Биыл Жеңістің 80 жылдығы. Жай ғана атап өтетін мерейтой емес. Күллі адамзат тарихындағы қанқұйлы соғыстың нүктесі қойылған күнге 80 жыл толыпты. Осы айтулы датаны ТМД елдері ерекше атап өтуді жоспарлаған. Сондай шараның бірі – «Жеңіс эстафетасы».
Беларуссияның Брест қаласынан бастау алған «Жеңіс эстафетасын» Жетісудың шегарашылары Абай облысының Аягөз қаласынан қабылдап алды. ҚР ҰҚК Шегара қызметі Абай облысы бойынша департаменті табыстады. Әуелі абайлықтар бір минут үнсіздікпен ұрпағының бейбіт заманда өмір сүруі үшін айқасқан боздақтарды еске алды. Артынша сол өңірдің ардагерлері мен қоғам қайраткерлері мінберге көтеріліп, ұрпақ жадында мәңгі жаңғыруы тиіс зұлмат соғыс, қазақ даласынан майданға аттанған батырлар хақында сөз қозғады. Ұлттық рухты оятар әннен де шашу шашты. Содан кейін ҚР ҰҚК Шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті шегарашыларына «Жеңіс эстафетасын» өткізді.
Қазақстанның Туын желбіреткен жетісулық тыныштықты күзетушілер халықаралық маңызға ие статуэтканы Үшарал қаласына жеткізді.
Үшарал қаласындағы шараны жергілікті ресми органдардың жүйелі ұйымдастырғаны байқалады. Мектеп оқушылары, әскери саланың ардагерлері, шегарашылар сап түзеп эстафетаны қабылдады. Әскерилер әуелі аудан орталығындағы Мәңгілік алауға тағзым етіп, содан соң З. Қойшыбаева атындағы Мәдениет үйіне бағыт алды.
– Бұл ерлік пен елдіктің, тарих пен тағылымның жалғасып жатқан жарқын көрінісі. «Жеңіс эстафетасы» біраз облыста әскери-патриоттық іс-шаралармен жалғасып, халқымыздың бірлігі мен Отанға деген сүйіспеншілігін паш етуде. Ұрпақ жадында батыр бабаларымыз көрсеткен ерлікті жаңғыртуда, – деді ҚР ҰҚК шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Руслан Керімқожаев.
Салтанатты шарада аудан өнерпаздары мен шегарашылар рухты әндерді әуелетіп, бір серпілтті. Содан кейін «Жеңіс эстафетасы» Алматы қаласына бағыт алды. Еске салатын жайт, бейбітшілік пен жеңістің нышаны Қазақстанның 5 облысын аралап, Қырғыз Республикасына табысталды. 9 мамырға дейін ТМД елдерінде болып, Мәскеуге жеткізіледі.
Дастанбек САДЫҚ
Фото: Жұмабай МҰСАБЕКОВ





