Талдықорған: +2°C
$ 499.83
€ 581.50
₽ 6.42
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКЕНІМІЗ АУЫЗБІРЛІКТІҢ АРҚАСЫ

21.02.2018
КҮЛТӨБЕ
ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКЕНІМІЗ АУЫЗБІРЛІКТІҢ АРҚАСЫ
WhatsAppTelegramFacebook

     Облыс әкімі Амандық Баталовтың ел алдындағы есеп беру жиыны Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Мәдениет ошағына халықлықа толды. Облыс тұрғындары әкімнің есебін тыңдауға, елдің аманатын жеткізуге жер-жерден келді. Ашық микрофон ұйымдастырылды. Сұрақ қоям деушілерге шектеу қойылған жоқ. Алдағы уақытта шешілуі тиіс шаралар сол жерде жауапты мамандардың мойнына жүктелді. Облыстың жай-жапсарын жақсы білетін әкім қойылған сұрақтарға жан-жақты да тұшымды жауап қайтарды. Оған қашан, қанша қаржы бөлінгеніне, енді қанша керектігіне еш іркілген жоқ. Сауал тастаған жұртшылық тұшымды жауапқа ризашылық білдірді. Көптің айтары алғыс. Облыс экономикасын алға бастырып, әлеуметтік саланы жаңғыртып жақсартқаны үшін алғыс білдіргендер қатары қалың. Облыс әкімінің халық алдындағы есеп беруіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов қатысты.


– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық», – деп атап өтті.
     Біздің алдымызда «Индустрия 4.0» жаңа технологиялардың артықшылығын пайдалана отырып, аграрлық секторда «Ақылды технологиялар», көлік-логистика саласының тиімділігін арттыру, алдыңғы қатарлы білім мен денсаулық сақтау жүйесін құру міндеті тұр, – деп облыс әкімі Амандық Баталов есепті баяндамасын бастады.
– Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы қазіргі уақытта Елбасының Жолдауындағы 10 тапсырманы орындауға бағытталған. Өткен жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары табысты орындалды деуге негіз бар. Экономикалық өсім 2,7 пайызға, жеке кірістер 24 пайызға артты, жұмыссыздық 4,7 пайызға азайды. 527 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз республикада Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысынан кейінгі 4-орынды алады. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі де 750 млрд. теңгеге жетіп, 2,9 пайыздық өсімді көрсетті. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына орай өнім өндіру 2 есеге артып, оның үлесі 85 пайызды құрады. 
      Жүгеріні терең өңдеу жолға қойылды, майбұршақты алғаш рет өңдедік. Алты фармзауытты және төрт құс фабрикасын іске қосу арқылы экспортқа дәрілік заттар мен жұмыртқа шығардық.
     Индустрияландыру картасы аясында 319 млрд. теңгелік инвестиция көлемімен 55 жоба жүзеге асырылып, 8,7 мың жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында Қарасай ауданында әйнек және машина құрылысы зауытының, Еңбекшіқазақ ауданында «Нұрлы-Құс» құс фабрикасының және Қаратал ауданында ет комбинатының іске қосылғанын атап айтуға болады.
Жаңғыру жолындағы Төртінші өнеркәсіптік революцияны жүзеге асыруда инновациялық технологияларды енгізу, цифрландыру бойынша 40 кәсіпорын өз өндірісін автоматтандыруды жоспарлауда. Ал, жаңа зауыттарда «Индустрия 4.0» элементті жоғары өндірістік технология қарастырылған.
     Бұл, біріншіден, инновациялық өндіріс құрылысына экспортқа негізделген Трансұлттық компаниялардың қатысы бар жобалар. Соның алғашқы нәтижесі – бірінші жартыжылдықта 500 жұмыс орнын қамтитын «Мареван Фуд» (Ресей, Вьетнам) зауытының іске қосылатындығы дер едік. Онда жергілікті шикізаттан азық-түлік өнімдері өндірілетін болады. Өнімнің жыл сайынғы көлемі 24 млрд. теңгені құрайды. Оның 70 пайызы «Қазақстанда жасалған» деген бренд бойынша экспортталмақ. «Бауманн» неміс компаниясы да ет өңдеп, 30 мың тонна дайын өнімді экспортқа шығармақ.
     Облысымыздың негізгі саласы болып табылатын ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі бойынша республикада бірінші орындамыз. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3,3%-ке өсіп, 648 млрд. теңгені құрады.
Ауылшаруашылық дақылдарының алқаптары 15,6 мың гектарға ұлғайып, 948 мың гектарға жетті, оның 17 пайызға ылғал үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптар (161 мың гектар). 1,3 млн. тонна астық, 293 мың тонна майлы дақылдар, 1,8 мың тонна картоп, жеміс пен көкөніс өндірілді. Қант қызылшасының көлемі 9,2 мың гектардан асып, 334 мың тонна қызылша жиналып, 31 мың тонна құмшекер өндірілген.
     Өткен жылдың қазан айында Ақсу қант зауыты іске қосылып, оған 11 млрд. теңге инвестиция салынған. Көксу қант зауытында жалпы сомасы 3,5 млрд. теңгеге технологиялық тораптар жаңғыртылып, нәтижесінде зауыт қуаттылығы тәулігіне 2 мың тоннаға дейін ұлғайтылған.
    Бақ алқаптары 23 мың гектарға дейін ұлғайтылды, қарқынды бақтардан осы жылдың өзінде бірінші өнім – 2,5 мың тонна алма жиналмақ.
    Ауыл азаматтарын жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ететін мал шаруашылығы да табысты дамуда. 2017 жылы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы 147 пайызға, «Алтын асық» 159 пайызға, «Құлан» 127 пайызға орындалды. Бұл мал басының орта есеппен 3,5 пайызға өсуін қамтамасыз етті. 
    Бүгінгі күні 51 мың ірі қара малға арналған 78 мал бордақылау алаңы жұмыс жасайды, алайда етті экспорттау жоспары орындалмады, барлығы 81 тонна ет экспортталған (жоспар — 550 тонна).
    Биыл «Империя Фуд» компаниясының (Иран) ет өңдеу кешенін іске қосып, экспорт бойынша міндеттемелерді орындау көзделуде.
    Елбасының ауылшаруашылығы өндірістік кешенінде еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылық өнім экспортын 5 жыл ішінде 2,5 есеге ұлғайту міндетін орындау мақсатында Өңдеу кәсіпорындарын орналастыру картасы әзірленген.
    Отыз жеті кәсіпорынды ашу және жаңғырту, ет және сүт өнімдерін, консервіленген көкөніс пен жеміс, уыт, крахмал өнімдерін ұлғайту есебінен экспорт көлемін 90 млн. АҚШ долларына дейін жеткізу көзделуде (2017 ж. – 35 млн. АҚШ долл).
    Ел алдындағы есепті жиында жалпы аграрлық сектор бойынша Елбасының қант қызылшасы, жүгері және бақ өсіруге қатысты тапсырмалары орындалғанын атап өткен облыс әкімі ендігі мақсат картоп және сүтті мал шаруашылығы өнімдерін арттыру екендігіне тоқталды. Сонымен қатар биыл әртүрлі қуаттылықтағы 100 жаңа кәсіпкерлік нысанын іске қосып, шағын және орта бизнесте 12 мың жұмыс орнын құру жоспарда бар екенін де айта кетті. 
    Бұдан ары қарай облыстың бірінші басшысы сөзін республика көлемінде жүзеге асырылып келе жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы жайында өрбітті. Аталмыш бағдарламаға 2015-2017 жылдары 77,3 млрд. теңге бөлініп, 84 жоба қолға алынған. Бүгінге дейін соның 73-і қолданысқа берілген. Бұл орайда әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінгендігі байқалады. Бағдарлама нәтижесінде былтыр 29 мектеп пайдалануға берілген. Сондай-ақ, Талдықорған қаласындағы № 4 жылу қазандығы, Кербұлақ, Талғар, Қарасай, Панфилов аудандарының елді мекендері мен Талдықорған, Текелі қалаларының су жүйелері жөнделген. Бағдарламаны жүзеге асыруда орта және шағын кәсіпкерлікке де қолдау көрсетілген. Бұл орайда 3 кәсіпкерлік жүйесінің инженерлік инфрақұрылымы жүргізіліп, сондай-ақ, «Қайрат» индустриалдық аймағының су жүйесі жөнделген. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, өткен жылы бұл шараға 2,3 млрд. теңге бөлініп, 13 жоба іске асырылған. 
    Облыс әкімі «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу барысына да тоқталды. Тұрғын үй беру 5,7 пайызға артық орындалып, 646 мың шаршы метр тұрғын үй берілген. Оның 97,7 мың шаршы метрі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Іргетасы қаланған 184 тұрғын үйдің 91-і пайдалануға берілген. Нәтижесінде 494 шақырымдық инженерлік-коммуникациялық жүйе тартылған. Бағдарлама 1406 отбасының баспаналы болуына оң әсерін тигізді. Сонымен қатар, жеке үй салушыларға 2144 жер телімі берілген. Облыс бойынша тұрғын үй алуға өтініш берушілер саны 2016 жылы 4,2 мың адамға артқан. Бүгінде кезекте тұрғандар саны 39,8 мың адам. Жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға өтініш берушілер 7,5 мың адамға көбейіп, барлығы 150,5 мың тұрғынды құрады. Биыл 1126 пәтерлік 251 тұрғын үй салу жайы қарастырылуда. Сонымен бірге 27 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысанын салу жоспарлануда. Талдықорған қаласынан коттеджді қалашық салу пилоттық жобасына 2 млрд. теңге бөлінді. Мұнда барлығы 606 үй салынбақшы. Оның 12-сі 48 пәтерге бөлінеді. Қалғаны 124 коттедж болады. 
    Мемлекет басшысы халыққа арналған биылғы Жолдауында тұрғын үймен қамтамасыз етуді бұдан да жақсартуды тапсырған болатын. Соған орай Амандық Ғаббасұлы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету барысындағы жұмыстың бұдан әрі де жалғаса беретінін айтты. 
    Облыс халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету жайы да кеңінен сөз болды. Орталық су жүйесімен қамтамасыз ету көрсеткіші 87,3 пайызды құрап отыр. Ауызсумен қамту ел бойынша жоғары көрсеткішке ие. Республика бойынша бұл көрсеткіш 55 пайыз. Жалпы су жүйелерін қайта жөндеуден өткізуге «Нұрлы жол» және «Аймақты дамыту» бағдарламасы аясында 8,9 млрд. теңге бөлініп, 66 жоба қолға алынған. Облыстың бірінші басшысы таза ауызсумен қамту барысындағы жұмыстың нәтижесінде 25 елді мекенге су құбыры тартылып, 29-ның сапалы су ішуге мүмкіндік алғанын айтты. Өмір нәрімен қамту жайындағы сөзін түйіндей келе баяндамашы облыс бойынша таза сумен қамту биыл жыл соңына дейін 89,5 пайызға жететінін айтты.
    Облыс бойынша газбен жабдықтау деңгейі 26,2 пайызды құрайды (123 елді мекен газдандырылған), қазіргі уақытта газдандыру жұмыстары 11 ауданда жүргізілуде. Алматы –Талдықорган магистральды газ құбырының құрылысы аяқталды, Талдықорған қаласында бірінші кезегін іске қосу үшін жергілікті бюджеттен 4,1 млрд. теңге бөлінді. 
    Биыл облыс орталығын газдандырудың екінші және үшінші кезегінің құрылысы аяқталады, бұл жұмыстарға екі жылдың ішінде республикалық бюджеттен 11,2 млрд. теңге бөлінген. Бұл орайда:
– Жергілікті бюджет есебінен Текелі қаласына жалпы құны 1,3 млрд. теңге болатын газ құбыры тартылуда. Текелі қаласының және Ескелді ауданының әкімдері ішкі газ құбырларын тарту үшін инвесторларды тауып, оған абоненттерді қосу жұмысын тездетулері керек. 
     Сонымен қатар, биыл «Бақанас», «Сарыөзек», «Үштөбе» сияқты үш автоматты газ тарату стансыларының құрылысы басталады. Нәтижесінде 2020 жылға қарсы Алматы агломерациясы аумағына кіретін аудандар мен Қапшағай қаласы толығымен газбен қамтылып, облыс бойынша газдандыру деңгейі 45 пайызға жетеді. 
    Аудан және қала әкімдері газды қосу тарифімен айналысулары қажет, әр жерде әртүрлі, тұрғындардан осы мәселеге қатысты шағымдар көп түсуде. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге үлкен көңіл бөліп, құнын төмендету үшін нақты шаралар қабылдаулары тиіс, – деді облыс басшысы.
    Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, «жаңғыру негізі – адами капитал» болып табылатынын еске салған Амандық Ғаббасұлы білім саласы жайына да тоқталып өтті. Бұл орайда 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жөніндегі тапсырма табысты орындалуда. Өткен жылы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту деңгейі 95 пайыздан асты, биыл 98 пайызға жеткізу көзделуде.
    Апатты мектептер мен үшауысымды оқыту мәселесі шешілуде. Өткен жылы 47 білім нысанын салуға және жаңғыртуға 26 млрд. теңге бөлінді. Жалпы 5,2 млрд. теңгеге 24 нысан күрделі жөндеуден өтті. Жыл сайын бюджетті құру барысында аудан, қала әкімдерінің есебі тыңдалып, проблемалық мәселелер анықталады. 
    Биыл бейімделген ғимараттарда орналасқан мектептердің мәселесі көтерілді. Облыста олардың саны – 144.
– Біз бұл мәселені кезең-кезеңімен шешеміз, жобалау сметалық құжаттары әзірленуде, ол үшін 100 млн. теңге қарастырылған. Цифрландыру бағдарламасы аясында «Күнделік» электронды жүйесіне мектептердің 60 пайызы қосылып, цифрлық білім ресурстарына 97,5 пайыз мектеп қол жеткізді.
    Бірінші жартыжылдықта балаларды кезекке қоюдың электронды қызметі енгізілетін болады.
    Мұғалімнің жалақысы жаңартылған мазмұн бойынша 1 қаңтардан бастап 30 пайызға немесе орташа 135 мың теңгеге дейін өсті. Мұның бәрі педагогтарды білім сапасын жақсартуға ынталандыруы тиіс, алайда біз республикада төмен көрсеткішке иеміз – 54,5 пайыз (республика бойынша 61,4 пайыз). ҰБТ қорытындысы бойынша облыс 13-орынды иеленді, – деді ол.
   Мәдениет саласына да тоқталған облыс басшысы Мәдениет үйлерін жөндеу бағдарламасы әзірленгенін, бұл ауыл тұрғындарын мәдени-бұқаралық шаралармен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтып өтті. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Батыр бабалар» музейі салынып, Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылғанын да қуанышпен жеткізді.
    Жалпы 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 8 мың іс-шара ұйымдастырылып, 1 млн.-нан астам адам қамтылған. «Туған жер» арнайы жобасы шеңберінде іске асырылатын 218 жобаның 90 жобасы аяқталған немесе 6,6 млрд. теңге игерілген.
   Ағымдағы жылы 159 ірі шара мен жобалар ұйымдастырылады. Осы орайда Панфилов ауданында «Орбұлақ» мемориалдық кешені, Талғар ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей салынады.
    Амандық Ғаббасұлы өткен жылғы ел алдындағы есебінде көпшілік тарапынан 11 ұсыныс айтылып, оның барлығының да орындалғанын  тілге тиек етті. Атап айтар болсақ, Ақсу ауданы Ащыбұлақ ауылының тұрғындары орталықтандырылған су жүйесімен қамтылып, Қарасай ауданы Береке ауылының жекеменшіктегі Мәдениет үйі сатылып алынған. Жамбыл ауданы Қарақыстақ ауылындағы дәрігерлік амбулатория іске қосылып, Іле аудандық орталық ауруханадағы 125 орынды перзентхана бөлімінің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалған. Панфилов ауданы Үлкеншыған ауылындағы мектепке қосалқы құрылыс, Үштөбе қаласының ішкі жолдарына күрделі жөндеу жүргізілуде. 
    Сондай-ақ, ауылдық елді мекен аумағындағы 382 шақырымдық автомобиль жолдарына әртүрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Талғар ауданының Нұра ауылында, Төле би, Бәйдібек шағын аудандарында электрлендіру аяқталған.
    Талдықорған қаласындағы жаңа шағын аудандарда жолдар салу жұмысы жүзеге асса, жеке тұрғын үй жүргізілетін тұрғын аудандарға су құбырларын тарту, қалаішілік газбен қамту жұмысы басталған.
   Бұдан басқа аудан, қала әкімдерінің есепті жиындарында көтерілген 352 мәселе шешімін тапқан.
   Облысымыздың бүгінгі дамуын жан-жақты баяндаған облыс басшысы баяндамасын аяқтай келе:
– Елбасы жаңа әлемнің көшбасшылары қатарына ену үшін елімізде барлық мүмкіншіліктердің бар екенін атап айтты. Әрқайсымыз уақыттың жаңа талаптарына сай жаңа технологияларды енгізуге дайын болу үшін білімімізді көтеріп, тілдерді, компьютерлік техниканы үйренуіміз керек. 
    Облыс тұрғындары Мемлекет басшысының тапсырмаларын табысты орындап, елордамыз Астана қаласының 20 жылдығын лайықты көрсеткіштермен қарсы алады деген сенімім мол, – деді.
    Бұдан соң Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мінбеге көтеріліп, медицина саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Ол сөзінің тоқетерінде денсаулық сақтау саласының қолжетімді болу керектігі, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің артықшылығы жайлы айтты. Жұмыссыздарды тіркеу, олардың тегін медициналық көмек алуы үшін құжаттарын ретке келтіру мәселесі де әңгіме арқауына айналды. Денсаулық сақтау министрі жаңа жүйенің артықшылықтарын да сөз етті. Сөзінің соңында береке-бірлігі жарасқан Жетісу жұртына амандық-саулық тіледі.

Жиын Жетісу өлкесінің бақуатты, тату-тәтті өміріндей жағымды әсерде өтті. Ел-жұрт көкейде жүрген сұрақтарын ашық қойды. Сөйлеймін деушілерге микрофон ұсынылды. Барлық сұраққа тұшымды жауап берілді. Көптің көңілі қош. Сөз соңында Амандық Ғаббасұлы: 
– Бүгінгі менің есеп беруіме келгендеріңіз үшін рахмет айтамын. Бір адамның қолынан ештеңе келмейді. Жетістікке жетіп жатқанымыз ауызбірліктің арқасы. Басшы «істі сапалы істе, уақытында аяқта» деп тапсырма береді. Бірақ, шаруа көпшіліктің күшімен бітеді», – деп ел-жұртына ризашылығын білдірді. 
Есеп беру шарасы шын мәнінде елдің еңсесін көтерді. Айтар сөзіңді бүкпесіз айтып, оның оңды шешімін табатынына көзің жетсе еңселенбегенде ше?!


Сұрақ-жауап:

Ызғарбек  БЕКТҰРСЫНОВ, 
облыстық мәслихат депутаты:

– Менің айтайын дегенім елдің әлеуметтік жағдайына байланысты. Ұйғыр ауданындағы  «Казрос-Бройлер»  құс  фабрикасы бірнеше жылдан бері тоқтап тұр. Ол жұмыс істесе бюджет қоржынына түсетін салықтың көлемі де артатын еді. Аталмыш кәсіпорынды іске қосуға күш салсаңыздар.

Амандық БАТАЛОВ:
– Ызғарбек аға,  бұл мәселені мен білемін. Бизнесмендер көмек сұрап келген. Өткен жылы 12 млн. теңге бөлгенбіз. Ол қаржы  жұмысты жүргізгенге жетіңкіремеді.  Алдағы уақытта кәсіпорынға қолдау көрсетеміз. Шынында да фабрика іске қосылса көптеген адам  еңбекке тартылатын еді. Елдің жайын күйттеп жүргеніңіз үшін сізге рахмет!

Роза АҚЖАРКЕНОВА,
«Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:  

– Амандық Ғаббасұлы, жүріп-тұруы қиын адамдарға әрқашан көмек көрсетіп жүресіз, рахмет. Біздің қалада  қимыл-қозғалысы қиын адамдарға арналған 4 арнайы көлік бар. Жалпы облысымыз бойынша осындай көліктер саны болашақта да көбейсе. Қоғам мүшелері осы мәселені сізге жеткіз деп аманаттап еді. 

Амандық БАТАЛОВ: 
– Жүріп-тұруы қиын адамдарға көмек көрсету әрқашан назарда. Сіздердің ештеңеден таршылық көрмеулеріңіз үшін, басқалармен бірдей толыққанды өмір сүрулеріңіз үшін барлық жағдайды жасаймыз. Иә, арнайы көлік алғанға, оны тоқтаусыз жүргізіп тұруға қаражат бөлініп келеді. Болашақта  жаңа көліктер аламыз. 

Іле ауданының тұрғыны:
 – Амандық Ғаббасұлы, біздің Байсерке ауылында тұрғын көп. Елді мекен үлкен. Бір шеті мен екінші шетіне жету, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінен көмек алу қиынның-қиыны. Осы ауылды негізінде екіге бөлу жайлы әңгіме шыққан еді. Шешімі не болды?

Амандық БАТАЛОВ: 
 – Бұл мәселе назарда. Иә, жол қатынасы қиындық тудырып жүргенін білеміз. Алдағы уақытта  ауылды екі округке бөлу мәселесін ойластырамыз. Бұл көптен көтеріліп келе жатқан,  шешімін күткен мәселе. Тұрғындардың ыңғайына қарай ойластырамыз. 

Ақсу ауданынан Асхат ДОСМҰХАМБЕТОВ: 
– Біздің Ойтоған деген ауылда су мәселесі қиындау.  Тұрғындар таза ауызсу  тартылғанын көптен армандап жүр.  Осыдан бірнеше жыл бұрын құбырларды жөндеу жөнінде әңгіме шығып еді, тоқтап қалды. Ауыл тұрғындарының аманатын арқалап келіп тұрмын. Сапалы су тарту жағына көмектесіңізші.

Амандық БАТАЛОВ:
–  Естідіңдер ғой? (басшы жауапты мамандарды орнынан тұрғызды) Жобалау жұмыстарын қолға алыңдар. Өмірдің нәрі – су. Ендеше, ойтоғандықтардың өтініші жерде қалмасын.  Құбырларды жаңарту  көп ұзамай қолға алынсын. 

Бұдан бөлек, есепті кездесуде қой шаруашылығы республикалық палатасының бөлім басшысы Қайырлы ОМАШЕВ биязы жүнді қой өнімін өткізетін орынның жоқтығына қынжылыс білдірді. Жалпы облысымыздың биязы жүнді мал шаруашылығымен айналысатынын ескерсек,  қайта өңдеу орнын салу өзекті шаруа болып тұр.

Бұл сұраққа жауап берген облыс басшысы  Жамбыл ауданындағы «Қарғалы» комбинатын іске қосу қолға алынғандығын айтты.   «Облыс бойынша бүгінде қой  саны 4 млн.-нан асты. Бірақ, жүн әлі күнге рәсуә болып жатыр. Сондықтан, қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуға күш саламыз. Инвестиция тартамыз», – деді ол. 

Бикен Римова атындағы драма театрының ғимараты жаңадан ірге көтеруде. Осыған орай театр әртісі Абай Нұғыманов  мәдениет ошағының қашан қолданысқа берілетіндігін сұрады.

Амандық Баталов бұған: «Негізінде ғимаратты жазда пайдалануға береміз дегенбіз. Бірақ, біраз кем-кетігін заман талабына орай өзгерту мақсатында пайдалануға беру мерзімін қыркүйекке ауыстырдық. Театрдың жаңа маусымы ашылғанға дейін мекеме есігі айқара ашық болады», – деп жауап берді.

Облыс әкімінің есеп беру жиынында көбінесе әлеуметтік мәселелер қозғалды. Туризмді дамыту мақсатында Балқаш көліне дейінгі жол жаңаланса деген ұсыныс айтылды. Мәселенің мәнісін созбалағанды ұнатпайтын облыс әкімі сол жерде жауапты мамандарға  нақты тапсырма беріп, жобалау шараларын қолға алуды тапсырды. Жиынға ел-жұрттың аманатын арқалап, сонау Райымбек ауданынан да тұрғындар келіпті.  Ел мен жер жайын күйттеген тұрғындар  Райымбек ауданын Кеген мен Нарынқол деген екі ауданға бөлу жайлы жақсы  істің басталғанына ризашылық білдіре келіп, әлеуметтік нысандарды да жаңалау жайлы айтты. Бұл сұраққа Амандық Баталов: «Бұйырса, келесі жылдың осы мерзіміне дейін екі аудан екі бөлек жұмысын бастайды. Кеген ауданының орталығы – Кеген, Нарынқол ауданының орталығы – Нарынқол елді мекені болады.  Аудандарды қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Әлеуметтік нысандар, халыққа қызмет көрсету мекемелері әр ауданға бөлек ашылады», – деп жауап бергенде залдағы көпшілік дүркірете қол соқты.  Сондай-ақ, биыл қыс күшіне енгенде көмір тапшылығының сезілгендігі туралы, алдағы уақытта  осы жағдайлар қайталанбаса деген сауалдар да түсті. Бұл орайда пысықтау шараларының жүріп жатқанын, алдағы жылға ертерек қор жинап алу мәселесінің көтерілгені айтылды.  
Облыс әкімінің есеп беруі қай күні, қайда өтетіндігі жайлы ғаламторда да жарияланған. Соған орай, сұрақтар алдын ала сайтқа  түсіпті. Онда қала тұрғындары банктің «қара тізіміне» ілінгендігі, баспана жағынан қиындық көріп жүргендігі, тағы да басқа жеке бас мәселелерін жазыпты. Әкім ешқайсын ысырып тастамады. Бәріне жауап берді. Банкпен жұмыс істейтін  жауапты басшыларға тұрғындардың  өтінішін қарап, мәселенің оңды шешімін шығаруға жәрдемдесуді тапсырды.

 

Алма ЕСЕНБАЕВА, Гүлжан ТҰРСЫН.

Қатысты жаңалықтар

Бейбіт Исабаев «Жетісу» волейбол ерлер командасының ұжымымен кездесті

Бейбіт Исабаев «Жетісу» волейбол ерлер командасының ұжымымен кездесті

05.03.2026
Экотуризм: Ұлттық парктер мен қонақ үйлер жаңа деңгейге көтерілді

Экотуризм: Ұлттық парктер мен қонақ үйлер жаңа деңгейге көтерілді

05.03.2026
Жетісуда 8 Наурыз қалай тойланады

Жетісуда 8 Наурыз қалай тойланады

05.03.2026
Су тасқынына дайындық: Олжас Бектенов Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді

Су тасқынына дайындық: Олжас Бектенов Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді

05.03.2026
Жерорта теңізіндегі маңызды серіктес: Қазақстан мен Грекия арасындағы диалог нығая түспек

Жерорта теңізіндегі маңызды серіктес: Қазақстан мен Грекия арасындағы диалог нығая түспек

05.03.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.