Бірауыз сөз арқылы төбеңді көкке көтеріп, сол бірауыз сөзбен жерге кірерге тесік іздететін қазақтай қасиет қонған ұлтқа таңданбасқа амал жоқ. Сол секілді жаныңды жайландырып, тәніңді тыныштандырар «Шай ішеміз» деген сөз құлаққа жетсе болды, көңілің кәдімгідей көтеріліп қалады. Дастарқан басындағы әңгімеден соң санаңа салмақ салар ауыр ойлардың өзі жеңілдей түседі.
Сол бірауыз сөзді тарқата берсең, «бір шәугім шайы» шыға келеді. Келін түссе де, қуаныш орнаса да, қайғы қысса да, қонақ келсе де дастарқан басында басқосуды міндет санайтын ел, әй қайдам, ілуде біреу шығар.
Бір шәугім шай бар ма еді
естеріңде,
Қара шәугім қайнайтын
пештеріңде.
Қайран анам малынып қара
терге,
Таңертең, түс, құятын кештеріңде, – деп келетін ән осы сөзге сән кіргізіп, мәнін мәуелі еткендей. «Құдайы қонақ», «Алаштың бөлінбеген еншісі» атты салт-дәстүр осы дастарқанның, дәм-тұздың шекпенінен шыққан шамшырақ.
Енші демекші, бұл дәстүр үшке бөлінеді. Ата-ананың ұрпағына қалдырар мал-мүлік пен мұрасын бір дейік. Ал, екіншісі бөлінбегені, яғни кез келген қонаққа беретін сый-сыбаға. Үшіншісі – еншілес атану. Тұтас ру аясында бірігіп, материалдық игілікке ортақ болу дәстүрі.
Осындағы екінші дәстүрдің бауын тарқатсақ. Әр жолаушы алдынан кезіккен сапар үстінде қазақтың шаңырағын паналауға, қонақасын ішіп-жеуге, мініс көлігін сайлап аттануға хақылы болған. «Бөлінбеген еншім бар» деп үйге еркін ене берген. Бұл турасында ел ішінде аңыз-әңгімелер де баршылық. Соның бірі – төсек тартып жатқан ақсақалдың ұлдарына қалдырған өсиеті. «Тағдыр талқаны таусылар шақта өмірінде жиған-тергенін екі ұлына «теңдей қылып үшке бөліп алыңдар» деген ақсақал үнсіз қалып, соңғы демі үзіліп кетіпті. Сынаптай сырғып талай күндер өтті. Әке өсиетінде айтылған үшінші бөлік үлестің жайы алаңдатады. Ақыры ойласа келе аналарының ақылымен елдің құты – Билер кеңесіне салуға ұйғарады. Бәрін тыңдап, жайға қаныққан Бас би сонда тебіреніп былай толғапты: «Қарақтарым, әкелерің батырлығына ақылы сай қадірлі қарт еді. Мынау кең-байтақ қазақ сахарасының жазылмаған заңдарына, өз елінің салт-дәстүріне өлгенше адал болды, сендерге де соны аманаттап кеткен екен. Атадан-балаға жалғасып келе жатқан салтымыздың бірі асқан қонақжайлылық еді. Ендеше, қарақтарым, әкелеріңнен қалған малдың үшінші үлесі қонақтарыңдікі. Ол үлес бөлінбей сендерде қалсын. Күн келе ме, түн келе ме, бір келе ме, он келе ме, әрбір қазақтың сендерде қалған еншісі бар. Қона жатып, қонақ болып, қалаған кезінде аттануына құқылы және осы салт күллі қазақ даласына жайылып, дәстүр болып қалсын!» де.
Қазақтың үш жүзінің шығу тарихы да осындай аңыз-әңгіменің тамырынан тарайды. Алаша хан өзінің қартайған шағында малдарының бір бөлігін өзінде қалдырып, қалғанын үш ұлына бөліп бергені туралы аңыз бар. Үш ұлы: Ақарыс – ұлы жүз, Бекарыс – орта жүз, Жанарыс – кіші жүз. Алаштың сол бөлінбеген еншісі ауылға келген қонақтың ішетін тағамы, төсек-орынның дайындалуы. Бұл дәстүр атадан балаға мирас етіліп, біраз ғасыр бірге жасап келді. Егер, қонақ түстенген үй иесі оны дәстүрге сәйкес күтпесе немесе күте алмаса, әлгі қонақтың биге шағымданып, айып талап етуге құқығы болды. Осындай жағдайда билердің кесімі көбіне қонақтың пайдасына шешіліп отырған. «Құдайы қонақ» дегеніміз де сол бөлінбеген еншіге ортақтасады. Танымай, білмей кез келген қазақтың үйінде паналап, астан дәм татып, қонып аттанатын болған.
Дей тұрғанмен, «Құдайы қонақпын, Алаша атамның бөлінбеген енші бар еді» деп есік қаққан жанды осы күнге дейін кезіктіріп көрмеппіз. Бұрынғыдай үйіңе еркін еніп, танымаса да тынығып, аттанатын заман қайда?! Тиіп тұрған көршіңнің көзі түссе, қабақ шытар кезең қазір. Қуантарлығы сол, «Ақыл шай», «Келін шай», «Құдайы тамақ», «Көңіл шай» дейтін жоралғылар жұртпен бірге жасап келеді. Атам заманнан бері жалғасқан қандай мәселе болмасын дастарқан басында шешілуі заңдылық. Заманның бет-бейнесі талай өзгергенмен бұл үрдіс әлі мың жасайтын шығар. Тек көп жайттан көз жазып қалғанымыз қынжылтады. Мысалы, ертеректе ұлына келін іздеген ата-ана қызды ауылға Құдайы қонақ болып барады екен. Дастарқан басында болашақ құда-құдағиын, келінін бақылап, көңіл таразысына салып отырады. Көңілінен шықса, кетірінде босағаға ине қадап кетеді. Бұл «Сенде қыз, менде ұл бар. Екі жасты жарастырып, мыңжылдық құда болайық» дегенді аңғартады. Үй иелері келісіп жатса, тойдың қамына кіріседі.
Тал бесіктен жер бесікке дейінгі бір ғана қазақтың өмір жолын ой елегінен өткізіп көрейікші. Бесіктой, қырқынан шығару, тоқым қағар, тұсаукесер, сүндеттой деп басталып, өмірден өткен соң қонақасы, жетісі, қырқы, жыл толғанда, еске алғанда берілетін асы болып жалғасады. Ауып келгенде, барлығы дастарқан басындағы жоралғылар. Әдебиет пен мәдениет, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың сақталуы да соған тікелей байланысты. Әлі күнге дейін аңыз болып айтылатын Абылайдың, Бөжейдің, Сағынайдың асы ел есінде мәңгі қалған. «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!» дейтін тіркестер де әлі күнге дейін қолданыста. Қонақты күту, ас мәзірін әзірлеу, ондағы ән, күй, айтыс секілді ұлттық өнер ұлықталса, күрес, бәйге, көкпар, қыз қуу секілді ұлттық ойындар шат-шадыман күйге бөледі. Жазба әдебиеттің келмей тұрған тұсында ауыз әдебиет осындай жиын-тойларда жайылған дастарқан арқылы елден-елге көшіп, сақталып отырды. Қылышынан қан тамған кешегі Кеңес одағы кезіндегі Құдайды жоққа шығарып, дәстүрдің тамырына балта шапқан кезде де қазақты құтқарған дастарқан, бір шәугім шай еді. Қуғын-сүргінде жер ауып келген басқа ұлттарға тастың орнына құрт лақтырып, тар үйінен орын беріп, бір үзім нанын бөліп жеген қазаққа әлі күнге дейін алғыс айтып жүр. Жеті нан пісіріп, таратып, жұма сайын шайға шақыру арқылы ата дініміз атадан балаға жетті. Ұяда көргенін ұшқанда іліп, жеті нан тарататын қазақты ауылдан да, қаладан да кезіктіре аламыз.
Қонақтың аяғымен үйге құт енеді. Қонағы келіп, қойы егіз тапса, бөркін аспанға ататын халықты, әсіресе, саяхатшылар ерекше жақсы көрген екен. «Бүкіл әлемде қазақ тұрса, жер бетін еш шығынсыз аралауға болады» деген пікір содан қалса керек. Мінекей, қазақты қазақ еткен қонақжайлылығы болса, оның атағын әлемге әйгілеген дастарқаны. Сондықтан баба дәстүрін жаңаша жаңғыртып, келешекке аманаттау бізге артылған абыройлы міндет. Аталмыш жүкті жұмыла көтеріп, жеңіл ету де өзімізге тікелей байланысты. Мылтықсыз майдан жүріп жатқан кезде ес жиып, елдігімізді сақтау үшін бесік түзеуге кірісу қажет.





