Халық жадында өшпес жара қалдырған сұм соғыста ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен жандар аз емес. Солардың бірі – еңбек ардагері, Қызылағаш ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген Тоқтарбай Қанапияұлы. Әкесі Қанапия Қозайдаров ұжымшарда бригадир болған, сиыр фермасын басқарып жүріп 1941 жылы соғысқа аттанған. Анасы Әсемғайша осы ауылда сауыншы болған екен.
Орта мектеп аттестаты енді ғана қолына тиген 18 жасар Тоқтарбай Қанапиянов 1942 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылады. 1943 жылдың көктемінде ол Ташкенттегі алты айлық радиотехникалық курсты тамамдаған соң қан майданға аттанады. Мәскеу төңірегіндегі шайқастардың бірінде басынан жараланып, екі ай бойы әскери госпитальде емделеді. Содан соң тағы да майданның алғы шебіне аттанып кетеді. Бірінші Украина майданының 1120-шы атқыштар полкінің қатарында Днепр өзені үшін ұрысқа қатысып, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады. 1943 жылы оң қолынан ауыр жараланып, біраз емделгеннен кейін Тбилиси қаласындағы госпитальға ауыстырылады. Онда екі ай емделіп, 1944 жылы оң қолынан айырылып елге оралады.
Елге келгеннен кейін Қапал педагогикалық училищесінің жанындағы тарих және география пәндері бойынша курсты бітіріп, сол күзде Гвардия ауданына жұмысқа жіберіледі. Ұстаздық жолында жүріп КазПИ-дің тарих факультетін сырттан оқып бітіреді. 1952 жылға дейін Қоғалы орта, жеті жылдық мектептерінде Доланалы, Қызылжар, Бостан ауылдарында ұстаздық қызмет атқарады. Сол жылы аудандық оқу-ағарту бөлімінің шешімімен Киров ауданы, Амангелді орта мектебінде мұғалім, содан кейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. 1960-1981 жылдары зейнеткерлікке шыққанға дейін аталған мектептің директоры болып еңбек етті.
Т. Қанапиянов сабақ өтуде оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеуге, олардың дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастыруға көп көңіл бөлді. Партия жұмысына да белсене араласып, аудандық, облыстық партия комитеттері бірнеше рет Алғыс хаттармен, Мақтау грамоталарымен марапаттады. 1980 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 1987 жылға дейін аталған мектепте оқытушы болып жұмысын біраз жалғастырады. 1990-1998 жылдары Талдықорған политехникалық колледжінде оқытушы-аудармашы қызметін атқарды.
1963 жылы оқу-тәрбие саласындағы еңбегіне байланысты «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», 1967 жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» деген құрметті атақтарға ие болды. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен марапатталды. Бүкілодақтық «Білім» қоғамының арнаулы төсбелгісінің иегері.
Соғыс кезінде жауынгерлік тапсырманы орындауына байланысты III дәрежелі Данқ орденінің, кейіннен І дәрежелі Отан соғысы орденінің және 20 медальдің иегері болды. 2010 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Алғыс хатының иегері, Көксу, Ақсу аудандарының, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы.
Тоқтарбай Қанапияұлы, өкінішке қарай, бүгінде ортамызда жоқ. Оның жасаған ерлігі болашақ ұрпақтың жадында өшпейді деп ойлаймын. Ол біздің жүрегімізде батылдықтың, жеңіске деген ерік-жігердің, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі мен ерен еңбек үлгісі болып қала береді. Оның жеке архивтік құжаттары, өмірбаяны туралы материалдары, қызметтік және қоғамдық қызметіне қатысты құжаттары, мақалалары, фотосуреттері Талдықорған мемлекеттік архивінде сақтаулы.
Гүлнар ШАРИПОВА,
Талдықорған мемлекеттік архивінің кадр және
қаржышаруашылық қызметі бөлімініңбасшысы





