Биыл Жетісу облысының орталығына 12 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Осыған байланысты Талдықорған қаласында 200-ден астам көшет егіліп, аймақты жасылдандыру жұмыстары жалғасын тапты.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, бұл жолғы ағаштар негізінен шаһардағы І.Жансүгіров көшесінің бойында және орталық саябақ аумағында отырғызылған. Егілген көшеттердің барлығы да өңірдің климатына сай шырша, қарағай секілді қылқан жапырақты ағаштар. Нақтырақ айтқанда, биыл көктемде аймаққа 2 мың, күзде 10 мың түп ағаш көшеті егілмек. Сонымен бірге қаланы көгалдандыру аясында 80 мыңға жуық гүл шоқтарын отырғызу көзделген. Қазір шаһар тазалығына 900-ге жуық жұмысшысы бар 8 кәсіпорын жауапты. Бұдан бөлек мұндай жұмыстарға қала тұрғындары, еріктілер және әр саланың жетекші мамандары да атсалысуда.
– Әр жылы жоспарланған тазалық және ағаш егу іс-шараларына жетісулықтар белсене қатысуда. Мәселен, өткен жылдың басынан бергі өткізілген сенбіліктер мен басқа да экологиялық акцияларға 252 мыңнан астам адам, 2322 бірлік техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, осы аралықта аймақтағы 193 саябақ пен демалыс орындары, 721 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы тазартылып, 12 мың 800 тоннадан астам қоқыс шығарылса, 10 мыңнан астам ағаш, 60 мыңға жуық гүл отырғызылды. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасуда,– дейді сала мамандары.
Еске сала кетсек, аталмыш іс-шаралар аймақта өткен жылы көктем айы басталғаннан бері «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір Бұлақ» сынды тақырыптарға бөлініп жүргізілуде. Сондай-ақ, мұндай бастамаларды студенттер мен жас еріктілер түрлі қайырымды істермен жалғастырып келеді. Олар аймақтағы жалғызбасты және қарт адамдардың аулаларын, жолдарды қардан және қоқыстан тазартып беріп, өз көмектерін көрсетуде. Сонымен қатар, жалпыхалықтық акциялар «Таза Сәрсенбі», «Таза Бейсенбі» және «Сенбілік» сынды шаралармен дәстүрлі түрде қолға алынуда.
Айдын КӘЛІМХАН





