ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтіп, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы талқыланды. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
Тақырыпқа қатысты баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, аймақтарда заманауи үлгідегі 20 медициналық орталық және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпсалалы емхана салынады. Сондай-ақ, барлық аудан орталықтарындағы аудандық ауруханалар компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен, перзентханалар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен, құрылғылармен қамтамасыз етіледі.
Одан бөлек, ауылдық округтерде фельдшерлік-акушерлік орталықтар, медициналық пункттер және дәрігерлік амбулаториялар ашу көзделген. Баяндамашының айтуынша, жоспарланған жобалардың бәрі де сметалық-жобалық құжаттамасын дайындау кезеңінде қалып отыр.
Осыған байланысты әрбір облыстарға қатысты мәліметтерді сұрастырған Үкімет басшысы Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрін сұрақтың астына алып, жобаланған жұмыстардың өз деңгейінде жүрмей жатқандығы келісімнің мерзімінде орындалмауынан екендігін ескертіп, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттер кешікпеуі тиістігін алға тартты.
Тақырыпқа қатысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты сұраққа алған Премьер-Министр Жетісу жерінде салынуы тиіс емханалар мен ауруханалардың жайын сұрап білді.
– Жетісу жеріндегі 742 елді мекеннің 616-да қажетті медициналық мекемелер бар. Қалғандарын біз сараптап шығып, 49 ауылдың тұрғыны аз болғандықтан емхана қажет еместігін анықтадық. Ал, 24 елді мекеннің орталықта орналасқан ауруханадан ұзақтығы 5 шақырымға жетпейді. Енді қалған 43 елді мекенді жылдарға бөліп отырмыз. Мысалы, былтыр біз 11 емхананы жаңадан салып, 7 аурухананы күрделі жөндеуден өткіздік. Биыл тағы да осынша нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен қаржы бөліп отырмыз. Жаңадан құрылыс жүргізуден бөлек модульді емханалар құрастыру бойынша зауытпен келісім жасастық. Оған жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге қарастырдық. Соған байланысты Жетісу жерінде жоспарланған жобаларды 2023 жылға жеткізбей аяқтасақ деген ойымыз бар, – деген Амандық Ғаббасұлы межеленген міндеттерді мерзімінде орындауға уәде берді.
Селекторлық режимдегі жиын аяқталған соң облыс әкімі орынбасарларына, облыстық басқармалардың басшыларына айтылған уәдені мүлтіксіз орындауға қатысты тапсырма берді.
Мәди АЛЖАНБАЙ
Алматы облысы





