Қазақ талант атаулыға кем болмағанымен кей спорт түрі ырыққа көнбей, қиғылыққа салып, жетістік атаулыға маңайлатпай тұр. Алаш баласының таңдаулы аренада ала допты ұршықша иіріп, талантына күллі жаһанды тәнті ететін сәтін тағатсыздана күтіп келеміз. Саңылау салып бір сәуле жарқ ете қалса, мүмкіндігінше жолын ашып, бар ықыласты арнар едік. Алатаудың бауырында дүниеге келіп, еліміздің аңызына айналған командада доп теуіп, ұлттық құрамаға шақырту алған жас таланттың жетістік жолындағы алғашқы қадамына көз жүгіртсек. Өз кезегінде «Jetisy» газетінің ұжымы дарынды футболшыға сәттілік тілейді.
Алаңда абадандай қимылдап, қарсыластарын тығырыққа тіреп, аяғына доп тиген сәтте жүйітки жөнеліп, қақпаға допты қақырата теуіп, өзінің кезекті голына сүйсіне қарап тұрған – Дастан Сәтпаев. Бүгінде оның есімі елімізде ғана емес, әлемге әйгілі. Жаһандағы 16 жасқа дейінгі нәтижелі ойыншылардың санатында үздік бестікке кірсе, қымбат ойыншылардың үштігін түйіндеп тұр. Осыған дейін футболдан қазақ баласы мықтылар тізіміне еніп, нәтижесі қуанарлықтай болмаған еді.
Әуелі оның есімі балалар арасындағы жарыста ауық-ауық айтылып жүрді. Ал Дастанды көпшілікке кеңінен таныстырып, талантын ұштай түскен – QJ League. «Freedom» банктің қолдауымен 2023 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жарыстың алғашқы жеңімпазы болған «Қайраттың» сапында айрықша ойынымен көзге түсті. Екі маусымда 28 ойын өткізді (2023 жыл – 16 ойын, 7 гол; 2024 жыл – 12 ойын, 19 гол). Былтыр турнирдің «ең сапалы ойыншысы» атанды. Қазақ футболының қайнары іспеттес болған «Қайраттың» академиясына 8 жасында қабылданып, содан бері «сары-қаралардың» намысын қорғап келеді.
Теңбілдоп тақырыбында көсіле жазып, шешіле сөйлейтін әлемдік ақпарат құралдары биыл қаңтар айында 16 жастағы қазақ баласы Англияның әйгілі «Челси» командасына ауысатынын жарыса хабарлады. Оны «Қайрат» та, ойыншының өзі де растады. Бірақ, FIFA (Халықаралық футбол ұйымы) ережесі бойынша 18 жасқа толмаған ойыншы ресми түрде шет елдік клубқа ауыса алмайды. Осыған байланысты Дастан 18 жасқа толғанша «Қайрат» сапында 2026 жылдың жазына дейін ойнап, одан кейін тұманды Альбионды бетке алады. Дәл қазіргі сәтте ойыншыны «Челси» бақылауда ұстап, оның әр қадамын қадағалап отыратын маманды да қарастырған. Legalbet.kz порталындағы сарапшылардың мәліметінше 4,3 миллион еуроға ауысатын (базалық бөлігі 2,4 миллион еуро, қалғаны бонус түрінде) Дастан ел чемпионатындағы ең қымбат трансфер болмақ. Осыған дейінгі рекордтық трансфер «Қайраттан» Ресейдің «Зенит» командасына ауысқан Нұрәлі Әліпке (2 миллион еуро) тиесілі еді.
Дастан Сәтпаев 2008 жылдың 12 тамызында Алматы қаласында дүниеге келген. Ес білгелі футболға құмартып, қолтығына добын құшақтап, аула алдында достарымен құмарта ойнады. Еліміздегі таңдаулы академиясы бар «Қайраттың» балалар командасына қабылданып, өзін әр жастағы санатта айрықша көрсете білді. Дастанның биылғы нәтижесі бас айналдырарлық. Жас таланттың аз уақыт ішінде көл-көсір көрсеткішке ие болуын шартарап шаттана айтып, жазып жүр. «Қайраттың» негізгі командасындағы бірінші кездесуін 15 жасында былтыр мамырда лига кубогында «Ақжайықпен» болған матчта өткізді. Ал биыл наурызда Премьер-лигадағы дебюттік ойынын «Астанаға» қарсы өткізіп, алғашқы матчта гол салды (38 минутта Санатаның орнына шығып, 69 минутта гол салды). Сол арқылы Қазақстан чемпионатында гол салған ең жас ойыншы болып тарихқа жазылды (16 жас, 6 ай). Одан кейін «Қайраттың» басты шабуылшылары Жоао Пауло, Элдер Сантана ауыр жарақат алып, қатардан шығып қалған сәтте Дастан негізгі құрамдағы тоғыздықтың міндетін өзі атқарды. Сәтпаев 16 ойында 8 гол салып, әзірге биылғы Премьер-лигадағы мергендер тізімін бастап тұр. Қазақстан құрамасына шақырту алып, Кюрасаоға қарсы жолдастық кездесуде дебют жасаса, ресми ойындағы бірінші ойынында Әлем чемпионатының іріктеуінде. Сол арқылы наурызда Уэльске қарсы кездесудің 74-ші минутында Максим Самородовтың орнына шықты. Әр ойын сайын деңгейі өсіп, өзін сан қырынан көрсетіп келе жатқан Дастан жақында тағы бір рекордтың иесі атанды. Ол УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу матчында «Олимпияға» (Словения) қарсы кездесудің 59-минутында гол салды (гол салған ең жас қазақстандық). Бұл турнирдің тарихында гол салған ең жас ойыншылар тізімінде Никлас Беркрот (16 жас, 6 ай), Влодзимеж Любаньскиден (16 жас, 8 ай) кейінгі үшінші орынға орналасты (Дастан 16 жас, 10 айында қанжығасы майланды). Ал тізімнің соңында бүгінде Әлем футболының жауһарына айналып келе жатқан Ламин Ямаль, белгілі Ромалу Лукаку, Ансу Фати сынды ойыншылар бар. Ойынын қалыптастырған, атын күллі әлем білетін осындай аяқдоп шеберлерінің қатарында қазақтың талантты жас баласының төбе көрсетуі шын қуантады. Әлеуметтік желідегі әр сәтін қадағалап отырған жанкүйерлер «Мегаталант» деп пікір қалдырып, болашағының жарқын болуына ниеттес екендіктерін аңғартады.
Ұлттық құрамадағы ағасы, «Зенит» ойыншысы Нұрәлі Әліп: «Еліміздегі балалар футболына деген көңіл «Қайраттың» академиясымен шектеліп қалмай, әр өңірде дамыса таланттар қатары көбейер еді. «Қайраттың» еңбегі ақырын-ақырын жеміс беріп келеді. Ал Дастан сөзсіз талантты ойыншы. Оны жоғалтып алмауымыз керек» – деді. Толықтай келісеміз.
Елден жырақта жүрген санаулы ғана ойыншыларымыз бар. Ұлттық құраманың да кейінгі нәтижесі көңілдегідей болмай жатқандығы тағы рас. Ал Дастан сияқты азаматтар аш қасқырдай тап беріп, қарсылас қақпасына аладопты тулатып жатса, біздің де мерей өспек.
Серік ҚАНТАЙ





