Талдықорған: +26°C
$ 469.71
€ 536.17
₽ 6.01
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

САУРЫҚ БАТЫРДЫҢ ЕРЕН ЕРЛІКТЕРІ

04.06.2020
КҮЛТӨБЕ
САУРЫҚ БАТЫРДЫҢ ЕРЕН ЕРЛІКТЕРІ
WhatsAppTelegramFacebook

Тарих бетіне зер салған ақылман қария, қоғам қайраткері Нұртілеу Бәкірұлы тоқсан жастың төрінде. Жады мықты ардагер халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шерткенде еріксіз риза боласың.


– Менің жасым келді. Әйтсе де көзбен көріп, үлкендерден естіген әңгімелерді ұмытқан емеспін. Қарасай, Сұраншы, Саурық бабалардың батырлығы жайлы Сүйінбай мен Жамбыл жырларынан, дастандарынан оқып өстік. Ұлылардың халқына сіңірген еңбегіне бас идік. Білгенімді кейінгі жастарға қалдыруды мұрат еттім. Жолдасым марқұм Хафиза Ілебайқызы қолынан қаламы түспеген тарихшы, шежіреші еді. Содан да шығар, Қазақ Совет Энциклопедиясында қызмет жасаған 1968-1981 жылдар аралығында ақын, батыр бабалардың өмірі, жанқиярлық еңбегі мен шығармашылығы жайлы мол мұра қалдырды. «Қарасай батыр ізімен», «Медетбек батыр», «Бәйдібек батыр алып бәйтерек» кітаптарын құрастыруға қатысып, зерттеу жүргізгенде Хафизаға болысып, өзім де көп дүниеге қанықтым. Тарихшы Хафиза Ілебайқызы 2010 жылы өмірден өтті. Жарымның бастаған ісін жалғастырып, Саурық батыр бабам жайлы зерттеу, зерделеу жұмысын жүргіздім. Нәтижесінде Сұраншы, Саурық батырларға ескерткіш орнатылып, ас берілді. Осы кезде жарық көрген кітапта көлемді, мазмұнды дүниелерім жарық көрді, – деп сабырлы қалпымен әңгімесін әріден бастады. 

Оқырманға түсінікті болу үшін саналы ғұмырында халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Нұртілеу Бәкір- ұлының Жамбыл ауданы, Саурық батыр ауылында 1927 жылы дүниеге келгенін айта кетейін. Қазақтың тау-кен институтын бітірген соң КСРО Металлургия өнеркәсібі министрлігінің жолдамасымен Текелі қорғасын-мырыш комбинатында еңбек жолын бастаған. Кейін Талдықорған облыстық партия комитеті Нұртілеу ағаны Гвардия (қазіргі Кербұлақ) ауданы, Ворошилов атындағы ұжымшарға төрағалыққа ұсынады. Одан кейінгі жерде Текелі қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымында қызмет атқарады. Еңбек жолы Алматы облыстық партия комитетінде, басқа да басшы қызметтерде жалғасады. Ауылшаруашылығы мен түсті металлургия саласындағы белсенді қызметі үшін Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, Құрмет грамоталарымен наградталады. 

Нұртілеу ағаның Саурық батыр бабасы жайлы тағылымға толы әңгімесіне құлақ түріп, қаһарманның туған елінің азаттығы жолындағы жанқиярлық ерлігіне қанығудың сәті түсті. 

– Жас келген соң көп дүние есте тұра бермейді екен. Десе де 1840 – 1860 жылдары Құдияр хан басқарған қоқандықтардың жазықсыз ауылдарды өртеп, малдарын тартып алып, алым-салық төлеуге мәжбүр еткені жайлы деректер көңіл төрінде қалды. Жетісуды бағындыруды көздеген орыс әскерлері мен қоқандықтарға және Орман хан бастаған қырғыз барымташыларының зорлығына қарсы шыққан жергілікті халық жасақтарын басқарған қазақ батырлары ерлікпен күресе білді. 

Халқының азаттығы үшін жан аямай күрескен батырлардың қатарында аттары аңызға айналған ірі қолбасшы, қазақтың біртуар ұлдары Сұраншы мен Саурық болды. Олар батыр ғана емес, елінің қамын жеген, болашағын ойлаған көріпкел баһадүрлер еді.

Енді тікелей бабам болып келетін Саурықтың ерлігі жайында айтайын. Жыр сүлейлері Сүйінбай мен Жамбыл Саурықтың атын ту етіп, оларға көптеген толғаулар мен дастандар арнаған. Олардың шәкірті Әбдіғали Сариев тәрізді ақындардың да батыр баба ерлігін шабыттана жырға қосқанын білеміз. 

– Ақындар Саурықтың адамгершілігі мен әділдігін, даудағы шешендігін, қаһармандығын жырлап, оны ақыл мен қайратты тең ұстап, ел бірлігін сақтайтын, жұртқа бас бола білетін батыр ретінде көрсеткен. Сүйінбайдың Тезекке:
– Ұрыларың басымды кесіп алар,
Өткізіп, қанжығаға тесіп алар.
Сұраншы мен Саурығым қаптап келсе,
Отыз үйлі төреңнің несі қалар?
– деп батыл айтуының себебі – сүйенері айбынды Саурық, Сұраншы батырлар еді. Ол кезде Саурық пен Сұраншының беделі Жетісу жерінде өте жоғары болған. Мұны Е. Исмаиловтың «Ақындар» кітабынан оқыса болады.

Саурық Ыстанбекұлы 1798 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданының Салқынсаз деген жерінде дүниеге келген. Ол Қарасай батырдың алтыншы ұрпағы: Қарасайдан – Түрікпен, одан – Түктіқұрт, одан – Дәулет, одан – Кәшке, одан – Ыстанбек, одан – Саурық тарайды. Саурық батыр Қарасай, Әуез, Түрікпен, Өтеп, Көшек, Қараш, Кәстек, Бәйтелі, Дәулет, Қаумен, Жәпек, Кәшке сынды даңқты батырлардың ел мен жерді сыртқы жаулардан қорғаудағы ерен ерліктерін одан әрі жалғастырған қаһарман.
«Ақындардың ақыны, айдын көлдей ақылы» деген Сүйінбай бабаның «Қарасай батыр» дастанында:
– Ұрпағы Қарасайдың түгел батыр,
Орнатқан дұшпанына заман ақыр.
Сұраншы мен Саурықтың ерліктері
Күн санап қалың елге тарап жатыр, – деп жырлағаны бекер  емес. 
Кәшке батыр немересі Саурықты жасында Қараш батырға апарып, қолын ұстатқан дейді. Сонда Қараш батыр жас балаға ақ батасын беріп: «Қарасайдай бабаңның аруағы қолдасын, ел қорғаны батыр бол», – деп қылышының үстінен әрі-бері аттатып, бетінен сүйген екен. Сол кезде бала Саурықтың жанарынан өткірлік, батырлық  нышаны төгіліп тұрған екен деген сөз бар. 

Саурық жасында-ақ батыл, өжет болған, талай рет сайысқа түсіп, жеңіске жеткен. Асау жылқыларға бұғалық тастап ұстаудың, үйретудің шебері болғандығы да халық арасында көп айтылады.

Батырдың алғашқы ерлігі жайлы айта кетейін. Қаратал өзенінің шығыс жағында орыс жауынгерлерімен болған шайқаста әкесі Ыстамбек батыр жау қолынан қаза табады (сол жерде жерленген). Осы кезде жас Саурық әкесін өлтірген жаудан кегін алып, «Әкем Саурық» деп ақырып, буырқанып-бұрсанып, жау шебіне қырғидай тиеді. Тағы бірде, нақтырақ айтсақ, 1825 жылы Орман хан қарақшылары Қарақыстақ өзенінің бойында бейбіт жатқан елдің көп жылқысын айдап қашады. Саурық өзінің жасақтарымен оларды аңғар ішіне тықсырып, қырғыз барымташыларын үлкен шығынға ұшыратады. Келесі жылы Қастек өзенінің батыс жағындағы Бестамақ деген жерде Орман хан басқыншыларына қарсы тағы да қиян-кескі шайқас болып, Саурықтың ерлігі айқын танылады. 
Бұл шайқастарды Саурықтың атасы Кәшке батыр басқарған. Шапырашты елі Кәшке батырды хан көтерген.
– Былай барсаң Мырзабек,
Бәрі де өңшең қаракөк.
Арғы атасы Кәшке – қарадан хан болған,
Қылған ісі Әбілпейіске таң болған, – деп Жамбыл бабамыз жырлаған Кәшкенің хан болғандығын жазушы Сапарғали Бегалин де растайды. Бұл деректі С. Бегалиннің «Жамбыл» кітабынан оқыдым.

Бірер жылдан кейін Кәшке Дәулетұлы көпшілік алдында немересі Саурыққа өзінің қолбасшылық жолын беріп, ел қорғауды аманаттаған екен. Кәшке атасы бұрыннан келе жатқан дәстүр бойынша Қарақыстақ өзенінің төменгі сағасындағы Төгерекқұршын аталатын аймақты Саурықтың еншісіне береді. Жаз жайлауы Ақтасты, қыс қыстауы Қарақыстақ өзенінің батыс айрығы Ақтастының Мессай аймағы болған.

Саурық өзіне берілген суы мол, малға жайлы жерге өзінің негізгі жасақтарын құрайтын Кәшке, Бессары, Таңатар руларын қоныстандырған. Дәл осы кезде Саурық батыр Кәшке атасының ұрпақтарын Талас өңірінен осында көшіріп әкелген. Батыр баба халқын имандылыққа үндеу мақсатында Төгерекқұршында және таудағы Мессайда мешіт салдырып, арабша жақсы білетін, діни сауатты молда әкеліпті. 

Саурық батыр би де болған. Ел арасындағы іске араласып, дау-дамайды әділ шешіп отырған. Ағайын арасындағы татулықты сақтап, қазақ пен қырғыздың бас қосқан жиындарына қатысып, екі ел арасындағы шегараны белгілеуге келісім жасағанын тарихтан білеміз. Соған орай Қордайдан Тұйықсу асуына дейінгі Алатау үстіндегі жайлау арқылы өтетін жота жол шегара шебі болып белгіленіпті. Бұл меже осы күнге дейін күшін жоймай, Алатаудың ар жағы мен бер жағында малшылар жаз бойы аралас-құралас күй кешуде. Хантәңірінің етегін мекендеген албан елінің бүгінгі қонысына таласқан көршілерінің арасындағы жанжалды шешуге де тікелей араласқан. 

Саурық батыр Райымбек бабаның кіші қызы Ақбөпеге үйленген. Батыр бақилық болғанда Ақбөпе қасында болады. Кейін қайнысы Андас датқа алып, олардан бір қауым ұрпақ өрбіген.

Андас пен Ақбөпеден Рақым, одан Алғадай, одан Тәку туған. Тәку ұстаз болып,  Үшқоңыр ауылындағы мектептің бастауыш сыныптарында бүгінгі тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты оқытқан. 
Жамбыл атамыздың:
– Саурық шыққан басынан,
Көк шыбықтай иіліп,
Ерлік қылған жасынан.
«Әкең Саурық» дегенде,
Күндік жерден дұшпанын
Дабылымен қашырған, – деп жырлағаны тегін емес.
Қоқан бектеріне сүйенген қырғыз манаптарының Жетісу халқына көп үстемдік жасағаны тарихтан белгілі. Манаптарының қолдауымен желіккен қырғыз барымташылары қоныстас Шапырашты руына маза бермеген. Әлденеше рет ауылдарды шауып, жылқыларын алып, қонысқа таласады. Мұндай оқиғалар әдетте үлкен қантөгістермен аяқталып отырған екен.

Халқына қорған болған Саурық пен Сұраншы батырлар қырғыз басқыншыларымен сан рет соғысқан. Сондай бір соғыста Орман хан Саурықтың қолына тұтқын болып түседі. Соған орай Жамбыл бабамыз тағы бір өлеңінде:
– Амалменен ер Саурық
Шөгіп жатқан Орманды
Пенде қып алдына әкелген.
Сұраншы, Саурық батырым
Шеніне дұшпан келмеген.
Ақ кіреуке жамылып,
Ат кетпеген кермеден, – деп жырлаған. 
1840 жылы қазіргі Қаскелең және Шамалған өзендерінің аралығындағы Тойшыбек қорғанында қырғыздар мен Саурық батыр сарбаздарының арасында тағы бір ұрыс болады. Саурықтың жауынгерлеріне жан-жақтан көптеген қазақ жасақтары қосылды. Олардың арасында Сұраншы, Атамқұл, Нарбота, Тайторы, Байсейіт, тағы басқа батырлар бар екен. Бұдан бұрын басымдық көрсетіп, еркінсіген Орман хан сарбаздары көп шығынға ұшырап жеңіліс табады.
Жаужүрек Саурық батырдың Қоқанның хандары мен бектерімен күресін өмірінің соңына дейін тоқтатпағанына тарих куә. 1842 жылы ел жайлауға шыққанда Сарыкемерді жайлаған Тілеуқабыл руының ауылдарына аяқ астынан қоқандықтар шабуыл жасап, ойран салады. Бұл қоқандықтардың Тілеуқабыл руына бірінші шабуылы. Екінші шабуылы 1853 жылы болған деген дерек бар. Қарсы шыққан адамдарды қырғынға ұшыратып, қыздар мен жас әйелдерді тартып алып, малын айдап әкетеді.

Бұл хабар жайлаудағы Есқожа еліне тез тарап, қамалда аялдаған Саурық батырға жетеді. Саурық қасындағы жүз шамалы сарбаздарымен Сарыкемерге аттанады. Бір мың бес жүздей қол соңынан келеді. Олардың арасында Саурықтың сарбаздары, атақты батырлары Дәуқара, Келе, Байбура, Сұраншы, Жауғашар, Атамқұл, Шымырбай, Андас, тағы басқа ержүрек жігіттер болады.

Жекпе-жекке қоқанның Қаһар бегі шығады. Қазақтардан Саурықтың өзі шығып, бірден айқас басталып, Қаһарды аттан түйреп түсірген екен. Үрейленген қоқандықтар қаша жөнеледі. Қазақтар соңынан қуып, жауды ойсырата жеңеді. Сөйтіп, оларға құлдыққа түсіп, тұтқын болып бара жатқан көп адамдарды, айдап бара жатқан малды, дүние-мүлікті Тілеуқабыл ауылдарына қайтарады. 

Осынау үлкен жеңістен соң Саурық батыр мен оның сарбаздарының даңқы бұрынғыдан да аспандап, ел ішінде кеңінен тарайды. Осыдан былай қарай ол қазақ ауылдарынан жігіттер жинап, қасына мыңдаған жасақ ұстайды. Олардың жиналатын жері Саурық қамалы болыпты. Төрт бұрышты бекініс қабырғасының ұзындығы 75 метр, қалыңдығы 2-3 метр, биіктігі 6-7 метр, ішкі ауданының жалпы көлемі 562 шаршы метр. Бекініс іргесінде екі жағынан өзен ағып жатыр, шығысы мен батысында дөңес-дөңес белестер бар.

Бұл бекіністің екі түрлі маңызы болған. Соғыс жағдайында жергілікті тұрғындар сыртқы жаудан қорғанса, жай кезде Саурықтың сарбаздары ұрыс тәсілдерін үйреніп, шайқасқа дайындалады екен. Бекініс Саурық батыр ауылына жақын орналасқан, орны әлі де айқын көрініп жатыр.

П. П. Румянцев құрастырған «Материалы по обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области» (том ІV, Верненский уезд. Киргизское хозяйство. Санкт-Петербург, 1913 г., стр. 104) атты жинақта белгілі рубасы әрі батыр Саурық туралы баяндалады. Кәшке, Бессары, Таңатардың ру басшылары Саурық, Баспан, Құдайберділер руластарымен Ақмоланың Қараөткелінде, Қарқаралыда көшіп-қонып жүргені айтылған. Бұлар сол тұста орыс басқыншыларына қарсы шайқасқа көмектесуге барған болса керек.

Жазушы, халық қалаулысы Сауытбек Абдрахмановтың «Егемен Қазақстан» газетінің 2008 жылғы 7 шілдедегі санында жарияланған «Азаттықтың астанасы» деген мақаласында дулат сарбаздары мен Сұраншының Кенесарының Ақмола бекінісін алуына қатысқаны айтылды. Шапыраштылардың Ақмолаға барғаны осы кез болса керек. 

Кенесары Қасымов бастаған қалың қол 1846 жылдың маусым айында Алатау тізбегіндегі Суықтөбе тауының баурайында қостарын тігіп, бекініп жатады. Ондағы мақсаттары – Саурық батырмен келісіп, оны да өзінің тобына қосып алу. Сөйтіп, екі арада елші жүре бастаған. Бұл Саурық батырдың өткен күзден бері бел астында жатқан қырғыз көршімен келісімге келіп, бұдан былай бір-біріне шабуылдап, басқыншылық жасауды, мүмкін болса, мәңгібақи қоямыз деп уәде беріскен кезімен тұспа-тұс келген.

Саурық ханды ауылына шақырып, үлкен құрмет көрсетеді. Кенесары өзінің Жетісуға келгендегі мақсаты қырғыз-қазақтарды біріктіріп, одақ құрып, қазақ хандығын сақтап қалу үшін орыс әскерімен соғысу екендігін білдіреді. Ал, Саурық батыр тыныштықты сақтау керек, ел шапқыншылықтан шаршады деген уәжді алға тартады. «Біз мұнда қазақ-қырғыз болып бас қосып, аманат алысып, тату болу жайлы келісімге келіп отырмыз. Енді оны бұза алмаймын», – дейді. Орыс әскерімен соғысуды қырғыздар да қостамаған.

Осыдан кейін Кенесары «Қырғыз жайлы білейін деп едім» деген сылтаумен «Қырғыздың қазақ қолындағы аманаты Жаманқара батырды бере тұрсын», – деп Саурықтың ауылына бір топ адам жібереді. Саурық ханға сәлем айтып: «Аманатқа қиянат жасамасын, аман қайырсын. Егер бұл тілек орындалмаса, аяғы насырға шабады, екі халық жауласады», – дейді.

       Кенесары Жаманқараны Саурыққа қайтармай оны өлтіреді. Сөйтіп екі ара ушығып, соңы қырғын шайқасқа ұласады. Бұл жайлы Нысанбай жырау жырлаған «Кенесары – Наурызбай» дастанында қырғыз Кәрібоз қарт Наурызбайға былай дейді:
– Ей, Наурызбай, ер төрем,
Қарайып жүрмін қаныма!
…Не жазығым бар еді
Кенесары ханыңа?!
…Құсшыны шапты шулатып,
Қарақыстақ, Шөңгірден
…Қалшаны ұстап байлады
Хан болып халқын меңгерген.
…Қыстай шаптың елімді,
Малымды салдың телімге.
…Бұрыннан-соңнан бар ма еді
Елшіге ниет өлімді?
Жаманқарамды өлтіріп,
Бір сындырдың белімді.
Тіріге қылсаң болмай ма,
Өлгенім саған не қылды?
Атаңның ақы бар ма еді
Есқожа, Қанай көрінде?
…Ықпалың асып тұрғанда 
Айта бер, төрем, сөзіңді.
Алтын жағаң қисайса, 
Қырғыздар ояр көзіңді.
Содан кейінгі жерде Кенесары қырғыздармен соғысуға аттанып, олардан жеңіліс табады. 
Саурық батыр Кенесарының өмірден өткенін ханымға былайша естіртеді:
– Атадан бала тумақ хақ,
Туғаннан соң өлмек хақ,
Кенесары, Наурызбай
Маңдайына тимеген дақ.
Атамыз – Адам пайғамбар,
Отыз үш мың сахаба,
Жүз мыңдаған пайғамбар –
Бірі тірі қалған жоқ.
Өзі жалғыз болған соң
Кімді аясын жалғыз Хақ.
Анадан бала туғанда
Шырылдайды өлем деп.
Опасы жоқ адамға
Сұм дүниеге келдім, деп.
Сол уақытта періште:
«Алла ісіне көнгін» деп,
Құйрыққа ұрар шапалақ.
Көнбеске не дүр шарасы?
Кенесары, Наурызбай – 
Абылайдың ұрпақ ханасы.
Көп халыққа бар еді
Алатаудай панасы.
Ұстады деп айтады
Қырғыз-қалмақ баласы.
Болашақты тоқтатар 
Адамның жоқ шамасы.
Сабыр еткін, ханым-ай, 
Қайырлы болсын қазасы!
Бір сен емес, уайымның
Елге батқан жарасы! – деп төгілтіп, ауыр қазаны жеткізген екен. Батырлықпен бірге ақындығы да бар батыр бабаның өмірінде осындай тарихи деректер бар.
Ұлы бабамыз Жамбыл тарихты көп білген. Сондықтан көп жырлаған.  Соны тыңдаған, қасында бірге жүрген шәкірті ақын Әбдіғали Сариевтің «Саурық батыр» дастанында Саурықтың орыстарға қарсы ерлік күресі жан-жақты баяндалған. Онда орыс патшасының әскерлері Қапал бекінісіне түпкілікті орнығып алғаннан кейін Жетісудың бай өлкесін басып алып, осы жерден сауда керуені жолын өз бақылауларына алуды армандайды. Осылайша, отарлау саясатына кіріседі. 1850 жылдары Ояз Ерентал басқарған орыс әскерлері ел шетіне шабуылдай бастайды. Найман елінің басқарушысы Артық батыр қос атпен хабаршы жіберіп, «Елімізді жау шапты, тек өзіңе ғана сенеміз» деп Саурық батырдан көмек сұрайды. Саурық батыр өзінің сарбаздарымен тез арада үш мың қол жинап, көмекке аттанады. Іледен өтіп, елді басып алып талауға салып жатқан Еренталдың он мың қолымен Алтын Емел тауында кездескен. Саурық үш мың қолын жүзден бөліп, оларды сарбаздарына басқартып, патша әскерлерін жан-жағынан қоршауға алып, Еренталды тірідей қолға түсіруді мақсат етті. Қоршаудағы жауға ел жата соғыс ашты. Орыс әскерлері байластырып қойған аттарына қараңғыда жете алмай, бет-бетімен қашады. Еренталды қолға түсіреді. Саурық батыр Еренталға: «Кеше сен бейқам жатқан момын елді қырдың, бүгін сол кегімді сенен аламын» деп, құлағын кесіп, шашын алып, қаруларын алып жолға салады. Ерентал Қапалға барған соң болған жайды хабарлайды. Патша үкіметі Саурық батырға қарсы оқ-дәрі артқан, зеңбірегін сүйреткен он бес мың жасақты Қапалдан Алматыға қарай аттандырады. Бұдан хабардар Саурық батыр Байсейіт батырмен Кенесарының ұлы Сыздыққа қос атпен хабаршы жібереді, жағдайды хабарлап, тездеп көмекке келулерін сұрайды. Байсейіт пен Сыздық  бес мың қолмен келіп,  Саурықтың жасақтарына қосылған. Енді Колпаковский басқарған орыс патшасының он бес мың қолына қарсы Саурық басқарған сегіз мың қол Іленің жағалауында Ақтоғайда кездесіп, кескілескен қатты ұрыс болып, екі жағы да көптеген адамдарынан айырылған деген деректер бар. 

Патша әскерлері Іленің сол жағасындағы тастарды паналап қорғанады. Саурық, Байсейіт, Сыздық үшеуі ақылдасып, тығылған жаудың қайта шығатынын тосып, жаумен үшке бөлініп соғысуға тоқтайды. Саурықтың қолы тау жақтан, Байсейіт тастақ жақтан, Сыздық Іленің төменгі жағынан күн шыға ұрысқа шықты. Кескілескен ұрыс болып, күн бата патша әскерлері қалған қолмен Түргенді өртеп, таудан аса қашқан екен. Қазақ қолы оларды Таутүргеннен асыра қуып тастайды. Жаудың қару-жарағы мол екен.  Оған тағы солдаттар қосып, қайта келеді. Біз оған дайын тұруымыз керек, не жеңіліп, не жеңіп тыныштық орнату керек. Ол үшін күш жинау керек. Саурық батыр Дулаттың батырлары Сыпатайға, Байұзаққа, Батырбекке, қырғыз манабы Жантайға хат жазып, ортақ жауға көмекке келуге шақырады. Колпаковский Саурыққа сөз салып, бітімге келіп бағынуын сұрайды. 

«Батыр бір сөзді» деген ғой халқымыз. Соған дәлел Саурық:
 «Өлсем, өліп қалармын, саған ешқашан бағынбаймын», – дейді. Саурықтан хат алған батырлар Қастекке көп қолмен келіп, шатырларын тікті. «Сойыс берді ер Саурық мейманына дүрмекте, қарамаймыз патшаға қырылып бүгін өлсек те» деп бәрі бірдей уәделескен. Бірақ Колпаковский әскерімен қайта кетіп соғыс басталған кезде онымен астыртын келісімге келіп, шен-шекпенге сатылған кейбір батырлар мен қырғыз манабы уәделеріне тұрмай, соғысқа қатыспай кетіп қалады. Желі оңынан тұрған Саурық, Байсейіт, Сыздық басқарған қазақ жауынгерлері елі үшін, жері үшін аянбай соғысып, Колпаковскийдің әскерлерін кейін ығыстырады. Саурық Байсейіт пен Сыздық батырларды ризашылықпен құрметтеп, алғысын айтып, шығарып салады. Осылайша Саурық батыр өзі өмірден өткенше Колпаковскийге берілмеді. Патша әскерлері Жетісуға қанша рет соғыс ашып, басқыншылық жасаса да олардың келіп орнығуын Саурық сынды батырлар қырық жылға шегеріп, бағынбады. Бұл тарихи деректерді Жамбыл бабамыздың өзі айтып, тапсыруы бойынша шәкірті ақын Әбдіғали Сариев жырлаған «Саурық батыр» атты ұзақ дастанынан оқып, жазып алдым, – деген шежіре қария бір демін алды. 

– Ақиық ақын Сүйінбай Саурық батыр өлгенде «Арыстаным, ақ жолым, Зұлпыхарым», – деп ұзақ жоқтау айтқан екен. Бұл да батыр бабам ерлігінің тағы бір дәлелі.

Жетісудың бас батыры, бүкіл шайқастарда қолбасшы болған Саурық батырдың Қоқан бектері мен орыс басқыншыларына, қырғыз манаптарына ұлтарақтай жер бермей елін қорғап, өмірінің соңына дейін аттан түспей, күресіп өткенін тарих біледі. Халқының бостандығы мен бақыты үшін жанын жалдап, тісін қайрап өткен батырдың аты оның ұрпақтарының, елінің есінде мәңгі жатталып қалғаны сондықтан.

Батыр баба өлген соң баласы Сыпатай батырлығын немере ағасы Сұраншымен бірге жалғастырады. Бұлардың ерліктері өз алдына бөлек әңгіме. 

Енді өзімнің ататегіме қатысты жайды айтайын. Арғы атасы Қарасай батырдан келе жатқан текті ұрпақтың бірі –  Бәкір Сыпатайұлы. Әкеміз ерекше парасатты, арғы-бергіні болжай білетін азамат еді. Елінің ардақты азаматының елу төрт жасында жазықсыздан жазықсыз 1937 жылғы дүрбелеңнің құрбаны болғанын өкінішпен еске аламыз. 

Саурық бабамыздан тараған тікелей ұрпақтары, келешегінен зор үміт күтіп жүрген аяулы азаматтар Бәкіров Темірхан (Беларусь майданында), Ыбрайымов Ысқани, Әбділдаев Боранқұл, Әбділдаев Тұрарқұл, Әбділдаев Жаңысқұл, Өмірәлиев Болатқұл, Мұсабаев Керімқұл Алматы қаласында жасақталған Панфилов дивизиясының құрамында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Мәскеу қаласы үшін болған шайқаста жеті бірдей ұлы ерлікпен қаза тапты. 

Дана халқымыз «Батырдан батыр туады, тектілік тұқым қуады» деп бекер айтпапты. Біздер – Бәкіровтар әулеті Саурық батырдың өнегеге толы өмірін мақтан етеміз. Қазақ халқында мұндай жау жапырған баһадүрлер көп. Демек, кейінгі ұрпақ олардың ерліктерін естерінде сақтаулары қажет. Тәуелсіздіктің қазақтың басындағы бағы екенін ұмытпайық. Мен өткен өмірімде  баба атына дақ түсірмеу үшін іні-қарындастарым мен балаларымды отаншылдыққа, ынтымақ пен бірлікті ту етуге тәрбиеледім деп ойлаймын.

Батыр ұрпақтарының бүгінде аталар өмірінің жалғасы болып өсіп-өніп, егемен елдің ертеңіне өзіндік үлес қосып жүргеніне риза боламын.

Әңгімені жазып алған 
Күмісжан Байжан,
Алматы облысының Құрметті 
азаматы, Жамбыл атындағы
халықаралық сыйлықтың лауреаты
Жамбыл ауданы

Қатысты жаңалықтар

Метан шығарындысын азайту шаралары

Метан шығарындысын азайту шаралары

15.07.2026
«TopIQ.kz» – цифрлық дәуірдің озық құралы

«TopIQ.kz» – цифрлық дәуірдің озық құралы

15.07.2026
Жетісуда баспасөз хатшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа талаптар түсіндірілді

Жетісуда баспасөз хатшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа талаптар түсіндірілді

15.07.2026
Ақпараттық хабарлама

Ақпараттық хабарлама

15.07.2026
Жаһандық атом ғылымындағы Қазақстанның рөлі қандай?

Жаһандық атом ғылымындағы Қазақстанның рөлі қандай?

15.07.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.