Ауылдың қара домалақ баласы арман атты арғымақтың жалына жабысқан сәтте қиял пырағына қанат бітіріп, ой көгінде қалықтайтыны бар. Шөмеленің үстінде шалқасынан жатып, Еділ мен Жайықтың суы бақайынан келмей шірене көсіліп, тебіренеді келіп. Сондағы бар тәтті тілек – Қонақбаевтай қайратты боксшы болу. Қарсыласын сұлатып салып, Көк туды емірене сүю. Мұхаммед Әли, Тайсон сынды гүрзі жұдырықты апайтөстердің алдын орау. Қиял деген шіркін жарық жылдамдығын көзге ілсін бе? Жүйрік қой, жүйрік!
«Жиған жоңышқаның дәнін үгітіп бітіретін болды ғой мына жүгермек» деген ана айқайынан кейін жерге домалап түсетін де сағдарды сағызша шайнап қора маңын айнала шолып бір өтетін. Сонда да бала арманынан ажырағысы келмей, төбе басына қарай беттейтін-ді. Бұл – Бақбақты ауылының азаматы Мақсат БАСШЫБАЕВ. Бүгінде елуді еңсерген ардақты әке. Орта бойлы жігіт ағасының балдәурен шағының басты мұраты – спорт майталманы болу. Десе де, өмір жолы басқа арнаға бет түзеді. Тарамыс тағдырдың өз дегенін істейтін әдеті бар емес пе?! Тек адамның арманы ғана көкірек көмбесіне байланып, анда-мұнда жағаға ұрған толқындай шайқалып тұратыны бар. Сонда бір ой қылаң береді. «Бұйырса, ұлымды мықты боксшы қылып, тәрбиелеймін. Менің арманымды ақиқатқа айналдырады» дейді ішкі түйінін тарқатып.
Не керек, қиялы жүйрік жігітті ата-анасы қойдың соңынан салпаңдатпай, қалаға оқуға аттандырады. Сөйтіп, бозбала Мақсат «Алматы гидротехникумының» білімгері болып шыға келеді. Қызықтың көкесі сонда басталады. Сол оқу орнына қазалылық Берікбай Нұржанов та қатар түскен еді. Сырдың баласы мен құмның баласы бірден достасып кетеді. Екеуінің де арманы егіз. «Түбі балаларымыз «мынау» деген боксшы болып шықпаса, мұрнымды кесіп берейін» дейді әңгіме ауаны спортқа ауысқанда. Қатарластары қияли жігіттерге қарқылдап бір күлетін де қоятын.
Желдиірмендей жылдар айнала береді. 3 жыл студенттік ғұмырдың айдынында еркін бойлаған қос азамат оқуларын аяқтап, ауылдарына қайтады. Үйдің кенжесі Мақсат қара шаңырақтың шырағын сөндірмей, әке-шешенің қолында қалады. Ал өзі де спортқа епті Берікбай өз жолымен жүріп кете барады. Әйтсе де бір топта оқып, бір жатақхананы паналаған екі достың қарым-қатынасы үзілген емес. Жиі-жиі хабарласып, жайдарман жаңалықтарын сүйіншілеп, бір-біріне лала лебіздерін жолдап тұрады.
Сондай бір жайма-шуақ күнде Мақсаттың телефоны шырылдай қалады. Қараса, Берікбай досы. «Ал, бауырым, байғазыңды байлауға асық! Ұлымыз Қарағандыда топ жарды. Бокстан жастар арасында өткен республикалық «Солтүстік-Шығыс» турнирінде тұғырдан көрінді. Біз күткен үміт ақталды. Алла нәсіп етсе, бұл жеңістің алды болмақ» деп қуанышын жеткізеді. Бұл керемет жаңалық Мақсаттың жүрегін толқытып, жанарына жас ұялатады. Өзінің баласындай көретін Сұлтанның жеңісі жанын жадыратып, көптен күткен бақытына қарлығаш қанатымен су сепкендей болады.
Шамша Сұлтан Берікбайұлы қазірде Талдықорған қаласындағы спорт интернатында оқиды. Жасы 15-те. Арқада өткен аламанда Олимпиада чемпионы, ұлт мақтанышы Серік Сапиев арқасынан қағып, болашақта ел намысын қорғайтын былғары қолғап шебері болуын тілеген. Баланың талабына таңдай қағып, өзі сияқты байрақты бәсекелерде биіктен көрінетін спортшылардың біріне балаған. Тіпті, естелік суретке түсіп, алда келе жатқан додада алтынға үмітті екі жастың бірі боларына сенім білдіріпті. Айтқандай-ақ жақында өткен Талдықорғандағы бокс бәсекесінде екінші орынды қанжығалады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін аймақтық бәсекеде жас та болса екінші сатыдан көріну үлкен нәтиже. Сұлтанның бапкерлері осылай-осылай шыңдала түсетінін айтады.
Иә, жан досының жетістігін өзінің жеңісінен кем көрмейтін Мақсат Болатұлының редакциямызға хабарласып, мақала жазуымызды өтінуі көңіл сүйсінтеді. Бұл оның досына деген адал ниетін аңғартатындай. Өзінің екі ұлы спортқа жақын болмаса да кейін немерелерінің бокспен айналысатынына сенеді. Біз Сұлтанның қос әкесінің үмітін ақтап, ел намысын қорғар мықты азамат болып шығуын тілейміз!
Мұхтар КҮМІСБЕК





