Құнарлы өлкеде биылғы жылы жалпы егістік жер көлемі 97 641 гектарды құрап отыр. Көктем мезгілінің кеш келгеніне қарамастан Сарқан ауданының диқандары техникаларын сайлап, алқаптарда бүгінгі күні жер жырту, тегістеу жұмыстарын аяқтап, себу жұмыстарына кірісіп кетті.
Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметінше, ағымдағы жылы өңірде 47 290 гектар дәнді дақылдар, 13 000 гектар күздік бидай, 26 000 гектар жаздық арпа, 2 200 гектар жүгері, 24 440 гектар майлы дақылдар, 980 гектар картоп, 660 гектар көкөніс, 20 204 гектар көпжылдық шөп, 633 гектар дәрілік шөп және 3 315 гектар қант қызылшасын себуді жоспарлауда. Осы орайда:
– Көктем айы басталысымен шаруаларда тыным жоқ. Жер жыртып, дән егіп, бел жазбай еңбек ететін кез. Біздің мақсат – мемлекеттік бағ-дарламалар арқылы қолдау таныту. Сондай-ақ, жыл сайын жерді тиімді игеру, ауыспалы егістікті қолдау арқылы жерді тозып кетуден сақтап, еккен дәннен мол өнім алу. Өткен жылы 1 млрд. 220 млн. теңгеге 69 дана әртүрлі ауылшаруашылық техникалары сатып алынды. Заман талабына сай алынған техникалардың арқасында көктемгі жырту, тегістеу, себу және күзгі жиын-терін жұмыстарын межесінен бұрын аяқтауға мол мүмкіндік бар, – дейді аудан әкімінің орынбасары Арман Тұрсынұлы.
Айта кетерлігі, көктемгі дала жұмыстарына сәуір айынан бері 700 тонна арзандатылған жанар-жағармайдың 182 тоннасы 168 теңгеден сатып алынды.
ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ





