Барлыбек Сырттанов ауылының шаруа қожалықтары негізінен егін және малмен айналысады. Округте барлығы 79 шаруа қожалығы бар. Оның 42-сі егін егумен айналысады. Тәтті түбір өсіруші қожалық саны – 9. Бұрындары ауыл халқының негізгі кәсібі – бал тамыр өсіру еді. Зауыт істемеген жылдары халық қант қызылшасын өсіруден қол үзіп қалды. Талай техника сатылып кетті. Шаруашылық шатқаяқтаған кезеңде орталықтың дүниесі қолды болды. Кейінгі жылдары елді мекен тұрғындары тәтті түбір өсіруге қайта көңіл бөле бастады. Оған өңдеу кәсіпорнының іске қосылғаны себеп.
Жеке шаруашылықтарға ауылшаруашылық техникасын алу қиынға соққаны белгілі. Себебі, несиеге техника алу үшін банкке кепілдікке бағалы мүлік қою керек. Ауылдағы үйлерді банк қабылдамайды. Олардың көбі ескі. Осындай қолбайлаулар қожалықтардың толыққанды жұмыс істеуіне кесірін тигізді. Бауыржан Сүлейменов бастаған ауылдас үш жігіт техниканы бірігіп алу үшін «Бауыр» деген кооператив құрды. Бұл бастамалары техника алуға мүмкіндік тудырды. Сөйтіп олар «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жер жыртатын техника алуға сұраныс берді. Үкіметтік бағдарламадан өткізген құжаттарына оң шешім шығарылды. «Бауыр» кооперативі 2,5 пайызбен 27 млн. 600 мың теңгеге трактор сатып алды. «Ауыл аманатымен» алған техниканың ақшасын екі жылдан кейін ғана төлей бастайды. Яғни 2 жылға дейін қолданып, пайдасын көріп, түсім түсіріп алуға болады. Бұл да шаруашылық иелері үшін пайдалы мүмкіндік. Кооператив иелері трактормен бірге тұқым сепкіш, қопсытқыш, тырма, соқаны қосып сатып алды. Бүгінде қожалық толыққанды жұмыс істеуде. Былтыр 10 гектар жерге қызылша егіп, еңбегінің жемісін көрді. Гектарынан 70 тоннадан өнім алып, мемлекеттің қолдау қаржысына ие болды. Биыл шаруашылық иелері қызылша алқабын 26 гектарға жеткізді.
Бауыржан Бақытжанұлы: «Қызылша өсіруге бала кезімізден машықтанғанбыз. Мектепте оқып жүргенде ата-анамызға көмектесіп, тәтті түбірді шөптеу, түптеу жұмыстарына шығатынбыз. Бұған дейін әрқайсымыз жеке ескі техникаларымызбен жұмыс істеп жүрдік. Содан кейін бірігіп, жаңа техника алуға бел будық. Шешімімізді қолдаған Үкіметке алғыс білдіреміз. Қазір бар техникамызбен ауылдастарымызға да көмек көрсетеміз. Биыл «КВС – Терана» деген қызылшаның жылдам өсетін, немістер шығарған тұқымын алдық. Жеріміз тыңайған. Қызылша жылына 3-4 рет су ішеді. Күтімін дұрыстап жасасақ, мол өнім алатын шығармыз деген үміт бар», – дейді.
Дала төсін дүбірге бөлеп, жер жыртып жатқан кооператив иелерінің көңіл-күйі жақсы. Істері ширақ. Жаңа техниканы таңнан оталдырып, қас қарайғанша еңбек етуде.
Гүлжан ТҰРСЫН





