Көрікті кешендердің барлығы – құрыш білекті құрылысшылардың ерен еңбегі. Қаратал өлкесінде аталмыш сала өкілдерінің табанды еңбегінің арқасында тәуелсіздік жылдарында мыңдаған шаршы метр тұрғын үй салынып, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Биылғы жылдың өзінде бірқатар жаңа нысандардың іргетасы қалануда.
Бүгінгі күні Үштөбе қаласының «Шаңырақ» шағынауданы, №14 мекенжайында құны 319,7 миллион теңге тұратын 30 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мердігер «Шымыр» ЖШС құрылысшылары әр күнді сәтті пайдаланып, нысанды уақытылы тапсыру үшін еңбек етуде. Сондай-ақ, Үштөбе қаласында 20 жеке жалгерлік тұрғын үйдің құрылысын мердігер «Қолғанат Құрылыс» ЖШС іске асыруда. Аталмыш құрылыс компаниясы «Қаратал аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесімен 280,8 миллион теңгеге келісімшарт жасасып, жұртты баспанамен қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізуде. Құрылыс компаниясы осы үйлерді абаттандырып, инженерлік-коммуникациялық желісінің құрылысын қоса атқаратын болады.
Аудандағы Бастөбе ауылдық округіне ірге тепкен Бастөбе сервистік колледжі құрылыс саласына қажетті мамандарды да даярлайды. Колледж ұжымы жаңа заман талабына сай жастардың кәсіптік білім алуына жағдай жасауда.
Бастөбе сервистік-техникалық колледжі құрылыс саласына аса қажет жұмысшы мамандарын даярлау сұранысын қамту мақсатында ауылшарушылық өндірісіндегі тракторшы-машинист, автокөлік слесарі, аспаз, кондитер, вагондарды қараушы слесарь мамандықтарынан бөлек газэлектрдәнекерлеуші, электржабдықтарға қызмет көрсетуші, тас қалаушы бағыттары бойынша да мамандар даярлауда.
Колледжде 28 оқытушы, 13 өндірістік оқыту шебері дәріс беруде. Колледждің соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталар болсақ, 2017 жылы аймақтық «WorldSkalls Taldykorgan» чемпионатында «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша Игорь Ким бас жүлдеге ие болды. 2018 жылы Виталий Кондаков 3-орынды иеленсе 2019 жылы «Электрмонтаждау жұмыстары» бойынша Узайр Абдурахманов сертификатқа қол жеткізді. Міне, оқу орнын құрылысқа қажетті мамандықтар бойынша бітірген шәкірттер аудан, облыс көлеміндегі құрылыс нысандарында еңбек етіп, шеберліктерін шыңдауда. Бір қуанарлық жағдай, биылғы жылы колледж жанынан 50 орынды жаңа жатақхана бой көтерді. Көп ұзамай бұл жатақханаға колледж студенттері орналасып, алаңсыз оқып, білім алатын болады.
– Қазіргі таңда аудан орталығы қанат жайып, көркейіп келеді. Қолға алған іргелі жобалар да жетерлік. Айталық, бүгінде Үштөбе қаласындағы 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына «Арлан-жоба құрылыс» ЖШС-мен 14,4 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, осы 40 пәтерлі тұрғын үйді абаттандыру және инженерлік-коммуникациялық желісінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша «Гражданпроект ЗИ» ЖШС-мен 5,3 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, жобалау жұмыстары іске асып жатыр. Сондай-ақ, қаламыздағы Ақын Сара көшесі, №77 «А» мекенжайында 60 пәтерлі тұрғын үйдің және Әбдірахман ақын көшесі, №5 «Б» мекенжайында 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша «Ремстройпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалды. Бұл тұрғын үйлердің абаттандыру және инженерлік-коммуникациялық желісінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша жұмыстарды «Геодезия сервис» ЖШС жүргізетін болады, – дейді Қаратал аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Кеңес Дондағұлов. Оның айтуынша, Бастөбе ауылдық округінің Ортатөбе ауылындағы Панфилов атындағы орта мектеп құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша «КАПРЕМПРОЕКТ» ЖШС-мен 25,6 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген.
Аудан орталығы Үштөбе жыл сайын көркейіп, биік-биік үйлер, ғимараттар жыл өткен сайын бой түзеп келеді. Халық игілігі үшін пайдалануға берiлген нысандардың бәрiнде құрылысшылардың қолтаңбасы жатыр. Иә, сондықтан құрылысшы еңбегi қашанда құрметке лайық!
Асхат ӨМІРБАЕВ
Қаратал ауданы





