Қазақстанда алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен және түрлі себептермен қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға қатысты салықтық жеңілдік енгізу ұсынылды. Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін іске асыру жөніндегі жобалық кеңестің отырысында қаралды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қолданыстағы тәртіп бойынша банк клиенттің қарызын есептен шығарған жағдайда, бұл сома азаматтың кірісі ретінде танылады. Соған байланысты қарыз алушыдан жеке табыс салығын төлеу талап етіледі. Қазіргі кезде мұндай салықтан босату заңда көрсетілген жекелеген жағдайлармен ғана шектелген.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы үмітсіз берешек, соның ішінде алаяқтық салдарынан рәсімделген несиелер есептен шығарылған кезде азаматтарды ЖТС төлеуден толық босатуды ұсынды.
Серік Жұманғариннің айтуынша, жеңілдік қарыз алушының еркіне тәуелсіз жағдайларға байланысты несиесін өтеу мүмкіндігінен айырылған адамдарға берілуі қажет. Алаяқтық құрбандары мен өмірлік қиын жағдайға түскен азаматтарға мұндай қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті.
Сонымен бірге министр коммерциялық мақсатта берілген несиелерді банктің өз балансын оңтайландыру үшін есептен шығаруын бұл жеңілдікпен теңестіруге болмайтынын айтты. Мұндай жағдайда мемлекет салық түсімдерінен негізсіз айырылмауы керек.
Отырыста «өмірлік қиын жағдай» ұғымын нақтылау мәселесі де көтерілді. Заңнамада оған жататын жағдайларды нақты критерийлер арқылы белгілеу ұсынылып отыр. Олардың қатарында мүгедектік, еңбек ету қабілетінен айырылу, мүліктің және тұрақты кірістің болмауы сияқты жағдайлар қарастырылуда.
Бағалы қағаздар бойынша салық салу тәртібі нақтыланбақ
Жобалық кеңесте борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконтқа салық салу мәселесі де қаралды.
Қолданыстағы Салық кодексінде дисконт сыйақы ретінде қарастырылған. Алайда бағалы қағаз өтелген кезде оның табысы құн өсімі ретінде бағалануы мүмкін. Бұл экономикалық мазмұны ұқсас кірістерге әртүрлі салық тәртібінің қолданылуына әкелуі ықтимал.
Осы мәселені шешу үшін Салық кодексінің 378-бабына өзгеріс енгізіп, бағалы қағаз өтелген кезде пайда болатын дисконтты сыйақы құрамында қалдыру ұсынылды.
Бұл тәсіл купондық және дисконттық кірістерге бірыңғай салық салу тәртібін қалыптастырып, Қазақстан қор нарығындағы инвесторлар үшін тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.





