Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінде еңбекті қорғау жөнінде техникалық инспекторлар арасында семинар өтті. Семинарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясат, заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілер талаптарының орындалуы, оқыту жүйесі кезінде оқушылар мен білім беру мекемелері қызметкерлерінің қауіпсіздігі туралы айтылды.
Басқосуда техникалық инспекторлардың біліктілігін арттыру жайы да көтерілді. Семинарда ұстаздардың еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауы, өрт қауіпсіздігі және оның алдын алу шаралары, өндірістік кеңестердің жұмысын жандандыру, санитарлық-техникалық талаптарды орындау барысы пысықталды. Сондай-ақ, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетілді. Шарада еңбек қауіпсіздігіне байланысты мекемелердің жауапты мамандары сөз алды. Олар сақтық шаралары жөнінде әңгімеледі.
Өндіріс орындарында әртүрлі қауіпті жағдай орын алып жатады. Соның көбі арнайы киім кимегендіктен, нормативтік-құқықтық актілерді дұрыс сақтамағандықтан. Бұл орайда облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма маманы Дамир Болат жан-жақты айтып өтті.
– Әсіресе құрылыс алаңдары қауіп-қатерге толы. Көпқабатты үйлер салғанда жүріп-тұру ережесі сақталмайды. Қондырғылармен жұмыс істегенде сақтық шаралары жасалмайды. Мамандарды кәсіптік мектептердің қабырғасында дұрыс оқытса, қауіпсіздік шаралары бұзылмас еді, – деді ол.
Төтенше жағдай бола қалғанда не істеу керектігін маман Гүлбара Әуелбекова кеңінен айтып өтті. Семинарда техникалық инспекторларға еңбек қауіпсіздігін сақтау жөнінде көптеген ақыл-кеңес берілді. Басқосу соңында қатысушыларға сертификат табыс етілді. Семинардың екінші жартысында қонақтар колледждің техникалық базасын аралап, жаңа қондырғылармен танысты.
Гүлжан ТҰРСЫН.




