Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылының тұрғындары әкімнің сөзіне сенуден қалдық деп шу көтерді. Олар жайылым мәселесін шешіп беріңіздер деп жергілікті әкімдікке бірнеше рет барған. Бірақ «баяғы жартас сол жартас» болып қала берген. Сөзге сенуден қалдық деген халық амалдың жоқтығынан малдарын әкімдікке айдап әкелді. Бұл туралы «31-телеарнаның» Алматы облысындағы тілшісі Самал Қабышева арнайы материал дайындады.
— Қалай күн көреміз біз сонда? Малымыздың бәрін сатып жіберсек?! — деп ашынады ауыл азаматтары.
Бір табын сиырды Еркін ауылының әкімі әкімдіктің алдынан өзі күтіп алды. Халықты сабырға шақырып, малды кері қайтаруын өтініп сұрады. Ауыл маңында басқа қолайлы жайылым жердің жоқ екенін растаған ауыл әкімі халықтың мәселесін шешуге уәде берді.
— Бес-ақ минутта шешілмейтін мәселе ғой. Бәрі қоршалған жоқ, екі гектар ғана қоршалған. Онда да ана кісіні қазір шақырдық, — дейді Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылының әкімі Қанат Рысбеков.
Даудың басы жайылымды жердегі қазықтан басталған. Өмір бойы малын осы жерге бағып жүрген халық жағалай қазықтар қағыла бастағанда төбемізден жай түскендей болды дейді. Ал 5 гектар жерді 5 жыл бұрын 49 жылға жалға алдым деген кәсіпкер ісін енді ғана бастап жатқанын айтады. Халық кәсіпкер бес жыл бойы жерді игермеді, заңды бұзды, прокуратура тексерсін деп талап қоюда. Жерді жалға алған азамат құжат, несие мәселесіне байланысты жұмыс созбаққа салынғанын айтады.
— Биыл, міне, бастап қоршадым, трансформатор орнаттым, свет орнаттым. Халық мені түсінсін, қазір мен көшіріп әкете алмаймын. 5 гектарға саламыз дегенбіз, жарайды мен халықты да түсініп тұрмын. 2,5 гектарын қоршап салып қойдық, 2,5 гектарды қоршамай-ақ қояйық. Мына кісілерге «пастбищеге» қалсын, мына кісілерді де тоже түсініп тұрмын, — деді Қайрат Булаев есімді кәсіпкер.
«Қазагродан» 6 миллион теңге несие алып, шырша егумен айналысып, қаланың көгалдандыруына өз үлесімді қосуды мақсат етіп отырмын деген кәсіпкер осылайша жердің жартысын халық үшін қоршамаймын деп уәде берді. Ал тұрғындар жайылымнан тағы да малды қуатын болса, барлық төрт түлігімізді Талдықорған әкімдігіне айдап апарамыз десті.
Бір табын сиырды әкімнің өзі бақсын деп талап қойған жұрт сөзі ескерусіз қалмайды деген сенімдеміз.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»
Талдықорған қаласы
Алматы облысы
Сурет — ғаламтордан





