Қай сала болмасын, Алматы облысының айдарынан жел есіп келеді. Соның ішінде спорттық салада ілгерілеу басым. Ел ішіндегі додаларды есепке алмағанда халықаралық бәсекеде Жетісу жерінің намысы артып, спортшыларымыз атой салып жүр. Осы орайда өткен жылдың жетістігі мен кемшін тұстарын, алға қойған мақсаттарын білмек оймен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиевті әңгімеге тартқан едік.
– Тұратбек Төлеубекұлы, сіз басқарып отырған спорт басқармасында қандай тың жаңалықтар бар, спортшыларымыздың жетістігі жайлы әңгіме қозғасаңыз?
– Бүгінде Алматы облысының спортшылары республиканың алдына шықпаса, төменгі сатыға түскен емес. Өткен жылы облыс спортшылары 1345 медальді қоржынымызға тоғытып, Жетісудың намысын қорғады. Оның 495-і алтын, 372-і күміс, 478-і қола медаль. Осы уақыт аралығында 1 еңбегі сіңген спорт шебері, 18 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 132 спорт шебері, 648 спорт шеберлігіне үміткер және 381 бірінші дәрежелі спортшы дайындалды. Сондай-ақ, ұлттық құрама сапына 44 спорт түрі бойынша, 875 спортшы енді. Бұл есеп осымен тоқтап қалмайды. Биыл да ел намысын асыратын жарыс көп, сол сыннан сүрінбей өтіп, жүлде санын арыттырады.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Елбасының мақаласына спортшылар да үлес қосуда. Кей адам ойлауы мүмкін, спортқа рухани жаңғырудың қандай қатысы бар деп. Нағыз рухани жаңғыру спорт саласында ма деп ойлаймын. Мысалға, ұлттық спортымызды дәріптеуде Алматы облысы көп еңбек етіп келеді. Оның ішінде ұмытылып кеткен атадан балаға мирас болған спорттық ойындарымыз көп.
Соның бірі – бүркітшілер жарысы. Қазіргі таңда құсбегімен айналысатын адамдардың басым көпшілігі осы Алматы облысында. Қазақстанның құрама командасын Жетісу жерінің спортшылары құрап отыр десем артық айтпағаным. Мұнымен қоса, тазы жүгірту, тоғызқұмалақ, көкпар, ұлттық ат спорты бізде жақсы дамыған. Тағы бір айта кететін жаңалық, жуырда Талғар ауданында көшпенділердің төл мұрасы – шөген ойынынан жарыс ұйымдастырдық. Әлемде поло атауымен әйгіленген ойынның негізгі шығу тегі осы біздің бабалардан қалған. Ол жайлы мағлұматтар ғұлама тарихшыларымыздың ғылыми еңбектерінде көп айтылады. Міне, сол ойыннан жарыс өтіп, Алматы облысы мен Алматы қаласының командасы сынға түсті. Екі команда да тең ойынмен тарқасты. Мұны тамашалаған жастар шөген ойынына қатты қызықты. Рухани жаңғыру аясында өткен бәсекенің маңызы зор деп ойлаймын. Көнеден келе жатқан ойынды насихаттау арқылы жастарымыздың санасына ата-бабаның аманатын дәріптедік және шөгеннің ауқымын кеңейту жолын таптық деп ойлаймын. Сонымен қатар, жергілікті чемпиондарымыздың жетістігін паш ете отырып, «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ашық сабақ өткіздік. Спорттың бірнеше түрін өз көздерімен көрген балғындар, түрлі спорттық үйірмеге жазылды. Мұнда жасөспірімдерді спортқа тарту жағы жолға қойылды және негізгі мақсат іске асты деп айтуға болады.
– Осы орайда кенжелеп қалған спорт түрлері жоқ емес. Өткен жылы «Жетісу» футбол командасы премьер-лига сапынан түсіп қалған болатын. Биылғы жағдайы қалай?
– Расында да өткен жылы футбол командамыз артта қалып қалған болатын. Өзіңізге белгілі, облыс әкімі спортқа қатты көңіл бөліп отыр. Онымен қоса спорттық нысандарды жаңартып, спортшылардың оқу-жаттығу, жиын өткізуіне қолайлы жағдай туғызуда. Мұндай қолдаудан футболшыларымыз да кем қалған жоқ. Қайтадан премьер-лига сапына қайта оралу үшін барын салды. Командаға бас бапкер етіп білікті жаттықтырушы Д. Огайды алғызып, жаңа команда жасақтады. Алдына нақты тапсырма қойып, бірінші лигада жеңімпаз атануды тапсырды. Біздің футболшылар бұл істі тыңғылықты орындап, мезгілінен бұрын чемпион атанды. Келер жылы премьер-лига сапында қайта доп тебеді. Сонымен қатар, әйелдер арасында «Жетісу» волейбол командасы да алтын тұғырдан түсіп қалған еді. Ол командаға да бас бапкер етіп В. Шапранды шақыртты. Бүгінде құрамды толық жаңартып, жаңа маусымда тәуір өнер көрсетуде.
– Сөз арасында өңір басшысының спортқа деген көзқарасын айтып қалдыңыз. Спорттық нысандарды жаңартып, қолдау білдіретінін тілге тиек еттіңіз. Ендігі сауалым, облыста басқа да жаңа спорттық нысандар бой көтере ме?
– Бұл біз үшін жалпы Жетісу халқы үшін сүйінші сұрайтын жаңалық. Неге десеңіз, келер жылдың басынан бастап Талдықорған қаласында теңдесі жоқ жүзу бассейні бой көтермек. Ол барлық олимпиадалық стандартқа сай болады. Екі жүзу бассейні және екі суға секіру тұғыры (трамплин) болады. Оның сыртында жеңіл атлетикаға арналған жабық манеж де салынбақ. Аталған екі нысан әлемдік жарыстарды өткізуге толық сай келеді. Әлемнің жұлдыздары келіп, біздің қалада өнер көрсетіп жатса, сіз таңғалмаңыз. Ол алдағы жылдың бірінде іске асатын жағымды жаңалық.
– Өткен жылда жеңіп алған жүлдені саралайтын болсақ, мақаланың ауқымы созылып кетері анық. Әйтсе де, ірі додадан жеңіске жеткен бірді-екілі спортшыны атап өтсеңіз?
– Ең әуелі, Парижде күрестен өткен Әлем чемпионатында күміс медальді жеңіп алған Демеу Жадыраевты айтуға болады. Одан кейін біздің регбиші қыздарымыз өрлеп тұр. Олар Парижде өткен халықаралық турнирде үшінші орынды алды. Ұлттық спорттан «Қазақстан Барысы» турнирінде Ұлан Рысқұл күміске қол жеткізді. Бүкіләлемдік жазғы Универсиада ойындарында Альберт Линдер алтыннан алқа тақса, Карина Горичева күмісті еншіледі. Самбошы Динара Жұмабаеваның да айы оңынан туды және ерекше атап өтетін тағы бір спорт түрі – садақшылар. Олар шетелде өткен дүбірлі додадан уыстап жүлде әкеп жүр.
– Жеңіске жеткен спортшыларды қалай ынталандырасыздар?
– Бізде ол жағы да жақсы жолға қойылған. Таланттарымыз бен жеңімпаздарымызды облыс әкімінің өкімімен республикалық және халықаралық жарыста жоғары нәтижеге қол жеткізген 103 үздік спортшыға, 31 мүгедек-спортшыға 30 мыңнан 300 мыңға дейін ай сайын сыйақы төленеді.
– Биылға қандай жоспар құрып отырсыздар?
– Биыл жазғы Азия ойындары өтеді. Сол байрақты бәсекеге 10 жолдама ұтуды назарға алдық. Ол бәсекеге грек-рим, еркін күрес, садақ ату, ауыр атлетика, регби шеберлері жерге қаратпайды деп сенеміз. Одан кейін Аргентинада жасөспірімдер арасында Олимпиада ойындары өтеді. Міне, осы додаға да біздің спортшылар қатысады деп отырмыз. Сәттілік жолдас болса, 3-5 жолдаманы қанжығамызға байласақ деген ой бар. Балғындарымыздың бәсекесінде ауыр атлетшілеріміз бен еркін күрес балуандары және дзюдошыларымызға сенім артып отырмыз. Сонымен қатар өткен жылдың нәтижесіне өзгеріс енгізіп, жыл аяғына дейін 18 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 140 спорт шебері, 700 спорт шеберлігіне үміткер және медаль санын 1400-ге жеткізсек деген нақты жоспар құрып отырмыз.
– Бұқаралық спортқа көңіл бөліне ме?
– Әрине. Өткен жылы облыста спортпен жүйелі түрде шұғылданушы адамдардың саны 572 756-ны құрап, ол 28,4 пайызды қамтыған. Биыл оның санын арттыру керек. Орта есеппен алғанда 29 пайызға жеткіземіз деген ойымыз бар. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептеріне жеткіншектердің қамтылуын 10 пайызға арттырамыз. Бүгінде 8 пайызды құрап отыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ





