Талдықорғанда интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық шаралар жүргізілуде. Цифрлық технологиялардың дамуымен қатар киберқылмыстардың да көбеюіне байланысты киберқауіпсіздікке ерекше мән беріліп отыр.
Қалалық полиция басқармасы мен Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары медициналық ұйымдардың қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ауруханалар, емханалар, оңалту орталықтары және басқа да мекемелерде ақпараттық кездесулер ұйымдастырылып, тұрғындарға да кеңестер берілді.
Шара аясында интернет-алаяқтардан қорғану жолдары көрсетілген бейнематериалдар ұсынылып, QR-кодтар арқылы пайдалы ресурстарға сілтемелер таратылды. Сонымен қатар брошюралар мен жадынамалар таратылып, полицейлер жиі кездесетін алаяқтық тәсілдер мен сақтану жолдарын түсіндірді.
Цифрлық байланыс арналары да белсенді пайдаланылды – медициналық қызметкерлердің WhatsApp топтарына фото және бейнематериалдар жіберіліп, олардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру көзделді.
Құқық қорғау органдары азаматтарға:
– күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге,
– белгісіз сілтемелерге өтпеуге,
– алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда бірден полицияға жүгінуге кеңес береді.
«Жетісу-Ақпарат»





