Шіркін-ай, шешендігімен талайларды шаң қаптыратын, көсемдігімен таңды таңға ұратын ұлтжанды ақын Камнұр Тәлімұлының шығармашылығына екі сағаттық уақыт тарлық етпей, қайтсін?… Ал оған Алаш арысы Тұрар Рысқұловтың кіндік қаны тамған, ырыс-ынтымағы артқан Береке ауылының абыз ақсақалдары қосылса ше?
Иә, осы дүниенің жұмағындай боп көрінетін көркем табиғаттың төріндегі бұл ауылдың қариялары шетінен шежірешіл. Әсіресе, Асылбек қажы Инканұлының жыр-дастанның тиегін ағытқанда арқаланып кететін қасиеті тіптен, қайран қалдырады. Қарт ұстаз, ақын, ауданның Құрметті азаматы Мекебайұлы Мұхамеджан ата мен Шайзада ата Қазыбекұлы, ауыл мешітінің бас имамы Қарыбай қажы Қисықов аталардың теңіз түбінен маржан тергендей сөз саптаулары дархан даланың дария кеуде ділмарларының сарқыншағы екендіктерін дәлелдей түседі. Қара өлеңнің қадірін түсініп, қасиетін арттырған кіл дүлдүлдер жиылған әдеби-сазды кештің басты тақырыбы – «Талантымен танылған ақын» деп аталыпты. Таңғы шықтай мөлтілдеген жырлары жырсүйер қауымның жүрегінен жылы орын алып қана қоймай, қоғамға ой салатын сыршыл да шыншыл ақын Камнұр Тәлімұлының шығармашылығына арналған кешті ұйымдастыруға аудандық кітапхана мен Т. Рысқұлов атындағы №16 орта мектептің ұжымы мұрындық болғанын атау абзал.
«Ұлттық сана оянып, тынысы кеңейген соң шын ақын туған халқының мұрат-мүддесіне алаңдамай жүрмейді. Камнұр өлеңдерінің негізгі тақырыбы – туған жер, өскен орта табиғаты, ел тағдыры, тіл тағдыры, дін тақырыбы, өнер-білім, ұстаз-шәкірт, адалдық, азаматтық тәрізді адамгершілік мұраттарды діттейді. Сонымен бірге ақында болатын бір ерекшелік – басқалар байқамағанды байқап, елемегенді ескеретіні ғой» деген екен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ілияс Қажытайұлы. Қай тақырыпқа қалам тербесе де тазалықтың, турашылдықтың, әділдіктің ақ туы желбірейтін Камнұр Тәлімұлының «Мінәжат», «Көңіл көзі» атты жыр жинақтары мен әйгілі қолөнер шебері, ұста Дәркембай Шоқпарұлы туралы «Дәркембайдың дегендері» атты кітаптары облыс әкімдігінің демеушілігімен жарыққа шыққан. Бұған қоса, мерзімдік басылым беттерінде жарық көрген тіл мен дін туралы ой-толғамдары, танымдық мақалаларын жіпке тізіп тауысу мүмкін емес. Бұл турасында ақын шығармашылығына арналған кітап көрмесі сыр шертті.
Тіл – тірегі, тіл – жүрегі халқымның,
Тіл тұрғанда құны да жоқ алтынның.
Жаны ауырып іздейтұғын жоқшысы ол,
Дәстүр-ғұрып, ата-баба салтымның, – деп, ана тілді алдаспан еткен ақынның қаламынан туған жырлары тілмен қоса, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың нағыз жанашыры екендігін айқындайды.
Жер мен жесір дауында да кесімді сөзге тоқтаған кемеңгер, дархан халықтың ұрпағымыз, – деп көсілген Камнұр Тәлімұлы тоқсан ауыз сөзін түйіндей келе, ауыл ақсақалдарына арнап Сағи Жиенбаевтің сөзіне жазылған Досқан Жолжақсыновтың «Қарттарым, аман-сау жүрші» әнін орындап берді. Бұл ақынның «сегіз қырлы, бір сырлы» өнер иесі екендігін айшықтай түсті. Білер болсақ, бүгінде ақындықпен қатар сазгерліктен де қара жаяу емес Камнұр Тәлімұлы 20-дан астам әннің авторы.
Отыз жылдан аса уақыт Талғар ауданындағы білім беру мекемелерінде ұстаздық етіп, кейіннен мектеп директоры, облыстық мамандар кәсібін дамыту институтында әдіскер әрі меңгеруші қызметтерін абыройлы атқарған озық ойлы ұстаз ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен және «ҚР Білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бұған қоса, облыстық деңгейде ұйымдастырылған бірнеше жыр мүшәйраларының жеңімпазы атануы ақын К. Тәлімұлының еңбекқорлығын көрсетеді. 2007 жылдан бастап Талғар аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры болып тағайындалып, содан бері қазақ тілінің көсегесін көгертуге бар пәрменімен атсалысып келеді. Ұлт ұрпағын имандылыққа ұйытып, адамгершілік қағидаларына арқау еткен өлеңдерін мектеп оқушылары жатқа оқыды. Кештің шырайын кіргізе ән салып, би де биледі.
Рухани қазынамыз – қара өлеңнің қара нарына айналған ақынмен кездесуге келген ауылдың кеудесі алтын сандық қариялары өз ойларын ортаға салды. Алғашқы боп ақ тілегін ағытқан Райымбек, Талғар аудандарының және облысымыздың Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті дәрігері Мұхтар Әлімұлы ақынның сан қырлылығын сөз етті. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының мамандық таңдауда сергектік танытулары керектігін де еске салып өтті. Ал жоғарыда аталған ауылдың кемеңгер қариялары жас өскіннің тәлімді тәрбиенің, имандылықтың лебі есетін ақын жырынан рухани нәр алып, шөл қандырғанына ризашылықтарын білдірді. Ақынның курстасы, филология ғылымының докторы, профессор Базаргүл Шәріпқызы Камнұр Тәлімұлының топқа жетекшілік етумен қатар, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табыла білген қаламы қарымды, жігерлі, жалынды жастың бірі емес бірегейі болғандығын мақтан етсе, аудандық кітапхананың директоры Махамбет Хармысов бұл күнде адуынды ақын ғана емес, иман айнасына айналған азамат екендігімен түйіндеді. Мектеп оқушылары сан түрлі сауалдарын қойып, оған тұшымды жауап та алып үлгерді.
«Кеудемді кернеп бір ағын,
Таптырар емес, тұрағын.
Арманым бар ма өлеңнен,
Өшпесе, жаққан шырағым?!», – деп өлеңнен өшпес шырақ жаққан ақын аға Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы аясында туған жердің жалынды жастарымен, көнекөз қарияларымен өткен мәні зор іс-шараның ұйытқысы болған мектеп директоры, аудандық мәслихаттың хатшысы Матан Бекбосынов пен кітапханашы Гүлжан Ахметова, ұстаз Айман Сәрсенбаеваларға жүрекжарды алғысын білдірді.
Ұлбосын ИСАБЕК
Береке ауылы,
Талғар ауданы





