Мектеп бітіру кештеріне ақша жинау, ұстаздарға сый-сияпат жасау жылда жалғасып келе жатқан үрдіс. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұған қатаң тыйым салынғанымен кейбір мектептерде ата-аналардың ұйымдастыруымен жасырын түрде жүзеге асып келеді.
Осыған орай. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова министрліктің Facebook парақшасында мәлімдеме жасап, биыл мектеп бітіретін түлектердің білім ордасына, ұстаздарына сыйлық беруіне тыйым салынатындығын және бұл жағдай қатаң бақылауда болатындығын ескертті.
Бұл туралы ақпарат берген Алматы облыстық білім басқармасы аталмыш мәселеге жауапкершілікпен қарауға шақырады. Соңғы қоңырау, мектеппен қоштасу шараларына орай министрлік тарапынан ескертілген мына жайттар да естен шықпауы қажеттігін алға тартады:
«Біріншіден, іс-шараларды өткізу барысында әртүрлі агенттіктерді, жекеменшік студияларды не аниматорларды шақыруға болмайды. Мұндай іс-шаралар кең ауқымды болмауы қажет. Мерекелік дастарқан жаю мәселесі мүлдем қарастырылмауы тиіс. Мектеп бітірушілер бірнеше автомобиль жалдап, қала ішін, жергілікті жерлерді араламауы керек. Мейрамхана, дәмхана және басқа да көңіл көтеру орындарында түлектердің қатысуымен шаралар болдырмау үшін ата-аналармен тиісті жұмыс жүргізілуі қажет».
Осыған орай мектеп басшылары, ұстаздар, ата-аналар артық шығынға жол бермей, карантиндік жағдайға орай сақтық шараларын сақтап, мектеппен қоштасу рәсімін аттестат тапсырумен ғана шектегені абзал.
Алма ЕСЕНБАЕВА
Алматы облысы
Сурет — ғаламтордан





