Республика күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Талдықорған қаласындағы атшабарда қала әкімінің кубогы сарапқа салынған дүбірлі бәйге өтті. Қала әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған аламанға еліміздің әр өңірінен келген шабандоздар қатысып, сәйгүліктердің бабын, атбегілердің бапкерлік шеберлігін сынға салды.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатында Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жиналған жұртшылықты Республика күнімен құттықтап, шабандоздарға сәттілік тіледі. Шаһар басшысы ұлттық ат спортының ұрпақ сабақтастығын жалғаудағы маңызына тоқталып, бабадан жеткен бәйге дәстүрін дәріптеу елдік мұраттың бір парасы екенін атап өтті.
– Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау – баршамызға ортақ міндет. Бүгінгі бәйге халқымыздың төл өнерін дәріптеп, атбегілік дәстүрді жалғастыруға мүмкіндік береді. Ұлттық спортқа қолдау көрсету арқылы біз осы мұраны келер ұрпаққа аманаттаймыз. Барлық шабандозға сәттілік, ат иелеріне толайым табыс тілеймін! – деді Ернат Дүйсенбекұлы.
Ат дүбірі мен тақым қысқан жанкүйердің делебесін қоздырған жарыс төрт қашықтық бойынша өрбіді. Тай бәйгеде 6 шақырым, құнан бәйгеде 12 шақырым, топ бәйгеде 18 шақырым, ал аламан бәйгеде 27 шақырымдық межені бағындыру міндеті тұрды.
Жалпы бәйгеге 156 сәйгүлік қосылды. Оның ішінде тай бәйгеге 45, құнан бәйгеге 35, топ бәйгеге 36, аламан бәйгеге 40 ат қатысты. Додаға тігілген жалпы жүлде қоры 15 миллион теңгені құрады. Жарыстың демеушілері – «Қайнар АКБ», «Ас Құрылыс», «Status Haus» және «Азия Энерго Проект Монтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
Қашықтық ұзарған сайын бәйгенің бәсі де арта түсті. Алты шақырымдық тай жарысында Қаратал ауданының намысын қорғаған Хамза Амангелді мәреге өзгелерден бұрын жетіп, топ жарды. Ат иесі – Арыстан Нұрланұлы. Екінші орынды Қаратал ауданы Қаражиде ауылының өкілі Дәулетқажы Жеткерген иеленсе, үшінші орын Көксу ауданынан келген Арнұр Алмасұлына бұйырды. Олардың сәйгүліктері Еділ Рыскулов пен Мұратбай Культиновқа тиесілі.
Он екі шақырымдық құнан бәйгеде Талдықорған қаласының өкілі Айсұлтан Саматұлының бағы жанып, 1-орынды жеңіп алды. Екінші орынға Бақытбек Жоламан табан тіресе, Алматы облысы Балқаш ауданынан келген Жарқын Рамазан үшінші болып келді. Алғашқы екі сәйгүліктің иесі – «Мадина» шаруа қожалығы, үшінші жүйріктің иесі – Қасым Алтынбай.
Он сегіз шақырымдық топ бәйгеде Өскемен қаласынан келген Исламнұр Ертөс мәреге бірінші болып жетті. Сәйгүліктің иесі – Мақсат Төкенов. Осы қаланың тағы бір өкілі Төрехан Бейбарыс 2-орынды еншілесе, 3-орын Семей қаласынан қатысқан Жарқын Рамазанға бұйырды. Оның сәйгүлігінің иесі – Әсет Заңғар.
Топ бәйгеде топ жарған өскемендік Исламнұр Ертөс өз қуанышымен бөлісіп, еңбегінің ақталғаны жөнінде:
– Мұндай дүбірлі додада жүйріктің бабын танытып, сөреге бірінші жету – шабандозға да, атбегіге де үлкен мәртебе. Жеңіске жету жолында сәйгүліктің дайындығы мен төзімі, бапкердің еңбегі айрықша маңызды. Ұлттық спортымыздың өрісін кеңейтіп, осындай жарыстарды ұйымдастырып жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғап, биік белестерді бағындыруға ниеттімін, – деді Исламнұр Ертөс.
Ал 27 шақырымдық аламан бәйге нағыз төзім мен жүйріктік сыналған тартысты додаға айналды. Ұзақ қашықтықта Балқаш ауданынан келген Айсұлтан Саматұлының сәйгүлігі алдына қара салмай, сөреге бірінші жетті. Жеңімпаз аттың иесі – Сапарғали Сәтпаев. Жамбыл облысы, Қордай ауданынан келген Алмазхан Базарбеков екінші орынға тұрақтаса, Алматы облысы, Ұзынағаш ауылының өкілі Темірлан Айдарханов үшінші орынды иеленді. Олар мінген ат иелері – Ардақ Иманқұлов пен Ерсұлтан Серіков.
Осылайша, Талдықорған төріндегі дүбірлі бәйге ұлттық спорттың мерейін асырып, атбегілік өнердің қадірін тағы бір мәрте айшықтады. Жүйріктің алдын болжаған бапкердің еңбегі мен тақымында құдіреті бар шабандоздың шеберлігі тоғысқан додада жеңіс тұғырынан көрінгендер де, бәйгеге қосқан сәйгүлігін баптағандар да құрметке бөленді.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





