Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшылығы қоғам белсенділерімен кездесу өткізіп, мемлекеттік қызмет және мемлекеттік қызмет көрсету саласын бақылау жұмыстарының 2020 жылғы қорытындысын паш етті. «Дөңгелек үстел» форматында өткен екі бөлімді жиынның алғашқысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айқындалған мемлекет басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру, мемлекеттік органдар қызметін цифрландыру мәселелері және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде атқарылған шаралар таныстырылды. Тақырыпқа қатысты баяндама жасаған департамент басшысы Ләззат Бейсеқұлова жетістік пен көрсеткішті салмақтады.
Баяндамашының айтуынша, бүгінде Жетісу жерінде қызмет атқарып жатқан 780 мемлекеттік органдағы 7760 штаттық орында 7081 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олардың 55 пайызын әйелдер, 45 пайызын ерлер құрайды. Мемлекеттік қызметшілердің орта жасы 39 жас, мемлекеттік қызметтегі орта еңбек өтілі 10 жыл.
– 2020 жыл елімізге оңай болған жоқ, пандемия өмірімізге талай өзгерістерді енгізді. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару саласында да болды. Енгізілген карантиндік іс-шараларға байланысты мемлекеттік қызметшілер қашықтан жұмыс жасауды үйренді, – деген Ләззат Мұқатайқызы былтырғы жылдың көпшілік үшін ауыр болғанын атап өтті. – Мемлекеттік қызмет жүйесінде бірінші кезекте пандемия жағдайында мемлекеттік органдардың үздіксіз жұмыс жасауы үшін мемлекеттік лауазымдарға орналасу тәртібін бейімдеу қажет болды. Осылайша, Төтенше жағдай жарияланған кезде, мемлекеттік органдарға жекелеген басшылық лауазымдарға конкурстан тыс тағайындауларға уақытша мүмкіндік берілді. Мысалы, облыс көлемінде төтенше жағдай кезінде 6 басшы тағайындалды, оның біреуі мемлекеттік қызметші, бесеуі мемлекеттік қызметші саналмайды.
Сондай-ақ, былтыр мемлекеттік қызметке қабылдау конкурсы қашықтан өткізіліп, үміткерлер құжаттарының электронды нұсқасы қабылданыпты. Қажетті құжаттар саны 8-ден 3 құжатқа азайтылып, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және білім салаларына қызметке қабылдау конкурсының мерзімі 22 күннен 4 күнге қысқартылған. Былтыр ішкі конкурспен тағайындалған 323 мемлекеттік қызметшінің 235-і мансапта ілгерілеп, жоғары лауазымға тағайындалды. Сонымен қатар, өткен жылы мамандар біліктілігін арттыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылып, жасы жеткен мемлекеттік қызметкерлер зейнетке шығарылған. Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдардағы 1061 лауазым қысқартылып жатыр. Мысалы, биыл жыл соңына дейін 1061 лауазым қысқартылуы тиіс. Қазірдің өзінде штаттық бірлік 25 пайызға қысқартылды. Еңбек кодексі бойынша аяғы ауыр әйелдер, жасы 3-ке толмаған балалары бар аналар, баласы 14-ке толмаған немесе мүгедек баласы бар жалғызбасты аналар, зейнеткерлікке шығуына 2 жыл қалған мамандар қысқартуға жатпайды.
Жиында мемлекеттік қызметкер жалақысының мөлшері, мемлекеттік басқару жүйесін жоғары білімді, білікті жас мамандармен толықтыру, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру, қолайлы еңбек жағдайымен қамтамасыз ету, тұрғын үймен қамту, тегін жер телімін беру, мемлекеттік қызметшілер мен отбасы мүшелеріне медициналық қызмет көрсету, «Дипломмен ауылға» жобасымен 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу және 1500 АЕК мөлшерінде тұрғын үйге бюджеттік кредит беру сынды мәселелер қаралды. 2018 жылдан бастап І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті жанында болашақ мемлекеттік қызметшілерді дайындайтын «Жетісу» мемлекеттік қызмет мектебі жұмыс жасап жатқаны да айтылды. Қосымша білім алып жатқан студенттердің арасында болашағын айқындап, мемлекеттік қызметші атанған жастар бар. Сонымен қатар, қазір мемлекеттік қызметшілер мейрамхана мен дүкенге, базарға қызметтік автокөлікпен бара бермейді. Себебі, қызметтік көлікпен бір жаққа шығар алдында әбден ойланады, елдің көзіне түсіп қалудан сақтанады. Мұндай оң нәтижеге қоғам белсенділерінің ұстанымы мен департаменттің алдын алу жұмысының арқасында қол жеткізіліпті. Соған қарап, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының дұрыс іске асырылғанын байқауға болады.
Дегенмен, мемлекеттік қызмет саласында әлі де «әттеген-ай» дейтін жайттар кездесіп қалады. Былтырғы мониторинг нәтижесі бойынша облыстық мемлекеттік органдар қызметкерлеріне қатысты теріс сипаттағы 37 материалдың 16-сы расталған. Олардың бәрі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Мемлекеттік қызметшілердің сыйлық алмауы тиіс екендігі ескертілген жиын аясында облыстың барлық ауылдық округтеріне «Сервистік әкімдіктер» құру керектігі, облыстық департамент бастамасымен республикада алғаш рет «Egov жаршысы» жобасы қолға алынғаны, департамент жанынан құрылған Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының жұмысы тұрақты жүретіні, сондай талдау топтары былтыр 115 қоғамдық бақылау шараларын өткізіп, қызмет көрсетушілерге берген 400-ден астам ұсыныстың бәрі орындалғаны айтылды. Жиынның екінші бөлімінде «Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің директоры Роза Ақжаркенова, блогер Қайрат Әбдірахманов, қоғам белсендісі Қайрат Нұрқанов кезекпен сөз алып, өздерін толғандырған мәселелерді талқыға салды. Олар қойған сұрақтарға І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жастар саясаты жөніндегі проректоры Болат Сериев, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы облыстық филиалының директоры Қазбек Шакишев жауап беріп, өзекті мәселелерді жан-жақты түсіндіріп берді.
Жиын соңында сөз алған облыстық «Jetisy» газетінің бас редакторы Әміре Әрін:
– Жұмыс қарқынды жүргенімен «баяғы жартас – сол жартас» дейтіндей күйге түсіп отырмыз. Сол жемқорлық, сол тәртіп бұзушылық, сол баяғы ауа жайылып, бетімен кетушілік толастамай, жалғасып келеді. Соны болдырмау үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қолдан келгеннің бәрін жасап отыр, – деп мәселенің тереңде жатқанын ұғындырды. – Ең алдымен, өзінің қолы таза, ары таза. Сондықтан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын бастама ретінде көтерді. Өзі сол бастаманы бірінші болып орындап отыр. Қазір әлеуметтік желілерді қарасаңыздар, қандай да бір кемшілік не трагедия орын алса: «Президентке айтыңыздар! Қасым-Жомарт Кемелұлы естіп пе екен?! Естісе шара қолданар еді ғой» деген халықтық сенім пайда болғанын байқау қиын емес. Бұл, ағайындар, үлкен дүние. Біз осыны ұтымды пайдалануымыз керек. Өйткені, ол кісі қазір бүкіл саяси жүйені жетілдіріп, қоғамдық институттарға мүмкіндік беріп отыр. Мұндағы жастардың көбі қоғамдық белсенділердің қатарына жатады. Осының бәрі мемлекеттік жүйенің буынын бекітіп, халықтың сөзін сөйлейтіндерді жақын тарту мақсатынан туындаған. Егер ұлттық құндылықтарды қадірлейтін иманды кадрларды мемлекеттік қызметке көптеп қабылдауды қолға алмасақ парақорлық пен сыбайлас жемқорлық, заң бұзушылық, тәртіпсіздік толастамайды. Мемлекеттік қызметке алған кезде ең алдымен адамның бойындағы асыл құндылықтарды, адамдық болмысын ескеру керек. Абай Құнанбайұлы: «Жүректе айна болмаса, сөз болмайды өңгесі» дейді. Жүрегінде айнасы болмаса, жақсы-жаманды айыра білмесе, жүрегі мейірімді болып, жанындағы әріптестерімен, халықпен жылы сөйлесе алмаса халықшыл, мемлекетшіл қызметкер шықпайды. Көп тіл білсе де, үш-төрт дипломы болса да талай шенеунік кетті ғой. Бірінші Президентіміз қызмет берді, екінші Президентіміз қызмет берді, миллиардтап халықтың аузындағысын жырып алып кетті. Соларды білімсіз дей алмайсыз. Бәрі білімді, жетпейтіні тәртіп. Әл-Фараби бабамыз: «Тәртіпсіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді. Сондықтан осыған қатты көңіл бөлу керек.
Мәди АЛЖАНБАЙ




