Атақты «Rollton» және «Bigbon» өнімдерімен танымал «Маревен Фуд Тянь-Шань» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде өздерінің өндірістерін кеңейтуде. Осыған байланысты қазір сусындарды құю зауыты мен қойманың құрылысы жүріп жатыр. Ал оны жыл соңына қарай пайдалануға беру көзделіп отыр. Элеватор мен ұн тарту зауытының құрылысын жүргізу де жоспарда бар. Бұл туралы облыс әкімі Амандық БАТАЛОВПЕН өткен ресми басқосуда аталмыш компания өкілдері айтты. Облыс әкімдігі мен аталмыш компания басшылықтарының кездесуі соңында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Ресми кездесуді облыс әкімі Амандық Баталов ашып, сөзді «Маревен Фуд Тянь-Шань» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бернард Вавржинге берді. Бернард Вадимович алдымен өздерін жылы қабақпен қарсы алған аймақ басшысына айрықша алғысын жеткізді. Бұдан соң қонақтар келудегі басты мақсат-міндеттерін түсіндіріп, жоба-жоспарларымен таныстырды. Ақпарат беру барысында компания жайлы жан-жақты әңгімеленді. Соның ішінде зауыттың құрылуы туралы мәлімет беріліп, инвестициялық мүмкіндіктері мен кәсіпорында бүгінде шығарылып жатқан өнім түрлері сөз болды. Экономикалық көрсеткіштері мен салық төлемдері, табыстары, бюджетке түсіп жатқан түсімдері туралы да егжей-тегжейлі айтылды. Сондай-ақ, компания басшылығы аталған зауыттың кеңейтіліп жатқан құрылысына қатысты өздерін толғандырып отырған проблемалық мәселелердің де бар екенін алға тартты. Осы тұрғыда облыс әкімі оның оң шешімін табу жолдарын қарастырып, мұндай жағдайда инвесторларға әрдайым қол ұшын беретінін жеткізді.
Белгілі болғандай, Қапшағай қаласындағы «Арна» индустриалды аймағынан орын тепкен бұл кәсіпорын елдегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Біртіндеп бес желі іске қосылған. Нәтижесінде қазір бұл жерде танымал «Роллтон», «Бигбон» және «Петра» брендтерімен кеспе, макарон, сорпа, картоп пюресі мен сусындар және чипсы сияқты тағамдардың алпыс бес түрі шығарылады. «Роллтон» макарон өнімдері итальяндық технологияны қолдана отырып жасалады. Осы кезеңде аталған зауытты іске қосудың нәтижесінде аймақ экономикасына 45 миллион АҚШ доллары тартылып, 600-ден аса жұмыс орны құрылған. Жылына кәсіпорында 85 мың тоннадан аса жылдам әзірленетін дайын өнімдер өндіріледі.
Азық-түлік түрлеріне қатысты ойын білдірген Амандық Ғаббасұлы қазақтың ұлттық асы етке арналған дәмді жайма нан шығарудың маңызды екенін компания өкілдерінің назарына салып, бұған айрықша көңіл бөлулері тиіс екенін баса айтты. Әкім сөзіне құлақ асқан ресми қонақтар бұл туралы жоспарларының бар екенін және оның технологиясына зерттеу жүргізгендерін, алдағы уақытта оны міндетті түрде жүзеге асыруға тырысатындарын жеткізді.
Дайын өнімдерді шетелдерге экспорттау мәселесі де сөз болды. Зауыттан шығарылған дайын өнімдер Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан сияқты басқа да елдерге экспортталады. Қазіргі таңда экспорт деңгейі 70 пайызға жуықтаған. Кәсіпорынды автоматтандыру дәрежесі 85 пайыздан асқан.
«Біз бұрындары көбіне астықты шикізат күйінде шет мемлекеттерге жіберетінбіз. Ал сіздердің өндіріп отырған өнімдеріңіз негізінен бидайдан жасалады. Сондықтан, біз ұннан жасалатын өнімдерді «Қазақстанда жасалған» деген брендпен экспортқа шығаруымыз керек. Бұған ерекше мән беруге тиіспіз. Әзірге майбұршақ бойынша сіздердің атқарып отырған жұмыстарыңыз сияқты дәрежеге қол жеткізе алмаудамыз. Ал сіздер осы бағытта жақсы үлгі- өнеге көрсетудесіздер, сол арқылы аймақтың да дәрежесі өсуде», – деді Амандық Ғаббасұлы.
Бүгінгі таңда кәсіпорында Германия, Швейцария, Испания және жапониялық заманауи желілер орнатылған. Сонымен бірге кәсіпорында қалдықтар бөлек жиналады. Қызметкерлерге біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін оқыту жүйесі де бар. Өндіріс ошағында қазір төрт жүзден аса адам еңбек етеді.
Айта кетейік, қазір облыста ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 373 кәсіпорын бар. Өткен жылдың соңына қарай барлығы 8 пайыздық өсіммен 281,2 млрд. теңге көлемінде тамақ өнімдері өндірілді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





