Бейбіт өмірдің бағасын соғыс көрген елдерде қызмет еткен сарбаз ғана шын түсінеді. Осындай тыныштықтың қадірін терең ұғынған Талдықорған қаласының тұрғыны алғашында 2021 жылы Ливан еліне аттанып, 7 ай бойы бейбітшілікті сақтау жолында қызмет етті. Ал екінші рет 2024 жылы Сирияға барып, 1 жылдық халықаралық міндетін абыроймен атқарды. Бітімгершілік миссиясы әскери міндет қана емес, адамзат тағдырына бейжай қарамау.
Тұрақсыздық жайлаған аймақта тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды міндеттерді атқарған Бекжан Нұрахметов ісі нағыз ерлікпен пара-пар. Сол қызметтегі табандылығы мен тәртібі үшін ол Ливан және Сирия мемлекетінің арнайы «Бітімгершілік қызметтегі абыройы үшін» медальдарымен марапатталған.– Ливан мен Сирияда жүргенде, ол жақтағы халықтың тұрмысы мен балалардың көзіндегі үмітті көріп, өз елімнің тыныштығына шүкіршілік еттім. Тыныш өмірдің қандай қымбат екенін сол жақта жүріп түсінесің, – дейді ол.2014 жылдан бастап әскери салаға кірген Бекжан бүгінде тәжірибелі, шыңдалған сарбаз. Отбасында үлгілі әке. Екі ұлы бар, екеуі де әке жолын жалғастырып, болашақта әскери маман болуды армандайды. Бұл отансүйгіштік пен тәртіп отбасынан басталатынының жарқын дәлелі.
Еліміздің атынан өзге мемлекетте тыныштықты күзетіп, бейбітшілік елшісі болу әскери ерлік пен адамгершіліктің символы. Сол үшін де біз ел тыныштығы үшін тер төгіп жүрген әрбір жанға алғыс айтуға тиіспіз.
Санжар Сұлтанғазы




