Бүгін Жетісу облысында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мерекелік жиын Талдықорған қаласының орталық алаңында өтті. Шара барысында жиналған көпшілік Астана қаласында өткен бас әскери шеруді LED экран арқылы тікелей эфирден тамашалады.
Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, тыл еңбеккерлері, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысушылар, Семей полигонының ардагерлері және жалпы саны 200-ге жуық адам қатысты.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Бейбіт Исабаев жиналғандарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, бұл күннің ел тарихындағы маңызын атап өтті.
Бүгінгі 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтудеміз. Біз аға ұрпақтың асқақ рухына бас иеміз. Майдангерлердің есімі мен ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Отанды қорғау – қастерлі міндет. Армия мен күштік құрылымдар ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бүгін жас сарбаздарды әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салдық. Олар даңқты бабалар жолын жалғайтынына сенеміз, – деді өңір басшысы.
Жиын барысында 30 жас сарбазды әскер қатарына шығарып салу рәсімі өтті. Мереке одан әрі әскери қойылымдармен және концерттік бағдарламамен жалғасты.
Сонымен қатар, Талдықорған әскери гарнизонына қарасты № 21751 әскери бөлімінің «Жетісу барысы» ұшқыштары орталық алаң үстінен әуе шеруін ұйымдастырды. Бұл құрам бұған дейін Астанада өткен бас әскери шеруде де ерекше өнер көрсеткен болатын.
Мерекелік шараны тамашалағандардың бірі – Талдықорған қаласының тұрғыны, Семей сынақ полигонының ардагері Айтбек Әубәкіров. Ол әскери шерудің әсерлі өткенін атап өтті.
Бүгінгі мерекелік шараларға әскерде бірге болған бірнеше жолдасыммен келдік. Астанадан тікелей эфирде көрсетілген парад пен Талдықорғандағы отаншылдыққа үндейтін көріністер ерекше әсер қалдырды. Өскелең ұрпақ елімізде әрқашан бейбіт өмір сүрсе екен дейміз. Мұндай шаралар жастардың елжандылық рухын көтереді, – дейді ол.
Сондай-ақ, мерекеге Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 мектеп-лицейдің кадет сыныбында оқитын оқушылар да қатысты. 7 «б» сынып оқушысы Аяулым Ақмолдаева кадет сыныбында оқу үлкен мақтаныш екенін айтып, болашағын әскери саламен байланыстыруға бел буғанын жеткізді.
Кадет сыныбында физикалық дайындық пен әскери машықтарды үйреніп жүрміз. Бүгінгі шарада кәсіби әскери мамандардың өнерін көріп, бұл саланы таңдау туралы шешімім нығая түсті, – деді жас өрен.
Айта кетейік, Талдықорғанда Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концерт кешкісін де жалғасады. Мерекелік бағдарлама елге қорған болған ерлерді ұлықтап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздейді.
«Жетісу-Ақпарат»





