Тау – алып! Тау биіктерге жетелейді. Тау арман мен қиялға шақырады. Көктен нұр жауғанда қуана жалаңаяқ жүгіретін бүлдіршін қыздың былайғы жұртқа тау мен даланы неліктен жаны сүйетіні түсінікті. Тауға өрмелеп шығып кететін қағылез қызды сыныптастары: «Әне кетті елік, міне, кетті елік» – деп әзілдеп әнге қосатын. Олай дейтіні тегі – Елікбаева. Балалық-ай, десеңші?! Сол әзілді де намыс қылыпты-ау?!. Тегімді ауыстырам деп талай жылапты да…
«Уақыт зырлап, жылдар көшіп жатса да, әлі күнге дейін мейірім мен тазалықты, іңкәрлік пен махаббатты сол таулардан іздеймін», – дейді Роза Маратқызы. Иә, сол себепті де шығар, қазақ даласының біраз жеріне барып, сұлулығына тәнті болып, көңілі толып өсіп қайтқанын айтады. Мұқағалидың Хантәңіріне, Оралхан Бөкейдің Мұзтауына, Сәкеннің Көкшетауына барып, көзайым болып қайтыпты. Әңгімеміздің басы әуелі сағыныш тұнған туған жер, туған ауылдан басталды. Жазиралы Жаркент өңірінің Сарыбелінде балалығының бал дәурені өткен Роза Айдарбекова бүгінде «Іле таңы» газетінің бас редакторы.
Өмірін журналистикамен байланыстыруы да кездейсоқ болғанға ұқсайды. Ауылдық мектепті бітірген соң, арман қуып Алматыға аттанған қаршадай қыздың жоғары оқу орнына түсуі алғашқы жылы мүмкін болмады. Елге қайтуды намыс көрген өжет қыз кәсіптік техникалық училищенің тоқыма мамандығы бойынша оқып, Алматы мақта-мата комбинатында жұмыс істей бастайды. Ол кездің жастары көркем әдебиетті таласа-тармаса оқитын. Сәбит Мұқановтың, Әзілхан Нұршайықовтың, Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев ағалардың кітабы қолдан-қолға өтетін.
Алатаудың жаңбыры мен нөсері,
Бала күнгі жан досымыз кешегі.
Тау өзені басын таудан бастайды,
Тау баласы тауға қарап өседі, –
деген Тұманбай ақынның лирикалық жырлары қазақ сахарасын кезіп кеткен кез еді ол. Сол айтпақшы, тауға қарап өскен қыздың бірі Розаның өзі емес пе?! Көркем әдебиетті жастана оқып, көркем сөйлеуі де табиғилықтан туған болуы керек. Балапан арман, бала қиял қияға қанат қақпай тұрмайды. Бірде құрбы қызымен жастардың сауық кешінде ақын Рахымжан өтегеновпен танысады. Топ ортасында көсіле сөйлеп, шешіле тілек айтқан қабілетін байқап қалған ақын ағасы құрбы қызы Дәриғадан Роза жайлы сұрайды. Құрбысымен мақтанғысы келді ме, әлде Алланың аузына салғаны сол болды ма, әйтеуір: «Е, ол қыздың арманы үлкен, журналист болғысы келеді», – деп төтесінен бір-ақ қойыпты. Бұны естіп алған «Жетісу» газетінің хатшылығында жұмыс істейтін ақкөңіл ақын бірден жазғандарын берсін деп сәлем жолдапты.
– Шіркін, ол кездің адамдары басқа еді ғой, марқұм Рахымжан аға мені туған қарындасындай қабылдап еді, – деп еске алады Роза Маратқызы. – Мақала жазып көрінгеннен гөрі құрбымды өтірікші қылмайын деген оймен қолыма қалам алып, жұмысшы қыздар өмірінен бір мақала дайындап ұсынып едім. Ауылға барып қайтып келсем, қызық болғанда құрбы қыздарым сүйінші сұрап, шулап жүр. Ол кезде басылымға жарияланудың қуанышы бөлек қой. Мақалам республикадағы беделді басылым «Лениншіл жастан» бір-ақ шығыпты. Астында Роза Елікбаева деп фамилиям жазылыпты. Ол кезде фамилиям Елікбаева болатын. Несін жасырайын, қуанышымда шек болмады. Ал кеп тапсырыстар түссін. Бірде газет редакциясынан шақырту алдым. Барсам, кейбірінің қазір есімі есімде жоқ, көптеген аға, әпкелер менімен жылы амандасады. Есімде қалғаны – қазіргі белгілі журналистер Ерғали Сағат, Марат Тоқашбаев ағаларымыз. Олардың сонда қызмет ететін кезі. «Лениншіл жаста» сол уақытта жұмысшы жастар бөлімі болатын, ол бөлімді Ерғали аға басқаратын.
– Роза, былай істейік, мақта-мата комбинатынан біздің газеттің тілшілер қосынын қосуды жоспарлап отырмыз. Сен өзің соған жетекшілік етсең…
Бұл күтпеген ұсыныс болды. Жұмысшы қыздар өмірінен, комбинат жаңалықтарынан, цехтағы еңбек тынысынан түрлі мақалалар ұйымдастырып, құрбым екеуміз кезектесіп жазып тұрдық. Бесінші мамыр баспасөз күні қарсаңында газет редакциясы мені шақырды. Барсам, штаттан тыс тілшілер арасындағы байқаудан жеңімпаз атаныппын. Газет редакторының қолы қойылған арнайы диплом тапсырды. Төбем көкке екі елі жетпеді. Сол жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қабылдандым. Еңбектің дәмін татып келген соң ба, курстастарымнан естиярлау боп көрінетінмін. Тағдыр ма, маңдайдағы жазу ма кім білсін, менің журналистік ғұмырым осылай басталды. Жаныма жақын туған ағамдай болып кеткен Рахымжан аға жұмыс жолымды аудандық газеттен бастауыма ақыл берген еді. Мен сол кісінің айтуымен аудандық газетке келдім, – деп естен кетпес елес күннен естелік айтады Роза Айдарбекова.
Журналист болуды тағдырдың сыйы деп қабылдаған ол кісі 1978 жылдан бері «Ильич жолы», қазіргі «Іле таңы» газетінде тілші, аудармашы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 1997 жылдан бері газеттің бас редакторы. Мінеки, бұл күнде осы жұмысты адал, абыроймен басқарып келе жатқанына аттай 37 жыл толыпты. Осы аралықта небір қиындықтар кездессе де мойымай, елдің көреген көзі мен есті құлағы саналатын басылымды сақтап қалуға бар күшін салған. Алғаш рет газет Қапшағайда, кейіннен қазіргі өтеген батыр кентіне, содан соң қайта Қапшағайға ауыстырылады. Осындай сын сағатта қатынап жұмыс істеу қиынға соққасын, бөлім меңгерушілері мен бір топ журналистер кетіп қалады.
– Мен ол кезде жауапты хатшы едім. Газет шықпай қалмасын деп Ілияс аға екеуміз екі ай жұмыс істедік. 90 жылдардан бастап жағдай қиындап кетті. Аптасына бір рет шығатын жағдайға келдік. Кейіннен тіпті газет шықпай да қалды. Газетті басқарып отырған редактор да кетіп қалды. Ол кезде мен әкімшілікте бүкіл құжат материалдарды аударып отырдым. 1996 жылы Алматыдағы «Болашақ» баспаханасына аудандық газеттерді жиналысқа шақырған екен. Барып қатысып, баспаханаға тәуелді болмай, газетті өзімізден шығаруға болатын шағын типография қондырғы аппаратты сатып алуға болатынын естіп, бірден аудан әкімінің орынбасары Исаев Әмзе Әлдибекұлына келіп айттым. Ол кісі біраз уақыт өткен соң, сол құрылғыны сатып алып, газет шығарайық деп шешті. Содан басылымға жазылу басталып кетті. Газеттің редакциясы деп сонда ескі балабақшаның суық бөлмесінде отырдық. Бір күні жиналыста әкім «газет қашан шығады?» деп сұраған еді. Мен бірінші мамырда деп қойып қалдым. Содан жиналыстан соң Әмзе Әлдибекұлы: «Ештеңең дайын емес қой!» – деп қатты ұрысты. Әйтеуір сынық орындық, үстел біткенді жан-жақтан жинап, жоқтан бар қылдық. Әмзе Әлдибекұлының жақсылығы ғой, демеушілерді тауып, компьютермен жабдықтады. Сәуірдің соңында жиналған ақшаға әлгі аппаратты да сатып алдық. Қызық енді басталды. Газет тура ертең шығады деген уақытта, тұсаукесері болады деп елге жарияланып қойған. Компьютермен жұмыс істеуді білмейміз, әкімшілікте бір таныс орыс келіншектің баласына жүгіндік. Ол әйелім мен балаларым теруді біледі, түнімен теріп дайындаймыз деп екі компьютерді үйіне алып кеткен. Аудан әкімі кеңсеге келгенде, әлгі аппараттан басқа ештеңе жоқ екенін көріп: «Біреуге компьютерді беруге бола ма екен, бұзылып қалса қайтесің?» – деп қатты сөкті. Содан ұятқа қалмауға тырысып, таңға дейін жұмыс істегеніміз әлі есімде, – дейді өткен күнді еске алған Роза Маратқызы.
Осылайша газеттің алғашқы нөмірін де шығарып, әкімнің сенімін ақтап шығыпты. Десе де ақшаның тапшы кезі, аталмыш аппараттың бояуы таусылып қалған күндерде, тіпті, бір күні анасына жылап барып, ақша алған кезі де болғанын айтады. Мезгіл өрнегі өз дегеніне жеткізуге асық қой. Осылайша тығырықтан шығу үшін, әр түрлі буклет, жарнамалық қағаздар шығарып ақша таба бастайды. Еңбекшіқазақ аудандық газетін де басып күн көрудің қамын жасайды. 1999 жылдан бастап бюджетке енген соң, жағдай оңала бастайды. Айта берсе, мұның бәрі естелік. Табандылық пен төзімнің, талап пен жауапкершіліктің арқасында сан белестен өтіп, бүгінгі күнге жетіп отыр. Иә, талайды бастан кешірген, ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар етіп отырған газет ұжымында бүгінде 13 қызметкер ұйымшылдықпен сапалы жұмыс істеп келеді. Бір ерекшелігі газет ұжымы тауды сүйген кешегі бүлдіршін елік қыздың, бүгінгі басшыларының бастамасымен жыл сайын журналистика күні мерекесі қарсаңында табиғат аясына шығып демалуды игі дәстүрге айналдырған.
– Іле ауданын жатсынбадым, бірден сіңіп кеттім. Жаман жер болмайды ғой. Кәдуілгі туған жерімдей болып кетті. Халқы кеңпейіл, ұйымшыл, бір-бірін қолдап жүреді. Жеңісіңе қол соғып, мәртебеңді көтереді, – дейді аудан жайындағы бір сөзінде. Бүгінде аудандық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Іле аудандық филиалының жанындағы депутаттық фракция жетекшісінің орынбасары Роза Маратқызының жеткен жетістігі аз емес. Қазақстан Ремпубликасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Алғыс хатымен», «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Астана қаласының 10 жылдығы», «Мәслихаттардың 20 жылдығы», «Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Облыс әкімдігінің бұқаралық ақпарат құралдары арасында жарияланған бәйгелердің бірнеше мәрте жүлдегері. «Албан Кеңес», «Тау тұлғалы азамат», «Ұлағатты қос ғұмыр», «Өшпейтін өнегелі өмір» атты кітаптарға редакторлық жасаған. Ай сайын шығатын «Жер-жићан» республикалық көркем әдеби, әлеуметтік қоғамдық журналға да басшылық етіп отырған Роза Маратқызы бүгінде мерейлі алпыстың асуына шықты. өнегелі отбасының шырағы болып, Құдай қосқан қосағы Біләл Ақынұлымен бір шаңырақтың астында берекелі ғұмыр кешіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, Әйгерім, Айбақыт, Асыл, Тоғжан есімді тәтті немерелерге ардақты ата, қымбатты әже болып отыр. ұлдары Мұрат құқық қорғау органында, келіні Эльмира шекаралық қызметте, қыздары Гүлмира әкімшілікте, күйеубаласы Бауыржан метрополитенде жұмыс істейді.
«Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?!» деп ұлы данышпан Абай атамыз айтпақшы, әңгімеміздің соңы: «өзекті жанда нағыз адам болудан асқан мақсат бар ма?!» – деген сөзбен түйінделді. Адамды ой түзейді. Ойы таза кісінің жаны да, жолы да таза. Бұл туралы Іле ауданындағы үлкен-кішінің ол кісіге деген сый-құрметінен танып-білуге болады. Алпыстың асуынан асқан абзал ана, білікті басшы, жайдары жақсы адам Роза Маратқызының өнегелі өмірі көпке үлгі екені даусыз. Адамдықтың құндылығын таудың биіктігімен өлшейтін қасиетін осыдан түсінуге болады.
Мақпал МЫСА.