Қазақстанда ескі автокөліктерді кәдеге жарату бағдарламасын қайта іске қосу мәселесі пысықталып жатыр. Жоба іске қосылған жағдайда ескі көлігін арнайы қабылдау орындарына тапсырған азаматтарға Қазақстанда өндірілген жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификаты беріледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл бастама елдегі автопарктің едәуір бөлігі ескі көліктерден тұратынын ескерсек, маңызды шаралардың бірі болмақ. Қазақстандағы көліктердің 44%-дан астамы 20 жылдан бері пайдаланылып келеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта пайдаланудан шыққан автокөліктер мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникаларын қабылдап, қайта өңдейтін кәсіпорындарды іріктеу жұмыстары жүргізілуде.
Қайта өңдеуші компаниялармен келісім жасалғаннан кейін көліктерді қабылдауға өтінім беру мүмкіндігі recycle.kz сайтында жарияланады. Сонымен бірге сол жерде қабылдау пункттерінің жаңартылған тізімі көрсетіледі.
Қолданыстағы ынталандыру механизмі бойынша ескі көлігін немесе ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға өткізген азаматқа Қазақстанда шығарылған жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификаты қарастырылған.
Дегенмен сертификаттың нақты сомасы әзірге белгісіз. Оның мөлшері көлік санатына және ауыл шаруашылығы техникасының түріне қарай анықталып, жыл сайын тиісті орган тарапынан ӨКМ операторына беріледі.
Автопарктің 44%-дан астамы – ескі көліктер
Қазақстан Автокөлік одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, соңғы жылдары елдегі автопарк жаңа көліктермен айтарлықтай жаңарған. Мәселен, жеті жылға дейін пайдаланылған 1,5 миллионнан астам автомобиль бар.
Соған қарамастан, автопарктің басым бөлігінде ескі көліктер әлі де көп. Сарапшы 20 жылдан асқан автомобильдердің үлесі 44%-дан жоғары екенін атап өтті.
Оның пікірінше, мұндай көліктерді кезең-кезеңімен жаңарту қажет. Ол үшін азаматтарға ескі автокөлігін жаңа көлікке ауыстыруды жеңілдететін қаржылық және басқа да қолдау тетіктері керек.
Бағдарлама қашан басталады?
Автосарапшы Алексей Алексеев бағдарламаның қайта іске қосылғаны туралы айтуға әзірге ерте екенін жеткізді. Оның сөзінше, көліктерді қабылдайтын кәсіпорындар, тарифтер және бағдарламаның нақты жұмыс тәртібі әлі анықталмаған.
Бұған дейін кәдеге жарату жұмыстарын жүргізген кәсіпорындардың бірі қазіргі уақытта негізінен қара металл қабылдаумен айналысады. Сондықтан жаңа бағдарламаның іске қосылуы үшін алдымен тиісті қайта өңдеушілерді анықтап, олармен келісімшарт жасау қажет.
Сарапшының айтуынша, көліктерді қабылдау қашан басталатыны, қандай талаптар қойылатыны және жеңілдік сертификатының көлемі қанша болатыны жөнінде әзірге нақты ақпарат жоқ.
Осылайша, Қазақстанда ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасын қайта жандандыру жоспары бар. Бірақ азаматтардың көлігін нақты қашан тапсыра алатыны әзірге белгісіз. Бағдарлама іске қосылуы үшін қайта өңдеу кәсіпорындары анықталып, тиісті келісімдер жасалуы керек. Одан кейін көлік қабылдау пункттері мен өтінім беру тәртібі ресми түрде жарияланады.





