Театр мен өмірдің арасын байланыстырушы бір сиқырдың бары анық. Тіпті екеуін бір ұғым ретінде бедерлеуге де негіз бар. Өзгешелігіне келер болсақ, жаны жайсаң, көңілі ақша қардай актер ең нашар адамның, қарақшы мен қаскөйдің, қанішердің рөлін ойнауы мүмкін.
Ал өмірде жақсы адамның образын рухани мешел жанның сомдап шығуы әсте мүмкін емес. Болған күннің өзінде бір-екі реттік талпыныстан кейін болмысы мен мінезіндегі міні әшкереленеді. Өйткені бұл – өмір. Нашар адамдардан актер қалыптастырмайтын, оны ел алдында жарқырата көрсетпейтін, тұлға қылып танытпайтын театрда бір қасиет бар әйтеуір.
Сол қасиеттің қара қазанында қайнап жатқан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4-курс студенттері Талдықорғанға ат басын бұрып, Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында қойылым қойды.
Әуелі жетісулық көрермен «Walt Disney» компаниясы түсірген «Король Лев» мультфильмі желісінде сахналанған қойылымды тамашалады.
Жануарлар әлемінен сыр шертетін қойылым аңдар арасындағы тартыстан тұрады. Әрине, адамдар үшін тартыстың басы – билік. Ең қызығы, жануарлар әлеміндегі тартыс да билік үшін болды. Аң патшасы арыстан, яғни король Муфаза мен оның інісі Шрам арасындағы таққа таластықтың салдары қастандыққа алып барады. Баласы Симбаны тақ мұрагері деп таныған король Муфаза інісі Шрамның қызғанышын тудырып, ақыры қастандықпен қаза табады. Содан Шрам өзін аңдардың патшасы деп жариялап, Симбаны мекенінен аластайды. Осындай сарында өрбіп келіп, ең соңында әділеттік салтанат құратынындай, Симба да әкесінің үзілген жолын қайта жалғайды. Қарап отырсақ, бұл қойылым сарыны адамзат тарихымен астасып жатыр.Заманында талай патшалар тақ үшін жақынының қолынан қан жұтқан ғой… Сондықтан да бұл туындының көрермен үшін берері мол.
Екінші кезекте әлемге әйгілі француз жазушысы, белгілі драматург Роберт Томаның «8 әйел – ол жалғыз» комедиясы сахналанды. Ол да өмірдің өзінен алынған айшықты ақиқаттардан құралуымен, шынайылығы һәм көркемдігімен, әрине, бірінші кезекте жас актерлер шеберлігімен көрермен көңілін толқытты. Ал 45 минуттық үзіндіден тұрған қойылымдардың үшіншісі – К. Гольдонидің әйгілі пьесасы «Айлакер жесір». Бұл туынды да жетісулық жұртшылықтың таным көкжиегін қойылымға тән сиқырлылығы мен мазмұндылығы жағынан кеңейте түскендей болды.
Қойылым соңында жетісулық көрермендердің ыстық ықыласына, қошеметіне тәнті болған Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының 4-курс студенті Закира Рахымжан:
– Жер жаннаты атанған Жетісу жұртшылығының өнерге деген ықыласы ерекше. Біз кураторымыз Талғат Көбековтың тікелей басшылығымен әрі ұйымдастыруымен келіп, өздеріңіз көрген үш бірдей қойылымды сахналадық. Бұл біздің актерлік шеберлігімізге, көрерменмен байланысымызға және сахнаға бейімделуімізге айрықша ықпал ететін іссапар, – дей келе, «Король Лев» пен «8 әйел – ол жалғыз» қойылымдарының режиссері қос бірдей группаласы Саламат Өтешев пен Роза Әбішева екенін мақтанышпен атап өтті.
Шынында болашақ актерлердің бір-бірін мақтанышпен қолпаштайтынындай, Т. Жүргенов өнер академиясы шәкірттерінің шеберлігі де, режиссерлік қабілеті де қойылым барысында көрініп тұрды. Олардың қазақ театр өнерінің болашақ жұлдыздары болып жарқырайтынына жетісулық көрермен шүбәланбағандай.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





