Қазақстан Ұлттық банкі жүргізген кезекті макроэкономикалық сауалнамаға қатысқан сарапшылар 2026 жылға арналған доллар бағамы бойынша болжамдарын қайта қарады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ұлттық банктің мәліметінше, сауалнамаға макроэкономикалық көрсеткіштерді талдау және болжаумен айналысатын 16 ұйымның өкілдері қатысты. Олардың қатарында қаржы нарығының кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, рейтингтік агенттіктер және халықаралық ұйымдар бар.
Сауалнама барысында экономистер мұнай бағасы, доллар бағамы, инфляция, базалық мөлшерлеме, жалпы ішкі өнімнің өсімі, экспорт пен импорт көлеміне қатысты болжамдарын ұсынған. Ұлттық банк мұндай сауалнаманы базалық мөлшерлеме жөніндегі шешім қабылдар алдында жылына кемінде төрт рет өткізеді.
Экономистердің жаңа болжамына сәйкес, 2026 жылы АҚШ долларының орташа бағамы 500 теңге деңгейінде қалыптасады. Бұған дейін, мамыр айындағы сауалнамада бұл көрсеткіш 498,8 теңге болады деп күтілген еді.
Сарапшылар 2027 және 2028 жылдарға арналған болжамдарын да көтерді. Жаңартылған есеп бойынша:
- 2027 жылы доллардың орташа бағамы – 532,1 теңге;
- 2028 жылы – 566,6 теңге болады деп болжанып отыр.
Айта кетейік, KASE-дегі 16 шілдедегі сауда қорытындысы бойынша АҚШ доллары 2,36 теңгеге қымбаттап, биржадағы орташа бағамы 472,07 теңгені құрады.
Ал Қазақстан Ұлттық банкінің 17 шілдеге белгілеген ресми доллар бағамы 472,34 теңге болды.





