Алматы облысында 41 жастағы Ресей азаматын аю талап, мерт болды.
Қайғылы жағдай Алакөл ауданында болған. «Бала күнінен Алакөл ауданындағы Лепсі ауылында тұрып келе жатқан 1979 жылғы Ресей азаматы достарымен бірге балық аулауға барған. Оқиға Ұлттық парктің аумағында болған. Әлгі азамат сол жерде борсықты көріп, артынан қуа жөнелген. Бірақ артынша оның жан ұшырған дауысы естілген. Достары жеткенде ол қансырап жатқан. Сол маңда жүрген адамдар аюды көрген. Олардың болжамынша, әлгі аң борсық емес, аюдың қонжығы болуы мүмкін. Сірә, қонжығын қорғаған аю адамға тап берген. Жарақат алған ресейлік көз жұмды», — деді бұл оқиға жайлы Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел «Қазақпаратқа» берген түсіндірмесінде.
Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға ағымдағы жылдың 30 мамыры күні, сағат 06.25 шамасында Алакөл ауданының тауларында орын алды. Аю 1979 жылғы Ресей Федерациясының азаматына шабуыл жасаған. Аталған дерек оқыс оқиға ретінде тіркелді.
— Куәгерлердің айтуы бойынша, қайтыс болған азамат туыстарына демалуға келген Лепсі ауылының тумасы. 28 мамыр күні оқыс оқиғаға тап болған азамат «Лайка» тұқымды итімен және үш танысымен бірге атпен Лепсі өзеніне балық аулауға аттанған. 30 мамыр күні, үйге қайтып келе жатып, жолаушылар 6 шақырымға жуық жол жүрген. Сол сәтте ит аюдың қонжықтарын байқап, оны қууға кіріскен. Итті борсықтың ізіне түсті деп ойлаған атты жолаушы соңдарынан ерген. Ағаш арасымен жүгіріп кеткен ит бір мезетте қатты ұлыған. Қаза болған азамат итіне көмектеспек болып ағаш арасына кіріп кеткен. Біраз уақыт өте азаматтың қатты дауысы естілген. Сол сәтте бұталарды сындыра, ағаш арасынан, жылқы мен адамдарды қорқыта аю шығып, орманға қарай қашқан. Достары оның денесін бөлшектенген, көптеген жарақаттармен, өлі күйінде тапқан. Зақымданулар иттен де табылған, — дейді Алакөл аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қуат Оспанов.
Полицейлер көктемгі кезеңде аюлар өз қонжықтарын қорғау мақсатында агрессивті болатындығын және осыған байланысты сақтық шараларын сақтау қажеттілігін ескертті. Адамға шабуыл жасауға итермелеген себеп ретінде аюдың қонжығын қорғамақ болғанына байланысты аюға ату жүргізілмейді.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





