Соңғы жылдары қаржы алаяқтарының түрлі тәсілдермен адамдарды алдап, оңай олжа табуға тырысу оқиғалары жиі кездесуде. Соның бірі – банкомат жанында орын алатын алаяқтық әрекет. Бұл тәсіл өте қарапайым: бейтаныс адам сізге келіп, өзіне жаны ашырлықпен көмектесуіңізді сұрайды.
Мысалы, ол:
«Мен басқа қаладан келіп едім, картам жоғалды, интернетім жоқ. Мен сізге өз таныстарымнан ақша аудартайын, сіз сол ақшаны шешіп беріңізші» – деп өтініш айтуы мүмкін.
Бір қарағанда бұл жәй өтініш секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, нақты қауіп – осы сәттен басталады.
Неліктен келіспеу керек?
-
Бұл ақша заңсыз жолмен алынуы мүмкін. Жәбірленуші полицияға шағымданған жағдайда, ақшаны шешкен сіздің атыңыз тергеуге ілігеді.
-
Сіз күдікті ретінде тергеліп, қылмыстық іске тартылуыңыз мүмкін. Өйткені, алаяқтардың шотына түскен қаражатты шешіп беру арқылы қылмыстық схеманың қатысушысы ретінде қаралуыңыз ықтимал.
-
Алаяқтар банк жүйесін айналып өтіп, қолма-қол ақша алу үшін сенгіш азаматтарды пайдаланады.
Қауіпсіздік үшін не істеу керек?
- Бейтаныс адамның мұндай өтінішіне ешқашан келіспеңіз
- Күмән тудырған жағдайда – полицияға хабарлаңыз
- Өз шотыңызды, карталық деректеріңізді және банкоматты ешкімге пайдалануға бермеңіз
- Қаржылық сауаттылығыңызды арттырып, алаяқтық түрлерінен хабардар болып жүріңіз
Сіздің көмегіңіз – үлкен қылмыстық жауапкершілікке ұласуы мүмкін екенін ұмытпаңыз!
Мәулен Әнербай





