Талдықорған: +26°C
$ 469.83
€ 536.83
₽ 5.97
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

ҰЛТ АҚЫНЫНЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ

12.04.2020
КҮЛТӨБЕ
ҰЛТ АҚЫНЫНЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ
WhatsAppTelegramFacebook

Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл, алғашқы жинағының жарық көргеніне 110 жылдан асты. Ә. Бөкейхановтың 1905 жылы жазған мүнаһиб-мақаласы, К. Ысқақовтың 1909 жылғы тұңғыш жинаққа жазған алғысөзі, А. Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны», М. Дулатовтың «Абай» атты мақалаларынан бастау алған Абайды тануға, зерттеуге, танытуға деген талпыныс бір сәт толастаған емес, толастамайды да. 

 


ХХ ғасырдың алғашқы кезеңіндегі саясиланған сананың сарынымен айтылған, жазылған солақай сындар төреші-уақыт сапысымен сылынып тасталды. Абайтану тарихы, ақындық мектебі, мұрасының поэтикалық, философиялық, педагогикалық-психологиялық мән-маңызы әр ғылым саласынан тереңдей талданып, зерттеліп келеді. Кеңестік кезең  ақынның ислам философиясына, шығыстың классикалық әдебиетіне, орта ғасыр, Алтын Орда дәуірі әдебиеті мен жыраулық поэзияға, «зар заман» ақындарына қатысын терең зерттеуге қол байлау болғанымен, абайтануға атқосқан Алаш азаматтарының, аға буын, орта буын ғалымдардың еңбегі ұшан-теңіз. Тәуелсіздік таңының арайымен Мұхтар Әуезов жүйелі зерттеген, негіздеген абайтану ғылымының бүгінгі көкжиегі кеңейіп, жаңа бір тынысы ашылып, ұлы Абайдың ойшылдық, ақындық мәртебесі әлемдік деңгейдегі ақындар мен данышпандар қатарынан көрінді.

«Абай да әлем мәдениетінде ең әуелі, ұлы ақындығымен қастерлі. Сол ақындығымен әлемдік өркениет тарихындағы ұлы тұлғалармен бой таластырып тұр. Ақын, профессор А. Егеубаев айтқанындай: «Ол адам баласына қымбат ойларын ең әуелі ақын көзімен көріп, өлең тілімен толғаған жұмбақ жан».

Абай тек қазақ поэзиясының ғана емес, ұлт мінезінің, ақыл-ой деңгейінің биік межесі, өлшем таразысы. Қай қоғамда, қай кезеңде өмір сүрмеңіз жүрегіне жүгіне жырлаған, көкірек көзі сәулелі ақынның кемел ой өсиеті, ғақлия-нақыл сөздері – адамдық, адалдық жолындағы соқпақ жол, сарабдал бағыт. Абайды тану арқылы адамның болмысқа, шындыққа көзқарасы кеңейіп, жан дүниесі тазарып нұрлана түседі, білімі молайып, біліктілігі артады. Абай мұрасы – адамтану мен ақиқаттану айнасы. Демек, Абай мұрасын оқып үйрену, жаттау, насихаттау, зерттеу ғана емес, ұлттық идеологиямыздың ұстанымы ретінде таныту парыз.
Ұлы гуманист-ақынның адамгершілік, әділеттілікті жырлаған асқақ мұраттарымен біте қайнасып жатқан ғұмырлы ойлары бүгінгі күн талабымен ұштасып, жас ұрпақтың сусындай берер рухани асыл қазынасы болып қала бермек.

Ақынның ел болу мұратынан туындаған «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген тарихи, саяси талабы Абай өмip сүрген қазақ қоғамының бодандық жағдайында ұлы ойшылдың азаматтық ақындық, қайраткерлік миссиясының өзегіне айналды. 

Ақын өзiнiң гуманистiк идеалы тұрғысынан қазақ елінің XIX ғасырдың екiншi жартысындағы саяси-әлеуметтiк күрделi өзгерicтердің қыспағында қалған шағында туындаған сан aлyaн өмip талаптарының бiрi peтiнде жас ұрпақтың білімділік, тәрбиелік, имандылық қасиеттері қандай болмақ деген ойға ерекше назар аударып, ағартушылық лирикасы арқылы «жаңа өспірім, көкөрімге» «артық ғылым кітапта» екенін айтып, «ғылым таппай мақтанбауға» кеңес берді. «Адам болам десеңіз» «бес асыл істі» қасиет тұтуды, «бес дұшпаннан» бойды аулақ салуды, «пайда ойламай, ар ойлауды» өсиет етті.
Дүние де өзі, мал да өзі, 

Ғылымға көңіл бөлсеңіз, – деп жырлаған ақын, ғылымды екі тарапта адамның ғылымы, Алланың ғылымы деп жіктеп, «адамның әр нәрсенің түбін білмекке ынтықтығы», «…һәммәні білетұғын ғылымға ынтықтықпен» сабақтастырады. Себебі, ақын өсиетінің нәрі – білмекке құштарлық та.

Күнбатыстан соққан ызғарлы замана желінің өтінде қалған, жақсы менен жаманды айырмаған қайран жұртының тағдырына қабырғасы қайысып қан жұтқан ақынның «қалың елі қазағының» қалың соры бірлік жоқ, шын пейіл жоқ мінезінде екендігін айнытпай танып, ашына айтқан, бірде күңірене, бірде түңіле жырлаған ақынның мұң-зар толғауы боямасыз.

«Таласып босқа, жау болып досқа, қор болып құрып бара жатқан жұртының, ұлтының психологиясын терең таныған, қазақ мінезінің мінін тамыршыдай тап басқан ақын: 
Біріңді қазақ бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос! – деп 
«Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ» елінің дертінің диагнозын дәл тауып, дауасын да дөп  басып көрсетіп кетті.        

Алғашқы өлеңдерінде ағартушылық-дидактикалық бағыттағы ақыл-кеңес айтып, өнер-білімге, талап пен еңбекке шақырған ниеті мен ойы айқын көрінсе, сыншыл реалистік ағымдағы лирикасы замана келбетін, әлеумет өмірін, адамдардың мінез-құлқын бейнелеген сарынға ауысады. Енді бірде сатираға, ащы сынға өріс береді. Ащы етке тұщы таяқ жұмсайды. “Сөз қыдыртқан, жұрт құтыртқан”, антын арын саудалаған, “тасыса өсек, ысқыртса кесек, құмардан әбден шыққандай” аяқты алшаң басқандардың кері кеткен кесапат кейпін сықықтап, адам мінезін, заманды түзетпек ойын ашық айтады. Сатиралық бейнелер өнерде оқырман үшін күлкі туғызар комедиялық көрініс десек те, өмірдегі, тірліктегі трагедия. Ақыл-кеңеске құлақ аспаған ащы сыннан айылын жимаған жұрт мінезіне бірде налыған, бірде ашынған, бірде шамырқана ширыққан ақын жер ортасы жасқа келгенде адамгершілік, имандылық туралы ғибратын діни ағартушылық, діни-дидактикалық ағымға дейін көтерді. Ұлт психологиясын терең танушы әрі шебер суреттеуші ақын сомдаған ұлттық бейнелер шынайы әрі бейнелі.     

«Адам деген даңқым бар» деп асқақ толғаған ақын Алла «махаббатпен жаратқан адамзаттың» асыл қасиеттерін, ізгілік сипаттарының қайнар бастауы қайда екенін «толық адам» туралы тұжырымдамасы арқылы түсіндірді. «… Адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қойған» (М.Әуезов) ақынның «табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адамы» Сократтың «өзін-өзі тани білген», дао іліміндегі «жетілген адам», шығыс ойшылдары пайымындағы «камили инсани» Абай тұжырымындағы «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған» «толық адам».    

 «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» екенін, заманына қарай «қағида шариғаты өзгерсе де, тағриф Алла еш жерде өзгермейтінін», әһлі кітап (қасиетті кітаптар) сөздерінің Алланы танытуында айырма жоқтығын, Алланың мінсіздігін, пайғамбардың хақтығын уағыздады. Абсолюттік ақиқатты тануға талпынысы,  білмекке құмарлығы ақынның тәңіріге ғашықтығын тудырған.
Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,
Өзіне құмар қылған оның әмірі.
«Терең ойдың телміріп соңына ерген, Алланың рахматын жар тұтқан, құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаған» ақын поэзиясындағы діни-дидактикалық ағымның, Құран сүрелері мен аяттарындағы, хадистердегі қағидалардың, ислам ойшылдары мен хакімдерінің пәлсафалық ой-тұжырымдарындағы пайымдаулардың ақын танымындағы көрінісі терең зерделей зерттеуге зәру. 

«…Абайға шығыстан келген бұйымдардың басы – ислам дінінде», «Абай діні – сыншыл ақылдың шартты діні» екендігін М. Әуезов тегін ескертпесе керек. Ақынның Алла, адам, адамзат, әділет, иман,  жайындағы гуманистік ойларының  түйіні –төмендегі шумақта тұжырымдалған:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және сүй, хақ жолы деп ғәдәләтті.

Абайдың дін туралы пікірлері оның діни ойларының  адамгершілік, әділеттілік, имандылық қасиеттермен тұтасып, үндесіп жатқанын байқатады. Абай болмыстың ақиқатын, сырын танып, ой қорытқан. Ислам дініне ізгіліктің, адамгершіліктің, бейбітшіліктің қайнар көзі ретінде қарап, Құранның іші толған «ғамалус-салих» (ізгі ой, игілікті іс) – екенін айтқан.

Ұлы ойшылдың қара сөздеріндегі әр өсиет – саналы, сөз ұғар қазақ баласы үшін үлкен өмір мектебі. «Адамға үш алуан адамнан жақсы мінез жұғады. Ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан, әсіресе солардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», «адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» деген пайымдары –  өмір тәжірибесінен екшеліп, сұрыпталып шыққан қорытпа ой түйіні. Қара сөздеріндегі әрбір өсиет, нақыл – болашағына бейжай қарамайтын білімді, тәрбиелі, саналы жас үшін зор рухани азық. 

Абай қара сөздерінің жанрлық ерекшелігі де өзгеше. Бірде монолог, бірде Сократтық сұхбат, бірде шешендік сауал, бірде нақыл – ғақлия, бірде ойтолғақ, бірде көсемсөз, енді бірде ғылыми трактат. Қара  сөздердің өн бойында қан тамырдай таралған сыни ойлар мен кемеңгерлік толғамдар – берісі адам, қоғам, ұлт, арысы адамзаттық көкейкесті мәселелерді пайымдаған тәлімдік, тәрбиелік, танымдық, философиялық тұтас туынды. 

Абай даналығы – алдында бағыт көрсетер жол бастар соқпақ із жоқ сахарада, соқтықпалы жерде, мыңмен жалғыз алысып жүріп кемел ой, кәміл сенімге жетіп, толық адамға, ұлттың ұлы тұлғасына айналуы, әлемдік әдебиет көшінің алдыңғы легінде көрінуі.

Абай поэзиясының мазмұны адамзат игілігіне қызмет етер ізгілікке, гуманизмге ұласқан. Әлеуметтік эстетикалық талғамы асқақ сыншы тек адам атаулыны ғана емес, зұлымдық пен надандықты тудырып отырған отарлық саясатты, темір құрсау заңды, сұрқия заманды сынайды. Өз ортасынан бойы да, ойы да озық ақын өз қолынан ырқы кеткен, бодандыққа басы байланған халқының ертеңін, езгіден құтылып, егемендікке ұмтылудың жолын іздеді. Ол жол оқу, білім, өнер жолы екенін бек түсінді, сондықтан ұйқыдағы елін оятуға талпынды, насихатын айтты, өңменінен өткізе сынады, ар мен ұят ойламай жанын асырағандардан, өз сөзінен басқаны ұқпайтындардан, өз елін өзі аңдығандардан түңілді. «Қайғы мен ыза қысқан соң», тілінен зар шықты.          
Түзетпек едім заманды

Өзімді-өзім зор тұтып, – деген ақын мақсаты айқын.              

Абайдың адам мен қоғам жайындағы тұжырымы – қазақ топырағындағы жаңа тұжырым. Абай адамды белгілі қоғамдық өмірдің жемісі, нәтижесі ретінде қарады. Оның қимыл-әрекетін, моральдық келбетін өмірге, әлеуметтік тұрмысқа байланысты көріп, бағалап бейнеледі. 

Өмір мен өнерді астастыра жырлаған ақынның идеялық-эстетикалық концепциясы да жігі көрінбестей біртұтас.

 Абай мұрасының ел ішіне таралуынан  бүгінгі күнге дейін ғасырдан астам уақыт өтті. Заман да, адам да, заң да, әлеуметтік-саяси хал-ахуалда өзгерді. Дегенмен, адам  бойындағы «бес дұшпан» заман ағымымен көлеңкедей ілесіп қалмай келеді. Бүгін де өсек-өтірік, ұрлық, қулық-сұмдық, қанағатсыздық, мал шашпақ мақтан, ысырапшылдық, немқұрайдылық, тоғышарлық, парақорлық – жемқорлық, пайдакүнемдік, бақталастық, бәсекелестік, билікке, атақ-даңққа құмарлық сияқты  келеңсіздіктер жайлап, тіпті, бала тәрбиесіне салғырт қараудан, дінді ғылыми негізде түсінбеуден догмалық соқыр сенімге бой ұру, теріс пайдалану  тәрізді жағымсыз құбылыстардың кеңінен өріс алғаны да ақиқаттан алыс емес.

 Ұлы ақын  қалың елі қазақтың қаймана қалпын, бодандыққа бойсұнып боркемік тірлік  кешкен елінің бейдауа күйін,  «…қайран жұртының  жоғын жоқтап, мұңын мұңдап…, бар жанымен ынтыға сүйген» (М.Әуезов) қам көңілдің қапалы толғанысын, әлеуметтік-қоғамдық жүгі ауыр, саяси астарлы мәні зор, сыншыл реалистік бағыттағы  өлеңін 1986 жылы 41 жасында  жазған. Отарлық озбырлықтың боданында өз ырқы өз қолыңнан кеткен, «талауда малы, қанауда жаны» қалың елі  қазағының қамын жеп, тағдырына қабырғасы қайысып, қамсыз, қарекетсіз қалпына қынжылса да өмірі мен өнерін ұлтының болашағы жолына бағыштаған, ұрпағына баға жетпес мұрасын мирас еткен Абайдың мәңгілік мұрасы – адамның  өмірге келген сәтінен  ахиретке дейінгі бар болмысын танытар тәлімдік кодекс.   
Ақынның тұнық ойының тұңғиығында жатқан інжу-маржандарын жүрегіңнің түбіне терең бойламай қасиетін тани алмайсың. Абай жолы – ақын тыңнан салған жалғызаяқ соқпақ жол, соқтықпалы жерде мыңмен жалғыз алысып өткен жол, артына өлмейтін сөз, өшпейтін із қалдырған өнегелі жол. 

Абай даналығы – алдында бағыт көрсетер жол бастар соқпақ із жоқ сахарада, соқтықпалы жерде, мыңмен жалғыз алысып, жүріп кемел ой, кәміл сенімге жетіп, толық адамға, ұлттың ұлы тұлғасына айналуы, әлемдік әдебиет көшінің алдыңғы легінде көрінуі.

Ренессанстық тұлға ұлы Абай мұрасының көркемдік көкжиегін, эстетикалық құнарын, ізгілік мұратын әлем әдебиетінің озық үлгілерімен, діни-пәлсафалық ойдың биігіндегі жауһарлармен салыстыра зерттеу де өзекті мәселе.

Абай кемел ой,  кәміл сенімге жетіп, ұлттың ұлы тұлғасына айналған, қазақ халқының маңдайына біткен данышпаны, шығармалары – теңдесі жоқ ұлттық олжамыз, сарқылмас рухани қазынамыз. Ақынның өлеңдері мен поэмаларындағы  аудармаларындағы, қара сөздеріндегі өсиет-өнеге, тәлім-тәрбие, тағылымды, ғибратты нақылдар теңдесі жоқ сарқылмас қазынамыз. 

 Абайдың: «Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек –қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас…, Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?!» деген үмітті арманында мол ғибрат бар. Осы бір ғасыр кенерінде қаншама тарихи төңкеріс, саяси сүргін, қынадай қырғын көрген қалың ел – бүгінде ұлыларын ұлықтаған, рухани мұрасын мирас тұтқан, болашаққа бағдары айқын  егеменді, тәуелсіз мемлекет. 

Шын мәніндегі профессионалдық әдебиетке айналып, әлемдік деңгейде танылған қазақ әдебиетінің көшбасшысы Абай мұрасын жан-жақты зерттеу, терең таныту, оқыту  бүгінгі күні мемлекеттік дәрежедегі маңызға ие. Ұлттық сананың берік орнығуына тұғыр болар ұлы тұлғаның теңдессіз «самародный сыры алтын» мұрасын бір жүйеге түсіріп, ҰЛТТЫҚ  РУХТЫ жаңғыртуда идеологиялық темірқазыққа айналдыруды ойласатын уақыт келді. 

Сайлау ҚОЖАҒҰЛОВ,
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің профессоры

 

Қатысты жаңалықтар

Аптапта сая болған су мерекесі

Аптапта сая болған су мерекесі

17.07.2026
Ауызсумен толық қамтылады

Ауызсумен толық қамтылады

17.07.2026
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөз сөйледі

17.07.2026
Доллар 500 теңгеге жете ме? Сарапшылар 2026 жылға жаңа болжам жасады

Доллар 500 теңгеге жете ме? Сарапшылар 2026 жылға жаңа болжам жасады

17.07.2026
Қазақстанда 19 шілдеден бастап бірыңғай QR-төлем жүйесі іске қосылады

Қазақстанда 19 шілдеден бастап бірыңғай QR-төлем жүйесі іске қосылады

17.07.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.