Үкімет үйінде Мемлекет басшысының арнайы экономикалық аймақтарды дамыту бойынша берген тапсырмаларын орындау мәселелері жөнінде кеңес өтті. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен бұл жиында арнайы экономикалық аймақтардың негізгі көрсеткіштері мен олардың тиімділігін арттыру шаралары қаралды.
Аталған тақырып аясында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Сонымен бірге Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Алматы облыстары мен Астана және Алматы қалаларының әкімдері сөз сөйлеп, осы бағыт бойынша атқарып жатқан жұмыстарын әңгімеледі. Бұдан өзге, жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтарды толтыру мақсатында қабылданып жатқан іс-шаралар жөнінде өз бағыттары бойынша ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және арнайы экономикалық аймақтардың басқарушы компанияларының басшылары хабарлама жасады.
Ел бойынша ең ірі арнайы экономикалық аймақтың бірі – Жетісу өңірінде. Ол «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы. Сондықтан, бұл жоба Үкіметтің жіті назарында. Осыған байланысты жүріп жатқан жұмыстар жөнінде Үкімет басшысына есеп берген Амандық Ғаббасұлы:
– Жалпы, арнайы экономикалық аймағында бірнеше аймақ бар. Оларда барлығы он төрт жоба жүзеге асырылуда. Біз бүгінге дейін үш инвестфорум өткіздік. Қай-қайсында да алдымен осы Қорғасты насихаттадық. Шетелдік елшілер келсе де сол жерге апарамыз. Бүгінде арнайы экономикалық аймақ жұмысының нәтижесі жаман емес. Сондай-ақ, ҚТЖ аймағының логистикалық, индустриялық аумақтарында да тиімді жобаларды іріктеуде үлкен жауапкершілік танытылып отыр. «Құрғақ порттағы» жұмыстар да өз деңгейінде жүріп жатыр. Ал, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында» бірқатар мәселе бар. Оны Үкімет өкілдері біледі. Сондықтан, бұл мәселелер оң шешімін табады деген сенімдеміз. Біз өз тарапымыздан «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағымен қатар «Нұркент» жобасын жүзеге асырудамыз. Техникалық-экономикалық негіздемесі толық дайын, бекітілді. Сіздер көп қолдау көрсетіп келесіздер. Таяуда біз ол қалада жаңа бес үйдің құрылысын бастаймыз, – деді.
Айта кетейік, Қазақстанда 11 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Оның аумағында барлығы 165 жоба жүзеге асырылуда және 13 мың жұмыс орны құрылған. Арнайы экономикалық аймақ жобаларына тартылған инвестиция көлемі де аз емес, 787 миллиард теңге.
Жиын соңында Үкімет басшысы елдегі арнайы экономикалық аймақтар жұмысының жіті бақылауда болатынына назар аударып, салаға жауапты лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ




