Алматы облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен Алакөл бойындағы жазғы шомылу маусымы және оның алдағы жұмыс жоспарларын реттеп, туристердің алаңсыз демалуы үшін сақтық шараларын күшейтуді мақсат еткен онлайн конференция өтті. Шараны облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева жүргізіп отырды. Шара аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, аймағымызда жұмыс істейтін туристік фермалардың, Алакөл ауданы әкімдігінің өкілдері қатысып, өз ойымен бөлісті.
Өткен жылы аймағымыздың туризм саласы үлкен жетістіктерге жетті. Еліміздің көрікті жерлеріне демалып қайтқан шетелдік туристердің қызығушылығы да жоғары болды. Оның үстіне, ішкі туризмнің дамуына да үлкен серпін әкелді. Әсіресе, Алакөлге келген демалушылардың саны рекордттық деңгейге жетті.
Биыл да бұл көрсеткіш өсе түседі деп күтілген еді. Десе де, әлемдік індеттің салдарынан елдегі төтенше жағдайдың орын алуы, өңірде карантиндік режимнің орнауы біраз жоспарға кедергі келтіргені белгілі. Бірақ бұл жағдай Алакөлге келетіндердің санын азайта қоймасы анық. Өйткені, Алакөлдің туристік әлеуетін көтеру үшін мемлекет тарапынан, облыстық әкімдік тарапынан көп қолдау көрсетілуде.
– Бәріңізге белгілі, Алакөл көлінің жағалауы республикалық деңгейдегі 10 басым объект тізіміне енгізілген. Алакөл курорттық аймағын дамыту үшін маусымдық рейстерді ұйымдастыру, инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар шара, жоспарлар атқарылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, келушілер саны мен көрсетілген қызмет көлемі жағынан жақсы нәтижелерге жетті. Биыл да жақсы көрсеткіштерге жетеміз деген сенім бар. Өйткені, әр дағдарыс қиындық тудырғанымен, мүмкіндік те береді. Биылғы мүмкіндік ішкі туризмнің дамуына ықпал етіп отыр, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков.
Әрине, бүгінгі күндегі жағдай бойынша Алакөл бойына орналасқан туристік нысандардың санитарлық жағдайы қатаң бақыланып, ретке келтіру басты назарда болуы керек. Ол үшін облыстағы туризим саласында жұмыс істейтін мемлекеттік немесе жеке меншік мекемелердің жұмысын ширатқан жөн. Осы тұрғыда көп салмақтың облыстық туризим басқармасы мен Алакөл ауданы әкімдігіне түсетіндігі белгілі.
– Жазғы шомылу маусымының ашылуына байланысты бүгінде Алакөл жағалауындағы дайындық жұмыстары басталып кетті. Бүгінде туристерді қабылдау бойынша шаралар қабылданды. Туристерді қабылдау туралы 62 туристік фермадан өтініш түсіп, арнайы құрылған комиссияның шешімі бойынша оның 35-іне жұмыс бастауға рұқсат берілді. Сонымен қатар, Алакөл көл жағалауы тазалық серіктестігі ашылып, көл жағалауына қоқыс жинайтын 15 техника тартылып, 145 дана қоқыс жинайтын жәшік орналастырылды. Демалушылардың қауіпсіздігі үшін 20 млн.теңге қаржы бөлініп, көл жағалауына қоршаулар орнатылды. Кәріз жүйесін реттеу бойынша үш құрылыс фермасы жоспар бойынша жұмысқа кірісті. Ұшақ мәселесі толығымен шешіліп, Үшарал-Достық бағытындағы 30 шақырым жол ел игіліне берілді, – деді Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Аханов.
Жыл басындағы жоспар бойынша Алакөл көліне жазғы шомылу маусымында 1 миллин 700 мыңға жуық адам келіп, 8 млрд.теңгеден астам қызмет көрсетіледі деп жоспарланған.
Індетке байланысты бұл көрсеткіш орындалмай қалуы мүмкін деген де қауіп бар. Десе де, конференция барысында сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев және басқа да мекеме басшылары, туристік фермалар, кәсіпкерлер жағдай қалыпты болса, ойға алған мақсатқа жетуге мүмкіндік мол екенін жеткізді.
Қажет АНДАС
Алматы облысы
Сурет — ғаламтордан





