Қалаған оқу орнына түсіп, маман атану – әрбір жастың арманы. Бұл ретте талапкер өз таңдауы бойынша 9-сыныптан кейін колледжге түсуіне, 11-сыныпты оқып бітіріп, жоғары оқу орнына қабылдану үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруына болады. Ол таңдаған мамандығына да байланысты.
Жастардың көбі жоғары оқу орнында білім алғысы келеді-ақ. Бірақ университетке түсу үшін соған лайық білім қоры болуы керек. Бұл ретте үлгерімі нашар оқушылар тесттен құлаймын деп қорықса, кейбір жақсы оқитын балалардың өзі межелі балды жинай алмай қаламын ба деп үрейленіп, колледжді таңдап жатады. Сонымен қатар, колледждің төлемақысы университетке қарағанда арзанырақ, тіпті қазіргі таңда кәсіптік білім тегін беріледі. Онымен қатар студенттердің шәкіртақы алып, бір мезгіл ыстық тамақпен, жатақханамен қамтылуына барынша жағдай жасалған.
9-сыныптан кейін колледждерде кәсіптік, техникалық, педагогикалық, медициналық мамандықтар оқытылады. Бұл жастардың белгілі бір кәсіп сырын меңгеруіне жол ашады. Колледжді бітірген соң да қалаған университет, академияларға түсіп, жоғары білім алуына болады.
Әрбір адамға бір кәсіптік мамандық артық етпейді. Осы ретте биылдан бастап колледжге түсу тәртібі жеңілдеді десек болады. Бұрын соңды таңдаған бір колледжге ғана құжат тапсырып, тестілеу сынағанын өтсе, ендігі жерде төрт колледж, төрт мамандық таңдап, емтихансыз түсуге мүмкіндік ашылды.
Биыл республика бойынша колледждерге студенттерді қабылдауда бірқатар ерекшеліктер орын алып отыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова мәлім етіп:
Колледждерге қабылдау және мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру “ақша студентпен бірге жүреді” қағидаты бойынша жүргізіледі. Ең бастысы, қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ колледждер арасында бәсекелестік арқылы кадрларды даярлаудың сапасын арттырамыз, – деген еді.
Департамент директорының сөзінше, алдағы оқу жылында республикада 795 колледж қызмет етеді. Оның ішінде 454 мемлекеттік және 341-і жекеменшік колледж. 641 колледжге мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған. Яғни, грант берілген.
Биыл республика бойынша 97 мың орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Білім мамандықтары бойынша 11 мың орын, медицинаға 5 мың орын, қызмет көрсету саласы бойынша 10 мың орын, құрылыс мамандықтарына 7 мың, телекоммуникация және ақпараттық технологияларға 8 мың орын бөлінген.
Осы жағдайға орай облысымыздағы кәсіптік білім беру мекемелерінде студенттерді қабылдау жайы қалай жүзеге асып жатқандығын Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты Жансүгіров колледжінің директоры Марат Мәлтекбасовтан сұрап білген едік.
Талапкерлерді қабылдаудың биылғы басты ерекшелігі – бұрынғыдай тест тапсырмайды. Жұмысшы мамандыққа түсетін балалар сұхбаттасу арқылы өтеді. Ал, педагогика, медицина бойынша емтихандар тапсырады. Ол – баланың сол мамандыққа бейімділігі тексерілетін сынақ. Бірақ оған балл қойылмайды. Тек педагогикалық-психологиялық жағдаяттар тексеріліп, талапқа сай келе ме, келмей ме деген қорытынды шығарылады. Бұдан бөлек, шығармашылық мамандықтар бар, дене шынықтыру, дизайн, бейнелеу өнері деген сынды. Мәселен, дене шынықтыру бойынша біріншіден оқу тілі, екіншіден биология пәндерінен аттестаттағы балл, үшіншіден шығармашылық емтиханның бағасы ескеріледі. Шығармашылық емтиханда дене шынықтырудан белгілі бір нормативтер тапсырады. Мамандыққа бейімділігін тексеретін арнайы сынақтанда өтеді. Көркемсурет мамандығына тапсыратындар сурет салады. Музыкаға тапсыратындар да осы реттегі шығармашылық емтиханнан өтеді.
Колледжге түсу үшін аттестаттың орта балы ескеріледі, ондағы мамандық талаптары бойынша негізгі үш пән есепке алынады. Мысалға, педагогикалық мамандық бойынша бастауыш білім беруде оқу тілі, яғни, қазақ не орыс тілі, алгебра және биология пәндері бойынша аттестаттағы баға есептеледі. Екі бала бір орынға үміткер болған жағдайда, кімнің аттестатындағы орта балл жоғары болса, сол өтеді. Ол да бірдей болса, әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
Сонымен қатар, талапкер 4 мамандық және 4 колледж таңдайды. Бұл талапкердің бір оқу орнына түсе алмаса, екіншісіне түсуіне, демек, оқумен қамтылуына мүмкіндік ашады, – деді.
Колледжге түсуді ойлап жүрген талапкерлер мен олардың ата-аналарын білім сапасы жайы толғандырары хақ. Қазіргі таңда кәсіптік білім саласында да үлкен өзгерістер орын алып жатқандықтан білім сапасының артуына, студенттердің дуалды оқытумен және жұмыспен қамтылуына мейлінше жағдай жасалуда. Оның үстіне елімізде жұмысшы орта буынды мамандарға деген сұраныс күн санап артуда. Демек, кәсіптік білімнің көкжиегін еңсеріп, жұмысшы мамандықты меңгерген жастардың болашағы зор.
Алма ЕСЕНБАЙ




