Баланы ұрып-соққанымен қоймай, көзіне тұз сепкен. Нина Шелипова есімді тұрғын Алматы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түскен 8 жасар ұлын азаматтық некедегі күйеуі қалай соққыға жыққанын айтып берді. Бұл туралы «Қазақпарат» тілшісі жазды.
Н.Шелипова азаматтық некедегі күйеуі жалғыз ұлын өлімші етіп сабап жатқан кезде үйде болған.
— Сол уақытта күйеуімнен қорықтым. Балам екеуімізді бірдей өлтіреді деп ойладым. Ол ішімдік ішіп алған. Біз оның айтқанының бәрін істедік. «Ваннаны жу», — деді, жудық. Бірақ соған қарамастан ұлымды ұрып-соқты. Көзіне тұз септі, — дейді баланың анасы.
Өгей әкесінен соққы жеген 8 жасар ұл қазір Талдықорғандағы Алматы облыстық балалар аурухасының жансақтау бөлімінде жатыр. Ол сәуірдің 18-інен 19-ына қараған түні түнгі сағат он екі жарымда «Жедел жәрдем» көлігімен осы жерге жеткізілген.
Бала ес-түссіз халде болған. «Үш күннен кейін ғана есін жиды. Миына қан құйылған. Кеуде қуысы, іш қуысы, өкпе, ішектеріне зақым келген. Сүйектері аман, сынбаған», — деді Алматы облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Марат Досқалиев.
Баланың анасының айтуынша, бірінші көршілері полицияны шақырған. Содан кейін ғана ол «Жедел жәрдемге» хабар берген. «Үйімізде отбасылық жанжалдар болып тұрады», — деген әйел өзінің алкогольге әуестігі жоқтығын айтады. «Мені де ішімдік ішті деп ойлайды. Бірақ еш уақытта ішпегенмін, шіркеуге барамын», — деді ол.
Нина Шелипованың сөзінше, 32 жастағы ер адаммен көңілі жарасқанына үш жылға жуықтаған. Енді оның заң алдында жауап беруін талап етуде.
— Ол жасаған қылмысын толығымен мойындап отыр. Қазір күдікті уақытша ұстау абақтысында. ҚР Қылмыстық кодексінің 106 бабы, 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтіру) бойынша сотқа дейін тергеу жүргізілуде, — деді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Ақбота Әзірбек.
Ал шарасыз күйдегі баланы аяусыз ұрып-соққан ер адам үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





