Жетісу облысында «Қарасора – 2025» жедел алдын алу іс-шарасы мен нашақорлыққа қарсы айлықтың қорытындылары белгілі болды.
Брифинг Талдықорғандағы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өтті. Оған Жетісу облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ельдар Әбдікеров пен есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Сейсенбеков қатысты.
Спикерлердің айтуынша, 2025 жылдың басынан бері облыс аумағында есірткіге қатысты 93 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,4 пайызға артық.
Атап айтқанда:
-
50 есірткіге қатысты жалпы қылмыс,
-
25 есірткі сату фактісі,
-
9 аса ірі көлемде сақтау дерегі,
-
10 есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру оқиғасы,
-
сондай-ақ есірткіні насихаттау мен жарнамалаудың 2 фактісі анықталды.
Операциялар барысында заңсыз айналымнан 78 келіден астам есірткі тәркіленді: оның ішінде шамамен 38 келі марихуана, 15,3 келі синтетикалық заттар және 20 келіден астам жабайы қарасора алынған.
Полиция интернеттегі есірткі қылмыстарына да ерекше назар аударды. Цифрлық мониторинг нәтижесінде Telegram мессенджерінде жұмыс істеген 1 458 сайттың қызметі тоқтатылып, 172 банктік есепшот бұғатталды. Бұл шаралардың арқасында заңсыз айналымдағы 23 миллион теңгеден астам қаражатқа тосқауыл қойылды.
Сонымен қатар жастар, студенттер және жалпы тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Айлық аясында дәрістер, дөңгелек үстелдер, оқушылармен кездесулер, флешмобтар, акциялар мен фестивальдер сияқты ондаған шара өткізілді.
Полиция департаменті тұрғындарды есірткіге қарсы күресте бейжай қалмауға және күмәнді жайттар туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырады.





