Қазақстан мектептерінде қолданылып жүрген оқулықтарды жаңарту жұмыстары басталады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министрдің айтуынша, жүргізілген талдау нәтижесінде мектеп оқулықтарынан 700-ден астам қате мен ескерту анықталған. Олардың қатарында техникалық және стильдік қателер, фактілік дәлсіздіктер, мазмұнға сәйкес келмейтін суреттер, оқу бағдарламасымен үйлеспейтін тақырыптар және ескірген әдістемелік материалдар бар.
Сондай-ақ мамандар ұлттық құндылықтар мен мәдени ерекшеліктерді жеткілікті деңгейде қамтымайтын материалдардың кездесетінін атап өткен. Бұған қоса, математика пәніндегі кейбір анықтамалардың дұрыс берілмеуі және тарихи оқиғаларға қатысты нақты емес тұжырымдардың болуы да назар аудартқан.
Аида Балаеваның мәліметінше, кейбір оқулықтар белгіленген мерзімде қайта қаралмай, бірнеше жыл бойы өзгеріссіз пайдаланылған. Жекелеген басылымдарда мазмұндық жаңарту тоғыз жылға дейін жүргізілмеген.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңарту жоспарын әзірледі. Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың 30 тамызына дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар қайта қаралады. Ал 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін 4 және 9-сыныптардың кітаптары жаңартылып, 2027 жылдың 1 сәуіріне дейін 8-сынып оқулықтары толықтырулармен қайта басып шығарылады.
Министрлік бұл жұмыстардың негізгі мақсаты оқу материалдарының сапасын арттыру, мазмұнның өзектілігін қамтамасыз ету және білім беру бағдарламаларына сәйкестігін күшейту екенін атап өтті. Оқулықтарды жаңарту барысында анықталған қателер түзетіліп, қазіргі талаптарға сай жаңа материалдар енгізіледі.





