Талдықорған: +27°C
$ 488.59
€ 564.37
₽ 6.79
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

БАУКЕҢНІҢ БАТАСЫ

27.01.2021
КҮЛТӨБЕ
БАУКЕҢНІҢ БАТАСЫ
WhatsAppTelegramFacebook

«ЖАРАТЫЛЫС ЗАҢЫН ӨЗГЕРТЕР МЕНДЕ ҚҰДІРЕТ ЖОҚ»

Ас бөлмеде Баукең екеуіміз-ақ. Құйып берген бір кесе қымызды әрең тауысып, орнынан жайлап тұрды. Ілби басып, ұйықтайтын бөлмесіндегі төсегіне қисайды. Мен қарсысындағы орындыққа жайғастым.
– Сөзімді бөлмей тыңда. Сұрағың болса кейін берерсің, – деп Баукең төсегінде шалқасынан жатқан күйі сөйледі. – Жас күнімнен жеке басымның еркіндігін ғана емес, өзгелердің де еркіндігін сыйлап өстім. Ешкімге ешуақытта жаманшылық істеген, істемек түгілі ойлаған емеспін. Майдалардың өсекшілері, даналардың жаулары көп болатынын ерте білдім. Жау мен өсекші екі басқа. Нағыз ақыл-парасаты қарсыласынан кем емес, түйсік-түсінігі жоғары жандар жаулық жасай алады. Өсекшілер тасадан тас атады. Мен олардың ешқайсысымен жауласпадым, жауласуды өзіме лайықсыз, намыс көрдім. Барлық уақытта әділет жолынан айнымай, еркін болуға талпындым.

Адам еркін болу үшін ешкімнен қорықпау, жамандыққа бармау, өтірік айтпау, дүниеқоңыз болмауы керек. Сол жолда күрескен күндерім мен жылдарым маған қымбат. «Өмір өткінші, уақытың бар, ойлағаныңды жүзеге асырып қал» деп өзімді өзім қайраған қайран жастық шағым енді оралмайды.

Мен бүгін қартайдым. Алда жүз жыл өмір сүрсем де қолымнан түк келмейді. Себебі, көзім жөнді көрмейді, құлағым жақсы естімейді. Кейінгі кезде шақырған жерге бармайтын болдым. Әнеукүні жеңгеңнің туыстары келіп, маған өкпелеп кетті.
– Сен соншама кімсің? Бас асып, батаңды бер деп шақырамыз. Шақырғанға келмейтін қандай ақымақсың? – деді.
 – Өкпе, наз екеуі екі басқа. Сен менің кемшілігімді бетіме баспа. Ертең-ақ құмға араласасың, – деп едім, сасып қалып:
 – Менде біреуді кемсітем деген ой жоқ, – деді.
 – Ондай ойың жоқ болса, бұдан бір жыл бұрын сендерге соқыр, саңырау адамның батасы қабыл болмайды деп айтқан жоқпын ба? Себебін талдап түсіндірмедім бе? Бұдан былай мені үйлеріңе шақырмаңдар, сөйлетпеңдер. 
Көзім көрмейді, құлағым естімейді, мен қалай сөйлеймін? Бұрындары ауыздарыңды қимылдатқанда беттеріңе қарап, өз ой-пікірін, әлде жұрттан естігенін, не кітаптан жаттап алғанын айтып отыр ма деп әсер-сезімдеріңді, көңіл күйлеріңді байқайтынмын. Дауыстарыңнан жан дүниелеріңді түсінетінмін. Қайсыбіріңнің әлдекім итермелеп сөйлеткендей беталды лағып, дәмсіз, мәнсіз оттағандарыңа төзе алмай:
 – Осы арадан нүкте қой. Өз-өзіңді қинап қайтесің, – дейтінмін. Рас па, өтірік пе?
 – Рас.
 – Неге олай дейтінімді білесіңдер ме?
 – Білмейміз.
 – Қалай білмейсіңдер? Көбік, жаттанды сөзді көбейткеннен не ұтасыңдар? Мақтағандарыңның біреуі шындыққа сәйкес келмейді. Сендер мені дәріптемеңдер, дәріптейсіңдер ме, дұрыстап дәріптеңдер. Кейде адамды боқтағаннан да жаман халге түсіресіңдер. Айтыңдаршы, қайсыларыңнан мені мақта деп сұрандым. Сендердің өтірік айтатындарыңды білем. Өтірік айту себептерің, өмірді түсінбейсіңдер. Әйтеуір бір нәрсе айтуымыз керек қой деп ауыздарыңа не келсе, соны оттайсыңдар. Ондайды өте жек көретін адаммын. Сондықтан мен отырған жерде тыныстарың тарылып, дыбыстарың шықпайды. Енді араларыңда жоқпын, қуаныңдар.
 – Бауке, біз сізді ұстаз тұтамыз.
 – Өтірік айтпа. Ұстаз деген не сөз?
 Оның үні шықпай қалды.
 – Көрдің бе, ол сөздің мағынасын білмейсің. Өкпелесең өкпеле, мен туысыңның үйіне барып, бата бере алмаймын. Баланың әке-шешесін, қыздың әке-шешесін білем. Олардан пай-пай дейтін адам шықпайды. Мұны мен айтты деп есептемеңдер, – дедім. Олар бұлқынып, жұлқынып үйден шығып кетті. 
Баукең оң жамбасына аунап жатып: 
 – Бұл сөзім кімге ұнайды? Саған ұнай ма?
 – Ұнамайды.
 – Басқаға ше?
 – Басқаға да ұнамайды.
 – Адамдар бір-біріне өтірік көпшік қойып, бір-бірін өтірік мақтап жүріп жатыр. Бұл да жаратылыс заңы. Жаратылыс заңын өзгертер менде құдірет жоқ…
 Баукең шаршадым, сау бол дегендей көзін жұмды. Мен аяғымды ұшынан басып, бөлмеден шықтым.

 «АРСЫЗДЫ АРЛЫ ЕТЕ АЛМАЙСЫҢ»

– Маған қатты ашуландыңыз ба?
 – Қатты ашуландым. Өзіңмен төбелесуге де бармын. Тамақтанып алдың ба?
 – Тамақтанып алдым.
 – Сағатыңа қара. Он минут уақытың бар ма?
 – Бар.
 – Он минут өтісімен телефон құлағын жауып таста. Менің саған ашуымның келгені сондай, егер қасымда болғаныңда «жастықтың аяғы, кәріліктің ортасы» деп бас салып жағаңа жармасар едім. Алжыған шал-ау, неге сонша ашуландың демейсің бе?
 – Неге сонша ашуландыңыз?
 – Журналист, жазушы ретінде, адам ретінде сендердің ойлану қабілеттерің нашар. Сендер өз беттеріңше ойланудан қалғансыңдар. Қалған себептерің – өздеріңді өздерің менсінбейсіңдер, өздеріңнің ұлыларыңды ешуақытта мысал ретінде айтпайсыңдар. Хатшыңнан бастап басқа бір елдің, Еуропаның, Американың, Бразилияның, Италияның, тағы басқалардың данышпаны былай депті, олай депті деп оттайсыңдар. Неге қазақтың даналарының даналығын айтып, қандарыңа сіңірмейсіңдер? Осы ақылсыздықтарыңа өкініп:
 – Ойпырмай, мынау біздің үлкен қателігіміз екен-ау. Өз халқымыздың данышпандарын ұмытқанымыз қалай? Әр халықтың өзінің ұлылығы, әр халықтың өзінің даналары болатынын ескермегеніміз дұрыс па деп ойланатын кездерің бар ма?
 Мен үндемедім.
 – Сағатыңа қара. Он минут өтті ме?
 – Сегіз минут өтті.
 – Тағы бір ақымақшылықтарың – біздің қазақ ұлы деп көкіректеріңді ұрасыңдар. Білсеңдер, бұл қазақты басқаларға ақымақ етіп көрсететін нәрсе. Ұлы екеніңді сөзбен емес, іспен дәлелде. 
 Мойындауымыз керек, әр ұлттың өзінің даналары да, есерсоқтары да бар. Олар қазақта да, басқаларда да болуға тиіс. Ол заңды нәрсе. Оның бәрі адамның миының қалай жұмыс істеуіне байланысты. Мысалы, менің білгенімді ол білмесе: «Ой, мынау ақымақ екен» дегенім дұрыс па? Кейбіреулер: «Ой, бұл есерсоқ, дым білмейді» дейді. Ол ақымақ емес, оның миының дамуы, қабілеті өзінің тегіне сәйкес. 
 – Өскен ортасына да байланысты ғой. 
 – Өскен ортасы емес. Өскен орта – итті үйреткендей ғана нәрсе. Адамның жеке ой-пікірі ақыл-парасатына байланысты. Қытайдың: «Кілең иттің ортасындағы жолбарыс ит болады, кілең жолбарыстың ортасындағы ит жолбарыс болады» деген мақалы бар. Бұл жалпы түсінік. Өйткені, ит жолбарыстың, жолбарыс иттің әдетіне ғана үйренеді. Үйренгенімен ит ит, жолбарыс жолбарыс күйінде қалады, тек олардың ішіп-жеуі, жүруі, үруі – бәрі айналасындағыларға ұқсаңқырайды. Екеуінің де бойында өздерінің иттік, жолбарыстық қасиеті сақталады. Бұған қазақтың «Қаздан қаз туады қаңқылдаған, қарғадан қарға туады боқ шұқыған» деген мақалы нақты дәлел. Қазды қанша жамандасаң да қарға болмайды, қарғаны қанша мақтасаң да қаз болмайды.
 Бізде мұны түсінетін таланттар аз. Нағыз таланттар таланттарды, ғұламалар ғұламаларды түсінеді, қолдап, мақтан етеді. Талантсыздар таланттыларды көре алмайды. Ол өмірдің заңдылығы. Оларды: «Ой, мынаның іші тар, ақымақ екен» деп айыптауға болмайды. Өз басым ешкімді кінәламаймын. Өйткені әркімнің миы, қабілеті тегіне сай ғана. Мысалы, сен мәдениетті «қаңғыбас» болдың. Әртүрлі адамдармен кездестің. «Мен жаман болайын, сөзім, не ісім жаман болсын» деген бір адамды көрдің бе?
 – Көргем жоқ.
 – Дұрыс. Алайда олардан елге келер жақсылық жоқ. Неге? Себебі, олардың жаратылысы, тегі сондай. Менің адам баласына өкпелемейтінім содан. Мен ешкімге, қатын-бала-шағама дейін өкпелемеймін. Себебі, әркімнің түйсік-түсінігі әртүрлі. Арсызды таяқпен ұрсаң да, төбесіне бал құйсаң да арлы ете алмайсың.
 Абайдың өлеңінде «алтын артқан бір есек» деген сөз бар. Есек – есек. Оның үстіне қанша алтын артсаң да ол өз қасиетін жоғалтпайды, есек болдым деп өкінбейді.
 Біраз дәріс оқып, тыныш жатқан миыңды ашыттым ба? Енді телефон құлағын жап. Аман-сау бол.
 – Сау болыңыз.

«ТӘТТІ ӨМІРДІҢ ҚАДІРІН БІЛЕЙІК»

– Баукеңнің соғыста жұмсаған қайраты өз алдына, бейбіт күндердегі шовинистермен арпалысының өзі жүйке жұқартады. Соның біріне назар аударалық. Жазушы Александр Бектің досы Анатолий Рыбаков кезінде: «Бек бүкіл әлемге даңқын шығарған Момышұлы енді оның қас жауына айналды. Ол «Арпалысты» («Волоколам тас жолын») бірлесіп жаздық деп есептеді. Ол сарапшылар мен сол сияқты дүниелер арқылы Бекті титықтатып болды, бұл жазушының уақытын алып, жанын жегідей жеді», – деп жазса, Бектің қызы Татьяна: «Момышұлы көркем жиынтық образдың шынайы прототипі, әңгіме соның – қазақ полковнигінің атынан баяндалады. Ол өзін осы кітаптың бірлескен авторымын деп есептеген. Ол әкемнің әдеби жетістігін қызғанды. Неліктен оның өз шығармалары («Москва үшін шайқас», «Офицер күнделігі», «Майдандағы кездесулер» және басқалары) оқырман көңілінен орын алмайтынын түсінбеді», – деп жазды. 

Дау «Казахфильм» студиясының Александр Бектің «Волоколам тас жолы» повесі бойынша «Ел басына күн туғанда» фильмін түсіру барысында өршіді. Нәтижесінде Бек сценарийінен бас тартқан соң фильм Бауыржан Момышұлының кітабы мен оның материалдары негізінде түсірілді. Оны Бек одақтық экранға шығартпауға барынша әрекеттенді. Киношыларды плагиаттық жасады деп кінәлады.

«Госкино» фильмді қабылдап алғанымен тірі адам туралы түсірілген деген сылтаумен экрандарға шығармауды ұйғарады. Қазақ ССР Мәдениет министрі Ілияс Омаров Бауыржаннан фильмді түсірушілерге көмектесуді өтінеді. Алғаш Баукең келіспейді. Олжас Сүлейменовтен фильмнің экранға шығу, шықпау тағдыры Совет одағы «Госкино» директорының орынбасары Владимир Баскаковтың құзырында дегенді естіп, соған жолығуды ұйғарады. Алайда оның кабинетіне кіре алмай тіке «Госкино» директоры Алексей Романовтың өзіне барады. Біраз сөйлескен соң:
 – Сіз менің пистолет сатып алуыма көмектесіңіз, – дейді Баукең.
 – Оны қайтесіз? 
 – Асылып өлгенім сіздерге де, өзіме де абырой емес әрі ол офицерлік ар-намысыма нұқсан. Сондықтан мен атылып өлгенді қаладым. Сүйегімді іздеп әуре болмай, «Москва» қонақүйінің 720-шы нөмірінен табасыздар. 
– Бауыржан, бұл қай сөзіңіз? Менің үрейімді ұшырдыңыз ғой. 
– Үрейіңіздің ұшқанына мен кінәлі емеспін. Сіздің орынбасарыңыз Владимир Баскаков көзі тірі адам жайлы фильмді экранға шығаруға тыйым салыпты. Ол менің өлуімді тілеп жүрген көрінеді, ендеше мен өлейін. Сонда оның ойы іске асады, мемлекет ақшасы да желге ұшпайды, киношылардың еңбегі де зая кетпейді.
 Алексей Романов қарқылдап күліп, орынбасары Баскаковқа телефон соғып:
– Бауыржан Момышұлы туралы фильмді одақ экранына шапшаң шығар, – дейді бұйырып. Баукең Алексей Романовқа: 
 – Түсінгеніңе рақмет. Қайғы келмей тұрып, тәтті өмірдің қадірін білейік, – деп қолын қысып қоштасады.

«ҚАШАНҒЫ АЛДАНА БЕРЕМІЗ?»

 – Хабарласпағаныңа бүгін бесінші күн. 
 – Жоқ, аға, төртінші күн.
 – Қайдағы төртінші күн?! Мені қателестіргің келе ме? Тірі кезімдегі түрің мынау. Өлгеннен кейін мені мүлде ұмытарсың. «Өлдің, Мамай, қор болдың» дегеннің керін келтірмексің бе? Онда жақсы, сау бол.
 – Ой, аға, олай демеңіз. Газеттерді оқуға уақытым жетпей, айтар жаңалығым болмағандықтан хабарласа алмадым.  
 – Газеттер бар болсын. Бес күн бойы телефон соқпағанға ауырып қалды ма деп уайымдап едім. Сенің «Үлкен жаңалық жоқ, ұсақ-түйек нәрселер» дейтініңді білем. Менің жаңалығым бар. Көзімнің көруі, құлағымның естуі әлсіресе де айтарым – «Ана тілін қорғау» деген партия құрыңдар. Дүние жүзіндегі барлық адамның құқығын қорғайтын Біріккен Ұлттар Ұйымы бар. Ол біздің де құқығымызды қорғауға тиіс. Содан көмек сұраңдар. Сен көмек сұрауға қарсысың. Екеуіміздің таласып-тартысқанымыз билікке пайда. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» деп бірімізді-біріміз қолдауға жоқпыз. Көрші өзбек халқынан қашан үлгі аламыз? Қашанғы іштен тынамыз?

Сен саяси жаттықпаған адамсың. Тұла бойыңнан саясаткерлік қасиетті көре алмай жүрмін. Саясаттың не екенінен, оның жолынан, адамдармен қарым-қатынас жасаудағы ерекшеліктерінен бейхабарсың. Сенің мұның, қайталап айтам, биліктегілерге тиімді. Олар сөз жүзінде «ана тілімізде сөйлеуіміз керек» деп алдандырып қояды. Ойлансаңшы, қашанғы алдана береміз?

«ӨМІРІМ ӨРТТІҢ ІШІНДЕ ӨТТІ»

– Жақында Нарынқол ауданына барып қайттым.
– Мұның жақсы хабар екен. Ел аралағанға не жетсін? Сөйле, не көрдің, не естідің?
 – Киіз үйде біраз кісілермен әңгімелесіп отырғанымызда сақал-шашы ағарған қарт:
– Жүз жылдан бері ауылымнан бір атақты адам шықпапты. Соған қатты налыдым, – деді.
– Оның себебі не екен? – деп сұрап едім:
 – Енді ғана зерттеп жүрмін, – деп шешілмеді. Сіз қалай ойлайсыз, жүз жылдан бері әлгі қарттың ауылынан бір атақты адамның шықпауы мүмкін бе?
– Ол мүмкін емес! – деді Баукең шамырқана қатты дауыстап. – Қарттың жауабы да оңып тұрған жоқ. Оған мен былай дер едім: Қазақтың кез келген ауылынан жұрт тамсанатын дарындардың шықпай жатқаны – оларды сезініп, танитын, келешегіне жол ашатын ақылды, көреген басшы жоқ. Әйтпесе жай қарапайым адамдардың арасында қаншама таланттар жүр. Оларды көретін көз, еститін құлақ бар ма? Негізінде ауылдың басшылары дарынды ұл-қыздарды жетелеп, қолтығынан демеп, тәрбиелеулері тиіс. Кез келген басшыда ар-намыс болу керек. Өзінің қарамағында жұмыс істеп жүрген талантты жастарды халыққа қызмет ететіндей өреде баулып өсірсе, оның жақсы бағбан атанары сөзсіз. 

 Жақсы бағбанның бақшасында қисық ағаш, арамшөп, удай ащы жеміс өспейді. Осыны біздің басшыларымыздың ойламайтыны – орны толмас олқылық. Басқаларын айтпай-ақ қояйын, өзім жақсы білетін Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев неге ерте өліп кетті? Оның себебі, олар басшылар тарапынан ешқандай қолдау, қамқорлық көрмеді. 

Адам баласының жалғыз ғана ұлы қасиеті – келешек ұрпақтарға жол ашу үшін өзінің өмір сүрген ортасындағы таланттарды өте-мөте бағалауы керек. Ана қарт кісінің жүз жылдан бері ауылымнан бір атақты адам шықпады деуінің ешқандай құпиясы жоқ. Бұлай дейтінім, Құдайға шүкір, таланттар кез келген ауылда бар. Бабаларымыз «Көп білсең де көптен артық білмейсің», «Қанша жуан болса да жалғыз ағаш үй болмайды, қанша жақсы болса да жалғыз жігіт би болмайды» деп ескертіп кеткен. Қазақтың философиялық қарапайым мақалы аталы сөзді тайға таңба басқандай дәл бейнелеп тұр. Соған біз әлі күнге дейін мән бермей келеміз. Бұл керенау келеңсіздік қашанға дейін жалғаспақ?

 Бағбан басшы табылса кез келген ауылдан жүз жылда емес, он, он бес, жиырма бес жылда таңдай қақтырар таланттар шоғыры шығарына шүбәм жоқ.
 Кейде өзім өткен күндерімді ой елегінен өткізіп, ең болмаса, бір жерде он жыл тұрақтап жұмыс істемегеніме өкінемін. Он жыл. Сонда біраз ойымды іске асырып, таңдай қақтырар таланттар шоғырының командиріне айналар едім. Амал қанша, менің өмірім, қазақша айтқанда, аттың жалында, түйенің қомында, бүгінгі тілмен айтқанда, өрттің ішінде өтті… 

 ҰЛТШЫЛДЫҚТЫҢ, ҰЛТСЫЗДЫҚТЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

– Ұлтшылдықтың, ұлтсыздықтың пайдасы мен зияны қандай?
– Егер ұлтыңның дәстүрін, оның өсу, даму тарихын, қолынан не келетінін, ең бастысы, адамгершілік қасиетін білу үшін әуелі оның тегін зерттеуің керек. Әрбір ұлттың өзінің ерекше жаратылысы бар. Мысалы, қазақ халқы сөзге тұрған. Қиыншылық, жақсылық болсын, барлық нәрсені ақылды адамдармен ақылдасып шешкен.
 Өмір сүруді халықтың қай-қайсысы да біледі. Қазақ халқы да қонақты, құда-жекжатты қалай сыйлау, бала тәрбиесі, басшыны қалай таңдап алу, оны қалай сайлау, өмірді ұзарту болсын, соның жолдарының бәрін білген. 

 Бабалар дәстүрін жоғалтпай жалғастырып, дамыту ұлтын сүйген әрбір азаматтың қасиетті борышы. Бұл ұлтшылдықтың пайдалы жағы. Зияны – бәрі менің ұлтымда ғана болсын деп өрекпушілік. Олар – ұлтсыздар. Бұл өте зиянды топ. Себебі, кез келген халық екінші халықтың өнегесінен үлгі алып өседі. Қазақтан қырғыз, өзбектен қазақ, орыстан қытай, қытайдан моңғол дегендей, бірімен бірі тәжірибе алмасып отыратын өмірдің үлкен арнасы бар.
Ұлтсыздық барып тұрған – азғындық. Сахнаға тыржалаңаш шыққан ақымақ еркек пен ақымақ қатынның бейнесін көз алдыңа елестетші. Қандай әсер алар екенсің. Бұл аудиторияда отырған жұрттың бәрін келеке-мазақ ету емес пе? Оларды көргендер: «Мыналар жынды екен», – дейді. Керісінше, сахнаға тыржалаңаш шығып тұрған еркектің де, қатынның да көрінісі аудиторияда отырған халықтың қасиетсіздігін көрсететін көрініс. Ұлтсыздық дәл осындай ұсқынсыз, жиіркенішті құбылыс.

Егер аудиторияда отырған жұрттың бәрінің талғамы биік болса, сахнаға шыққандардың киім киюі де, ән айтуы да, қозғалыс-қимылы да биік болады. Менің қазір киноға да, теледидарға да қарағым келмейтіні – ұлтсызданған артистерді жек көруімнен. Олар неғұрлым жалаңаштанып, ұлтымыздың дәстүрінен алыстай түссе, ұлтсызданған көрермендер солғұрлым ауыздарын ашып, тамсанып, үстін-үстін қол соғады. Сахнаға баяғы қазақтың әдет-ғұрпын сақтап арқа-басын жалаңаштамай, ұлтымыздың әдемі киімдерін киіп шыққандарға ұлтсызданған көрермендер тыжырынып, тілдеп бағады. Осыдан-ақ ұлтсыздықтың қандай зиянды екенін аңғарасың.

 Өз ұлтыңның жақсылық қасиетін ойлағанда өзге ұлттардың да жақсылық қасиетін ойлауың, басқа ұлттарды да өз ұлтыңдай көруің керек. Тек қана маған болсын, оған болмасын деген пиғыл кез келген ұлттың өмірін қысқартады. Түсінікті ме?

«МЕН БАҚЫТТЫМЫН»

– Қорқақ жандар кезі келгенде «батыр», кезі келгенде қоян бола салады. Ондай өзінің пікірі, табанының бүрі жоқ адам аталы сөз айта алмайды, ана болатын қыз өсіре алмайды. Мұны өмірді талқылау барысында ойлы адам анық сезінеді. Сезініп қана қоймай өзінің байқамаған кінәсін де байқайды. 

Менің түбегейлі қарсы болатыным, басшыға оққағар не үшін керек? Оған бола жазықсыз жан неге өлуге тиіс? Адалдық, әділдік қайда? Ол кімнен қорқады? Өз халқынан өзі қорқатын басшы қандай басшы? Сен қалай ойлайсың?
 Мен жақ ашпадым.
 – Меніңше, халықты қан жылатқан адам ғана қорқады. Шығыс халықтары: «Ең кешірілмейтін күнә, кешірілмейтін іс өзі біліп тұрған жағдайды, яғни қолындағы билігін жүз пайыз пайдалана алмағандығы» деген. Мөңке биге замандастары: «Ең қиын, ең оңай не?» деп сұрақ қойғанда: «Ең оңайы – ақыл айту, ең қиыны – оны орындау» деген. 

Ақылды кез келген адам айта береді. Сен де, мен де, ол да. Айтқан ақылымызды өзіміз орындамаймыз. «Арман бар да дәрмен жоқ» деп құтыламыз. Соған күйініп: мына жалған дүниеде кім жақсы өмір сүре алады деген сұрақты өзіме қойып, екі адамның жақсы өмір сүре алатынын білдім. Бірінші, түк білмейтін, не көрсе де «құдай салды, мен көндім» деп жүре беретін адамға өмір – соқыр. «Маған бәрібір» деген жігітке: «Мына сөзіңе қарағанда жүз жыл өмір сүресің. Бірақ «бәрібір» дегенің алып жүрген айлығыңа сәйкес келмейді», – дегем. Екінші, қолындағы билігімен айтқанын орындатып, тамаша өмір сүрген, халықтың да батасын алған адамның өмірі ұзақ болады. Осылардың бәрін таразылай келе айтарым, мен бақыттымын. Себебі, менде еркіндік бар. Оққағармен жүрген адамда еркіндік жоқ.

«ЕШКІМ МӘН БЕРМЕЙ БАРАДЫ»

 – Сұрағыңды қой.
 – «Таста тамыр жоқ, әділдікті аңсаған адамда туысқан болмайды» деген сөз бар. Мұны сіз қалай түсінесіз?
 – Қандай мағынасы терең сөздер десеңші?! Мұны алтыншы, жетінші ғасырда Қытайдың философтары айтқан. 
 «Таста тамыр жоқ» дегені – тас барлық уақытта өзімен өзі. Жаздың ми қайнатар аптабына да, қыста тісін ақсита азынаған аяздың азабына да сыр бермей төзеді. Ол өздігінен ешкімге тиіспейді. Сен тиіссең, аямайды. Сенбесең, оған басыңды ұрып көрші, қалай быт-шытың шығар екен. «Таста тамыр жоқ» дегенді сендер кәдімгі тасқа арнап айтылған сөз деп ойлайсыңдар. Олай ойлауларың қате. Ол сөз тастай қатты, қайсар, әділ жанға арнап айтылған. Мысалы, тәртіп бұзған ағасының, інісінің, не туысының ерсі ісін ол қорғамайды. Қорғаса, оны әділетті жан деп айтуымыз мүмкін емес. 

 Әділдікті аңсаған адамда туысқан болмайды, болуы мүмкін емес. Бұл тәрізді бізде ақылды сөздер көп. Өкініштісі – ол сөздерге соңғы кезде ешкім мән бермей барады. 

«БІРДЕҢЕ ДЕУГЕ АҚЫЛЫМ ЖЕТПЕЙДІ»

 Кубадан Мәскеуге оралып, «Москва» қонақүйінен орын алған соң Қазақстан өкілдігіне бардым. Барсам, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің жауапты қызметкері отыр. Сапарымның сәтті болғанына қуанышты екенін білдіріп, менімен он минуттей әңгімелесті. Кубалықтарға риза екенімді айта келіп:
 – Куба халқы қаратобыр емес, күрескер халық екен. Менің қазағым да осал емес еді. Оны қаратобырға айналдырдыңыздар. Бүгінде не айтсаңыздар да мақұлдай беретін халге жетті. Бұл қандай саясат? – дедім.

 Ол сұрағыма жауап қатпай асығыс екенін айтып қоштасты. Менің сөзімді естіген өкілдік қызметкері, татар жігіт, аты-жөнін айтып еді, ұмыттым:
 – Аға-ау, ешқандай қаймықпай айтқан әлгіндей сөзіңізді естігенде мен дем ала алмай қалдым. Қорқыныштан тұлабойым қалтырап кетті, – деді.

– Ақымақсың! Мен оның атасын, анасын сөккем жоқ. Адам ретіндегі оның қасиеті менен де жоғары, менен де күшті шығар. Бағы екібастан жүз есе артық. Алайда олардың жүргізіп отырған саясаты маған ұнамайды. Мен соны айттым. Ол мені түсінді. Түсінді дейтін себебім, шамданып, сөз таластырған жоқ.

– Исмаил Юсуповтің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғанын естігенде сіздің: «Алла тағала Юсуповті осы тағынан өле-өлгенше айырмай, қазақтың ұлдарын құл, қыздарын күң, өздерін қайыршы етіп, қаратобырға айналдыра берсін» деген батаңызға да таңғалғанмын, – деді әлгі татар жігіті.

– Ақылы, намысы жоқтарға бұдан басқа қандай бата лайық деп ойлайсың. Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде: «Достық та, қастық та – ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалар қасиеттер», – деген. Менің батамның астарын енді түсіндің бе?
– Бірдеңе деуге ақылым жетпейді, – деді татар жігіт күмілжіп.

Мамытбек Қалдыбай, 
бауыржантанушы

Қатысты жаңалықтар

Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам қате табылды

Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам қате табылды

11.06.2026
Талдықорғанда жылу жүйесі жаңғыртылуда

Талдықорғанда жылу жүйесі жаңғыртылуда

11.06.2026
Талдықорғанда «Al-Farabi STEM Academy» бастауыш мектебі ашылды

Талдықорғанда «Al-Farabi STEM Academy» бастауыш мектебі ашылды

11.06.2026
Қарымта ойында шешіледі

Ресми. «Жетісу» Бірінші лигада ойнайды

10.06.2026
Жетісулықтар болашақ ұрпақтың экологиялық қауіпсіздігі үшін бұлақтарды тазартты

Жетісулықтар болашақ ұрпақтың экологиялық қауіпсіздігі үшін бұлақтарды тазартты

10.06.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.