емес. Мәселе – жоспарлаудың жүйесіздігінде. Бір мекеме «саламыз» деп халыққа есеп берсе, екіншісі «заң бойынша мүмкін емес» дейді. Ортада Раушан Қасенова сияқты қарапайым халық қалады. Олар күн сайын үйінің алдынан өткен ауыр көліктердің гүрілінен шошып оянып, балаларының амандығы үшін құдайға жалбарынумен келеді.
Балпық би мен Бақтыбайды айналып өтетін жолдың салынуына кедергі болып отырған жер мәселесі – шындыққа жанасады. Жасұлан Қалтаев атап өткендей, жеке меншік иелерінің жерін сатпауы бүкіл аймақтың дамуын тежеп тұр. Бұл жерде прокуратураның жобаны тоқтатып тастауы заңды шығар, бірақ мемлекеттік мәселе деген ұғым қайда? Егер бұл жол мыңдаған адамның қауіпсіздігі мен облыстың транзиттік әлеуеті үшін қажет болса, билік неге нақты шешім қабылдамайды?
30 жылдық жоспарда бұл мәселені шешудің нақты тетіктері көрсетілмеген. Онда тек «қарастырылған» деген жалпылама сөз бар. Ал іс жүзінде жоба 2019 жылдан бері шаң басып жатыр.
Біз осы зерттеу барысында тек ресми деректерге ғана емес, халықтың шынайы мұңына үңілдік. Бақтыбай ауылының әрбір тұрғыны үшін жол – өмір мен өлім арасындағы шекара. Раушан апайдың немерелері мектепке бара жатқанда, ол кісінің жүрегі аузына тығылады. Себебі, жол бойындағы қауіпсіздік шаралары тек символикалық сипатта. Көлік ағынының көптігі қауіпті еселейді.
Ал әкімдік мінберінен айтылған «30 жылдық жоспар» адамдар үшін ертегі сияқты. Олардың талабы орынды. Мемлекеттік жоспарлау тек ұзақ мерзімді емес, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс.
Алакөлге апаратын жолдың екі жолақты болып қалуы – өңір экономикасына да соққы іспетті. Жазғы маусымда келетін миллиондаған турист тар жолдың кесірінен келесі жылы бұл жаққа келмеуі мүмкін. «7 мың көлік» ережесі бүгінгі туристік нарықтың талабына сай емес. Егер біз туризмді дамытқымыз келсе, инфрақұрылым көлік ағынынан озып тұруы керек. Ал бізде керісінше – көлік ағыны инфрақұрылымды «тұншықтырып» жатыр.
Жасұлан Қалтаевтың «ресми ақпарат жоқ» деген сөзі Ернат Бәзілдің «төрт жолақты жол салынады» деген сөзімен мүлдем үйлеспейді. Бұл ақпараттық хаос инвесторлар үшін де жаман белгі. Ертең Алакөл жағалауынан демалыс орнын салғысы келетін кәсіпкер жолдың жағдайын білгеннен кейін ойланып қалары анық.
Жетісудың болашағы жарқын болуы үшін қағаздағы әдемі суреттер емес, даладағы нақты істер керек. Бақтыбай мен Балпық би ауылдарының тұрғындары ертең емес, бүгін қауіпсіз жолмен жүруі тиіс. Алакөлге баратын туристер екі жолақты тар жолда өмірін қатерге тікпей, заманауи трассамен жетуі қажет.
Әкімдік пен жауапты компаниялар арасындағы ақпараттық алшақтық жойылуы тиіс. Халыққа шындықты айту керек: жол салына ма, әлде статистиканың құрбаны болып қала бере ме? «7 мың көлік» нормативін желеу етіп, Алакөлдің дамуын тежеу – қисынсыз. Ал жер дауына байланысты айналма жолды 5 жыл бойы тоқтатып қою – жауапсыздық.
Жетісу облысының 30 жылдық даму схемасы – бұл тек бағыт қана. Ол бағыт шындыққа жанаспаса, оның құны көк тиын. Әзірге, Жетісудың жол жыры – бітпес дастанға айналып барады.
Бұл зерттеуіміздің нүктесі емес. Біз алдағы уақытта прокуратура мен жер қатынастары бөліміне ресми сауал жолдап, бес жылдан бері шешілмей келе жатқан «жер дауының» астарында кімдер тұрғанын анықтауға тырысамыз. Халықтың қауіпсіздігінен маңызды ештеңе жоқ. Сондықтан билік пен жауапты мекемелер өз жоспарларын қайта қарап, халыққа нақты әрі шынайы жауап беруі тиіс. Сөзіміз салмақты, ісіміз нақты болмайынша халықтың көңілі алаң күйінде қала бермек.
Мәулен Әнербай





