Дүние толқын. Ауысып тұрған мезгіл. Өткен өмір көз алдымызда бәрі-бәрі сайрап тұр. Балалық шақ, бал-дәурен, асыр салып ойнаған кез, тайға міну, мектеп табалдырығын аттау әр балдырғанның басынан өтетін кезең. Десек те, біздің замандастар тұсындағы ол бір уақыт, кешегі өткен сұрапыл соғыстың зардабын әр отбасы өз басынан өткізген ауыртпалығы мол жылдар еді. Біздер соны көрген, ата-әжелеріміздің, аналарымыздың тәрбиесін, әңгімесін естіген, солардың жан аямас еңбекқорлығын білген, солармен бірге жастаймыздан еңбекке араласып өскен ұрпақпыз. Бес жасымыздан бастап шешелеріміздің етегіне оралып қызылшаны сиретуге, ағаларымызбен бірге жаз бойы өгізге мініп, шөп шауып, атпен дөңбек бастырғанымыз есімізде. Сол өмір жолы біздерді шыңдап, өмірге деген құлшынысымызды арттыра түсті деп толық айта аламыз. Оған куәміз де.
Жексембі атам (аруағы разы болсын) айтып отырушы еді жарықтық. “Сыйластық көп, дос аз” деп. Ол кезде оған аса мән де бере қоймаған болармыз. Қарап отырсақ, осы бірауыз сөзде қаншалықты шындық, мағына жатыр. Хакім Абай:
“Бір тәуір дос
Тым-ақ керек
Ойы мен тілі бөлінбес.
Сондай досы бар адам,
болар сірә өкінбес”
дегендей, Ғалымбек Қалиұлы Алпысбаев ойы мен тілі бөлінбеген шынайы ДОС болатын. Біз бір жылдың төліміз. Мектептің де есігін бірге аштық, ойымыз да, арманымыз да, тіліміз де бір еді. Талаптының басында допты қуып, асау Көксудың суына шомылып, көк орай шалғын әсем сазына аунап-қунап, жарысып, арман қуып бірге өстік. Айласыз, мұңсыз кез еді-ау, шіркін! Әркімнің туған жері өзіне Мысыр шаһары. Ол рас. Біздің жер жаннаты Жетісудың қай өңірі болмасын аса көрікті, әсем, сұлу-ақ.
Жер таппан жерге жетер Жетісуым:
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,
Асқардан ақтарылып арқыраған,
Жөкеңнің кім аңсамас балдай суын, – деп Жетісудың ғана емес, мұқым қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров жырласа жырлағандай-ақ қой.
Сәл шегініс. Нұртілеу (Бай-қуатты болайық) ініміз айтқандай: “Ілиястай туған жердің – Жетісудың тау мен тасын, өзен-суын, гүл жайнаған даласын, аң-құстың үш жарым мың түрін түстеп, анық ашып жырлаған ақын болған емес”.
Айналайын Ақсудың Сарадай, Ілиястай алыптарды өсірген еліне, жұртына дән ризашылығымды білдіретін жөнім де бар. Мен Көксуда туып, түлеп, ержетсем, Ақсуда қызмет атқарып, АЗАМАТ атандым. Соған қуанамын, ризамын.Ілияс бабамыз енді бірде:
Ақырып айғай салған Көксу алып,
Жазыққа шыға келсе үркіп ағып.
Егінсуы, ылғи диқан Жалайырлар,
Үлеседі үй басына тоған алып.
Сол елдің қыдырынды қыдыры сол,
Сар дала, қарақазан болып қарық, – деп қалай ғана көрегендікпен тауып айтқан десеңізші?! Ертеде біздің ауыл Жаршапқан деп аталатын, оның себебі тау бөктерін, жар етіп шауып, Көксудың суын ақын айтқандай, тоған қазып әр үйге жеткізілетін (0,25 га) жер сары баланы да, қара қазанды да қа-рық болдыратын. Ол кезде ұжымшар ақшалай табыс болмайтын, тек еңбеккүн жазылып, жыл соңында өнімге қарай әр еңбеккүнге астықтай, құмшекердей берілетін. Соған шындығында қарық болатын едік. Сол Талаптының құйқалы қара топырағы аудан, облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш гектарына 550-600 центнерден қант қызылшасынан өнім беретін.
Бірде өлкемізге Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келіп, Шаңырақтың, асау Көксудың көкиірім жотасынан Талаптыға көз салып, сүйсініп “анық жер жаннаты” деген екен. Топырағы торқа болсын, ағамыздың сол айтқаны есте тұр-ау.
Тоқсан ауызсөздің тобықтай түйіні: Ата-бабаларымыздың, замандастарымыздың, Ғалекеңмен біздің де осындай бақ қонып, Қыдыр дарыған туған жерімізде табанымыздың ізі жатыр. Сонымен де жүрегімізге жақын. Толғанамыз. Сергиміз. Серпілеміз. Туған жерге тағзым етеміз, есімізде сақтаймыз. Осының бәрін айтқандағы ойымыз, сол балалық, бозбалалық кезең әркімге болса да қымбат-ау деп ойлағандықтан, бізден кейінгі және болашақ ұрпаққа жұғысты болсын дегенге саяды. Біздің замандастарымыздың жас кезі қаншалықты қиын болса да, елдің іші жақсы, жарасымды, тату болатын, ел еңбекқор еді. Адамдар асарлап кірпіш құйып, үй салатын, бір отбасына қиыншылық түссе, ел болып көтеріп алатын, есік жабылмайтын, қорқыныш болмайтын. Жастарда үлкендерге деген құрмет, кішіге деген ізет, болашаққа, ізденіске, еңбекке деген құлшыныс басым еді. Ел басқарған ағаларымыз: Жылқайдар, Әбдірұзақ, Үмбетқали, Қайрат, Қали, Төлеген, Құлжабай, Жұмаш көкелеріміз соғыстың да, өмірдің де өткір желінен, кескір боранынан қамықпай өткен даналарымыздың кісілігін, алғырлығын, мәрттігін көрген біздер со-ларға қарап бой түзедік, өсіп-өндік.
Аталы сөздің, абыройлы істің де иелері еді жарықтықтар.
Жетіжылдықты бітіріп, Ғалекең Жаркентке мұғалімдер даярлайтын училищеге оқуға кетті. Үмбетқали ағайым Қойбыш ұжымшарына партия ұйымының хатшылығына сайланып, біз сонда көштік. 10-класты сол жерде бітіріп, Ғалымбек те бастауыш мектебі мұғалімі дипломын алып елге оралды, қайта табыстық. Ол кез махаббат қызық мол жылдар еді ғой. Ол рас. Қали ағамыздың сары мотоциклі бір тоқтамайтын. күндіз аға, түнде біз мінетінбіз. Таңды бірге қарсы алатын едік.
Ғалекең ақжарқын, дарқандығы, қалжыңы мол, аузын ашса көмекейі көрінетін, өмірінде өтірік айтқанын көрген емеспін. Жаңашылдығы да бар еді. Бірде радиобөлшектерін сатып алып, сары жәшікті радиоқабылдағыш жасап шығарды. Мандалинкада да жақсы ойнайтұғын. Бесаспап. Сегіз қырлы, бір сырлы десе де болады. Қай істе болсын алда. Осының бәрі тектілігінен болар. “Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады”.
Қали аға да, Нұрсақан апамыз да өте текті жандар еді. Дастарқандары еш жиылмайтын, ауылдан келіп-кетушілер үнемі сол үйден табылатын. Қайран қазақтың сыйластығы, дарқандығы-ай! қазір ойлап отырсам ертегі секілді, не деген кеңдік, бауырмалдық, ауылдастық десеңізші.
Қали аға Жетісудың біртуар азаматы болатын. Ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдерімен әр кез сыйласымда, салиқалы әңгімелері, достығы біртөбе еді. Тарихқа, әдебиетке ден қоятын, сөзге шешен, ақылман адам еді.
Аға, апамыздың ұл-қыздары да бәрі дерлік өнегелі, үлгілі, сөзге шешен болып өсті, жақсы отбасын құрды. Шолпанымыз біздің әулеттің қара шаңырағы – Әбдірұзақ ағамыздың ұлы Өміржанға тұрмысқа шығып, бізге келін болды. Айналайын Шолпан қызымыз бүгінде қара шаңырақтың уығын қисайтпай мықты ұстап отыр. Ризамыз.
Ғалымбек те сөзге ұста болатын. Оны жалғыз мен ғана емес, замандастарымыз барлығы дерлік мойындайтын. Институтты бітіріп келгеннен кейін мектепте ұстаз, ұжымшарда комсомол жастар ұйымының жетекшісі, ХХІІІ партсъезд, Жетіжал кеңшарының партия ұйымының хатшысы, кейінгі 30 жылдың көлемінде мектеп директоры лауазымды жұмыстарын абыроймен атқарып, елдің құрметіне бөленді. Көксу ауданының Құрметті азаматы. Ғалекеңнің ерен еңбектері, әсіресе, ұстаздық, игілігі мол істері әсте ұмытылмақ емес. Достарға деген адалдықты, әділдікті, кісілік келбетін өзінің өмір жолында айнымай, мықты ұстай білді деп толық айта аламыз. Ол – рас. Ойласақ, орны бөлек жан.
Ғалымбектің өмірлік жары – Кенжегүл “Әйелдің жақсысы еркектің бағы” дегендей, туған күндері де 29 наурыз. Екеуі қосылып ән шырқағанда сахнаның, отырыстың сәні болатын. Әке мен ананың жақсы-жайсаңдығы балаларына да жұғысты болып, әдемі қыздар, өнегелі ұлдар өмірге келді. Бауыржан қара шаңырақтың иесі, немере-шөберелер өсіп жетілуде, өз құрбыларының алды, алтын медаль иегері. Шүкір!
Аталарының, әкелерінің бойындағы асыл қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табады деп сенеміз. Өмірдің сәні де, мәні де осыларда. Ұрпақ жалғастығы бәрінен артық. Өмірдің заңы – солардың амандығын, болашақтарының жарқын болуларын тілейміз.
Абай бабамыз: “Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?” десе, Кәкімбек Салықов ағамыз: “Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды” дегендей, бәрі өтпелі. Дүние – жалған. Ғалымбек достың жатқан жері торқа, иманы жолдас болсын. Нұры пейіште шалқысын. Құран бағыштап, еске алу парыз. Жақсының аты өлмейді. Өйткені еске алып отыру – өскендіктің белгісі.
Жомартқали ЖЕКСЕМБІНОВ





