Алматы облысындағы «G4–City» серіктес қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Жиынға «Caspian Group» АҚ өкілдері және онлайн тәртіпте сингапурлық «Surbana Jurong» компаниясының жобаға қатысты мамандары қатысты. Аталған қала құрылысы толық аяқталған соң онда 2 миллион адам қоныстанады деп болжанып отыр. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
Алдымен облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ сөз сөйлеп, «Gate-City» серіктес қаласын дамытуға байланысты ой-пікірін жеткізді. Айтуынша, бұл жоба Премьер-Министрдің ғана емес, Президенттің де басты назарында. Қалашықтың құрылыс жұмыстары қазір бақылауда тұр. Осы жобаға қажетті инфрақұрылымдарға 38 миллиард теңге қаражат жұмсалған. Десе де бүгінгі күнге дейін оның іске асырылмай тоқтап тұрғаны көңіл құлазытқан. Сол себепті аталмыш мәселеге байланысты жұмыстар оң шешімін табуы тиіс.
Бұдан соң аймақ басшысы «Surbana Jurong» компаниясы жоба менеджерінің орынбасары Джоши Шринаның таныстырылымына құлақ асты. Белгілі болғандай, «G4-City»-дің жоба-жоспары жасалған. Осы жайында онлайн тәртіпте байланысқа шыққан аталмыш жоба менеджерінің орынбасары Джоши Шрина жан-жақты баяндап берді.
Оның сөзінше, аталған бірегей жоба – Ұлы Жібек жолының бойында орналасатын, Еуропа мен Азияны жалғастыратын ауқымды стратегиялық нүкте болады. Сондай-ақ, әлем картасындағы жаңа құбылыс және Қазақстанның таңғажайыбына айналмақ. Орта Азияның жаңа жауһары болатын іргелі жобаны іске асырудың 8 нақты қадамы белгіленген.
Атап айтар болсақ, олар: жаңа экономикалық дәліз біртұтас орналастырылатын интеграцияланған қала, қарқынды халықаралық қаржылық-іскерлік орталығын құру, әлемдік деңгейдегі халықаралық академиялық және медициналық орталығын құру, кешенді индустриалды-логистикалық парк құру, Қапшағай жағажайында жарқын туристік бағыт құру, халықаралық және жергілікті көлік ағындарының интеграциясы мен экологиялық қауіпсіз көлікті ілгерілету, дамыған инфрақұрылымы бар біртұтас ландшафтық және саябақ кеңістігін құру, халықаралық стандарттарға сай заманауи, қауіпсіз, жайлы ақылды қала құру.
Сингапурлықтар осыған байланысты стратегиялық ұсыныстар тізбесін әзірлеген. Байқағанымыздай, стратегиялық жобада сингапурлықтар негізінен болашақта қала халқының тіршілік етуіне ыңғайлы жағдайларды жасауға және жаңа өмір салтын қалыптастыруға барынша басымдық берген. Таныстырылым барысында телекөрсетілім арқылы «Gate-City» серіктес қалашығының кескін-келбеті назарға ұсынылды.
Бұдан соң облыс басшысы ойымен бөлісті. «Нақтылай таныстырғаныңыз үшін сіздерге үлкен рахмет! Жобамен айналысқанымызға біраз жыл болды. Сіздер өз тараптарыңыздан жобаға жаңа келбет, тың серпін беріпсіздер. Әсіресе, жобадағы стратегиялық ұсыныс жасағандарыңыз өте ұнады. Ендігі кезекте біз, яғни, облыс әкімдігі мен «Caspian Group» АҚ басшылығымен бірлесіп, жобаның сәтті орындалуы үшін Үкіметтің арнайы шешім шығарып, қабылдауына қол жеткізуге тиіспіз. Егер, сіздер ұсынған барлық шарт енсе, онда бұл жоба толық іске асады», – деді ол.
Сингапурлықтар да өз тарапынан алғыс айтып, жобаның сәтті орындалуына барынша күш жұмсайтынын жеткізді.
Құрылыс компаниясының өкілі Виктор Лидің сөзінше, «Gate City» қаласы орналасатын аймақта жалпы аумағы 40 мың шаршы метр болатын 9 қабатты 10 үй салу жоспарланған. Әзірге соның үшеуінің құрылысы басталуда.
Аймақ басшысы соңында маңызы зор бірегей жобаның тек облыс үшін ғана емес, сондай-ақ, ел үшін экономикалық тартымды аймаққа айналатынын назарға алды.
Айта кетейік, қала толық салынып біткен соң 2 миллион халық қоныстанып, 1 миллионнан аса адам жұмыспен қамтылатын болады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Алматы облысы





