Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ «Самұрық-Энерго» АҚ басқармасының өкілдерімен кездесті. Басқосуда аталған басқарманың Алматы қаласы мен Жетісу жерінде атқарған қызметі жөнінде баяндалып, алдағы жоба-жоспарлары талқыланды. Сондай-ақ, энергия тапшылығын жою, облыс аумағындағы жаңартылатын энергия шығаратын нысандардың жобасы пысықталды.
Амандық Ғаббасұлы алдымен «Самұрық-Энерго» АҚ басқармасы мамандарын қабылдай отырып, олардың халықты электр жарығымен қамтамасыз ету бағытында атқарып отырған істеріне оң бағасын берді және олардың жұмысының бүгінде қарқынды іске асырылып келе жатқанын айрықша атап өтті. Бұдан соң басқарма мамандары облысқа келудегі басты мақсат-міндеттерін түсіндіріп, алдағы жоба-жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Жоламанов «Самұрық-Энерго» инвестиция салу жағынан және ірі салық төлеуші ретінде облыстың сенімді серіктесі екенін атап өтті. Елбасының тапсырмаларына және Президенттің алға қойған міндеттеріне сәйкес компания тұтас елімізбен қатар облыс аумағында да бірқатар ірі жобаларды қолға алуға ниетті. Жобалар мен оларға қатысты әкімдік тарапынан қолдауды қажетсінетін мәселелер жайлы Жобалық кеңсе жетекшісі Аңсар Айдаров баяндады.
Жиын барысында ол жұртшылықты электр жарығымен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған «Алатау Жарық компаниясы» АҚ, «Мойнақ ГЭС» АҚ, «АлЭС» АҚ, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС, «Samruk Energy» ЖШС, «Жетісу энергиясы» ЖШС тарапынан іске асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, қысқаша мәлімет берді. Энергетикадағы цифрландырудың кеңейтіліп жатқаны да сөз болды.
– Алдағы 10 жылда Қазақстанда 10 мың МВт шамасында электр энергиясының тапшылығы туындауы мүмкін екені болжанып отыр. Бұл ретте Алматы облысы біз үшін – ең маңызды өңір. Өйткені Алматы облысында электр өндіруге, соның ішінде жел, күн, су көздерін пайдалануға табиғи мүмкіндіктер көп. Сондықтан, бүгін бірқатар жобаларымызды таныстырып, әкімдік тарапынан көмек қажет болатын мәселелерді жеткізсек дейміз. Біз Іле ауданында орналасқан «ТЭЦ-3» кәсіпорнын табиғи газға ауыстыру мәселесі бойынша Алматы қаласымен бірлесіп жұмыс тобын құрдық. Осы топқа арнайы мамандарыңызды енгізіп, ТЭН, Техникалық тапсырма сияқты құжаттардың әзірленуін бірлесіп атқарсақ деген ниетіміз бар. Биыл Еңбекшіқазақ ауданында қуаты 60 МВт болатын жел электр стансысын іске қосуға дайындалып жатырмыз. Кейін оның қуатын 300 МВт дейін арттыру да ойластырылған, – деді Аңсар Айдаров.
«Самұрық-Энерго» АҚ өкілі Шелек өзенінде ГЭС 29 құрылысына да дайындық жұмыстары жүріп жатқанын тілге тиек етті. Сол сияқты Шелек энерготорабы желісін дамыту жобасын, «Қаскелең» 220 кВ ҚС 110кВ Ашық тарату құрылғысына қосылатын 110/10 кВ «Көкөзек» қосалқы стансысының және Іле өзенінде қайта реттегіш «Кербұлақ» ГЭС-інің құрылыстарын жүргізуге облыс әкімдігінің жер телімдерін қарастыруға көмегі қажет екенін айтты.
– Алматы облысының жаңартылатын энергия көздерін дамытуға мүмкіндігі мол. Мен екі-үш күн бұрын Үкімет отырысында осы тақырыпта хабарлама жасадым. Бүгін, міне, сол мәселені талқылауды өздеріңізбен жалғастырып отырмыз. Келгендеріңізге қуаныштымын. Энергия бар жерде тіршілік бар, өмір бар. Сондықтан бұл мәселе қашанда маңызды. Бұл тұрғыда біздің де өз жоспарларымыз бар. Талдықорғанда ТЭЦ салу жобасы қазір қарастырылып жатыр. Өйткені қаладағы «Басқуат» жылыту қазандығы техникалық жағынан тозған, үлкен жүктемені көтеруге қауқары шамалы. Соған байланысты ТЭЦ жобасы болашақта мықты өндіруші мекеме болады деп ойлаймыз. Одан өзге күн, жел, су электр энергиясын шығару жобалары да бар. Біздің өңірдегі «Қорғас» арнайы экономикалық аймағы қарқынды даму нүктесі саналады. Осы аумақта электр энергиясының жетіспеушілігі бар. Сол тапшылықты болдырмауды бірлесіп ойластырсақ дұрыс болар еді, сіздерге өз тарапымыздан көмек көрсетуге әзірміз. Жаңағы айтып өткен жобаларыңыз бойынша да біз аудандармен жұмыс істейміз, мәселелер шешімін табады, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Соңында облыс әкімі жиында қаралған мәселелерге қатысты ой қорытып, салаға жауапты лауазымды тұлғаларға тапсырма берді және бұл жұмысты тағы бір мәрте пысықтауды міндеттеді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





