Д. Рақышев атындағы облыстық филармонияның сахнасында қазақ әдебиеті мен музыка өнерінің ірі тұлғасы, ақын, әнші-сазгер Пышан Жәлмендеұлының 140 жылдығына арналған І Республикалық «Сұңқар едім шөлдегі, сұлтан едім елдегі» атты дәстүрлі әншілер байқауы өтті.
Ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан өнер иесінің шығармашылығын дәріптеуге арналған бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қостанай облыстарынан, Астана қаласы мен Жетісу өңірінің әр ауданынан талантты 21 өнерпаз қатысты.
Байқаудың басты мақсаты – Пышан Жәлмендеұлының мол мұрасын кеңінен насихаттау, дәстүрлі ән өнерінің көкжиегін кеңейту, жас орындаушылардың кәсіби біліктіліктерін арттыру және шығармашылық байланыс орнату.
Байқау аясында қазылар алқасының төрағасы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін қарымды қаламгер иесінің әдебиет пен өнердегі орны жайына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде:
– Пышан Жәлмендеұлы – елдік пен ерліктің, өнер мен руханияттың символы. Оның әндерінде халықтың мұңы мен үміті, жүрек үні жатыр. Мұндай байқаулар жас буынға рух береді, ұлттық өнеріміздің өміршеңдігін дәлелдейді, – деді.
Халықтың жүрегінде қалған өнер саңлағының мұрасын жаңғырту – ата-дәстүрдің айнасы. Ән өнерін ұлықтаған осындай игі шара ұлт руханиятының ұстыны, ұлылықтың биік шоқтығын таныту. Қазақтың кең даласында тербеліп туған дәстүрлі ән – қазақтың жан дүниесін, болмысын жеткізетін құдіретті мұра. Руханият иесінің өмірі мен өнері – өшпес шежіре. Ол халық жүрегінен орын алған, әлі де талай буынның шөлдегенде ішетін кәусар бұлағы.
Байқауға қатысушы Байдос Серікбайұлы:
– Осындай үлкен деңгейдегі байқауға қатысу мен үшін зор мәртебе. Пышан Жәлмендеұлы сынды ұлы тұлғаның әндерін орындау жауапкершілігі мол іс. Оның туындылары тек ән емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Осы байқау арқылы біз өнерімізді көрсетіп қана қоймай, бабалар аманатын жалғап келеміз. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, бұл байқау мен секілді жас өнерпаздарға үлкен шабыт береді, – деп өз толғанысын жеткізді.
Сайыс қорытындысы бойынша арнайы жүлде 50 мың теңге, III орын 200 мың теңгемен, II орын 300 мың теңгемен, I орын 400 мың теңгемен, ал бас жүлде алған Талдықорған қаласының тұрғыны Нұрәлі Есхат дипломмен және 500 мың теңгемен марапатталды.
Пышан Жәлмендеұлының 140 жылдығына арналған бұл байқау арқылы ұлттық руханияттың мәйегі саналатын дәстүрлі ән өнері кеңінен насихатталып, жас таланттарға жаңа серпін берілді. Ел ішінен жиналған дарынды орындаушылардың қатысуы байқаудың маңызын арттыра түсті. Осындай игі шаралар арқылы халқымыздың өнері ұлықталып, өшпес мұрасы болашақ ұрпаққа аманат етіледі.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





