Бүгінгі уақыт өзгерісіне сай ұстаздардан басқаша ойлап, жаңаша білім беру талап етіледі. Мұғалімдердің оқу-тәрбие үдерісінде орын алып жатқан өзгерістерге жылдам бейімделуінде әдістемелік кабинеттің ықпалы зор. Осы орайда аудан мектептерін 6 аймақтық желілік қоғамдастыққа біріктіріп, жұмысты циклды түрде ұйымдастыруды жөн көрдік. Ол сауалнама жүргізу арқылы қажеттілікті анықтаудан басталды.
Жоспар негізіне кезек күттірмейтін мәселелер енгізілді. Оның ішінде қалыптастырушы және жиынтық бағалау жүргізу, кері байланыс және рефлексия жасау, сабақты тиімді жоспарлау, саралау тапсырмаларын құру сияқты тақырыптар кеңінен қаралды. Жаңартылған бағдарламаны енгізу аясында ұстаздарға көп қолдау көрсету қажет болды. Әртүрлі оқыту семинарлары, «дөңгелек үстелдер» мұғалімдердің ашық кәсіби алаңына айналды. Білікті ұстаздардың тәжірибесі таратылды. Олар шығармашылық ізденістерін, кәсіби шеберлігін ортаға салды.
Дұрыс ұйымдастырылған жұмыс қана оң нәтиже берері анық. Мұғалімдер қоғамдастығымен қатар мектеп директорлары мен координаторларын ұйымдастыру, әдістемелік құжаттармен қамтамасыз ету, түсіндіру, кеңесу, талқылау, проблемаларды шешу, сабақтарға қатысу, кәсіби қолдау, талқылау жұмыстары жүргізілді.
Желілік қоғамдастық осылайша педагогтардың қарым-қатынас, біліктілікті арттыру және тәжірибе алмасу алаңына айналды. Соның арқасында өткен жылы 30 мұғалім облыстық деңгейде әртүрлі кәсіби байқауларда жүлделі орынға ие болды. Сол сияқты аудандық, аймақтық семинарлар мен Ашық есік күндерінде кез келген ұстазға сабақ көрсетуге жағдай жасалып, әдістемелік көмек нәтижесінде көптеген мұғалім ішкі қорқынышынан, кедергілерінен арылып, шығармашылық ізденістерге құлшынысы артты.
Бүгінде ұстаздардың сабақта әртүрлі бағдарламаларды нәтижелі пайдалана бастағаны байқалуда. Сонымен қатар он-лайн режімінде сабақ беріп, өз сайттарын ашып, желіге бейнематериалдарын жариялап отыратын мұғалімдер саны артуда.
Әдістемелік кабинеттің жұмысының келесі бағыты – мұғалімді өз тәжірибесін зерттеуге баулу. Осы орайда педагогикалық шеберлік орталығының оқытушысы, доцент, филология ғылымының кандидаты А. Әлімовтың екі мәрте өткізген семинарының ықпалы зор болды. Осы семинардың ізін суытпай Абай, Жамбыл атындағы орта мектептер арнайы курстар ұйымдастырды. Бұл мектептің әдістемелік ізденіске бет бұрғанының тағы бір дәлелі.
Бүгінгі күні сабақты зерттеу мен іс-әрекетті зерттеуге зор ықпал жасалды. Әр қоғамдастықта «Сабақты зерттеу – тәжірибені жетілдіру» тақырыбында форум өткізілді. Бұл форумда әр мектеп өзінің тәжірибесін ортаға салды. Мұғалімдер өз тәжірибелеріне сүйеніп, кездескен кедергілердің шешу жолдарын табуға тырысты.
Қоғам жаңа талап межесінен көріне алатын шығармашыл, кәсіби шебер мұғалімдерді қажет етіп отырған кезеңде желіліқ қоғамдастық жұмысын ұйымдастыру таптырмайтын шешім деп білемін. Сондықтан әдістемелік кабинет осы бағыттағы тәжірибесін ары қарай дамыта түспек.
Гүлжан Адилова,
Жамбыл аудандық оқу-әдістемелік
орталығының әдіскері




