Су – тіршіліктің күретамыры. Жер емген елдің нәсібі судың ырысымен өлшенеді. Осыны жете түсінген сала мамандары Жетісу мен Алматы облыстарының кең даласын нәрге бөлеу жолында ерен еңбек етіп келеді. Саят Үсенұлының айтуынша, Жетісу ел ішіндегі ең ірі аграрлық өңірлердің бірі. Егістігімен елең еткізген бұл аймақтың су шаруашылығын жүйелі жүргізу уақыт талабынан бұрын ұрпақ алдындағы үлкен борыш.
Бүгінде аталмыш филиалдың қарауында өңір аумағында орналасқан тоғыз су қоймасы, он екі су торабы мен үш бөгет, сондай-ақ ұзын-ырғасы 5102,9 шақырымға жететін магистральдық және тарату арналары, коллекторлық-дренаждық желілер бар. Бұлар даланың тамырына нәр құятын күретамырлар іспетті.
Ағымдағы вегетациялық кезеңде, яғни егістікке су қажет шақта суармалы суды жеткізу ісінде айтарлықтай іркіліс орын алған жоқ. Саят Үсенұлының сөзінше, барлық шаруалар, шаруа қожалықтары мен ауылдағы егін егушілер толықтай суармалы сумен қамтамасыз етілді. Тіпті жоспарланған межеден де асып түсіп, 1 007 543,7 мың текше метр көлеміндегі су беріліп, 146 592 гектар жер суарылды.
Су иесіз дүние емес. Әр тамған тамшысына дейін есептеліп, бақылауға алынған. Мәселен, Ақешкі, Алмалы, Ащыбұлақ секілді су қоймаларында су деңгейіне күн сайынғы мониторинг жүргізіледі. Қазіргідей, қапырық шілдеде де бұл нысандар қалыпты жұмыс режимінде қызмет атқаруда.
Ауыл-елдің тынысын аңдайтын, қарапайым диқанмен қоян-қолтық жұмыс істейтін сала мамандары жыл сайын аудан әкімдіктерімен және облыстың ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл халық пен билік арасындағы байланыс жібінің үзілмеуінің айғағы.
Биылғы жылдың күз айына дейін, дәлірек айтқанда қазанның соңына дейін 8088 дана шарт жасалып, су беру көлемі 1 008 543,7 мың текше метрге жеткен. Осы арқылы 129 815,1 гектар алқапқа су жетіп отыр. Барлық өндірістік учаскелерге тұтынушылардан түскен өтінімге сәйкес су беріліп, вегетациялық кезең ешбір бөгетсіз, ретімен өтіп жатыр.
Сала жұмысы тек сумен қамтумен шектелмейді. Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай мамандар суару желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізеді. Биылғы есепке жүгінсек, ұзындығы 204,9 шақырым болатын су арналары механикаландырылған тәсілмен тазартылып, 22 гидротехникалық құрылыс пен 21 гидрометриялық бекет қайта жөндеуден өткізілді.
Әрі бұл жұмыстармен тоқтап қалмай, алдағы күннің қамын бүгіннен жасап, болашаққа да көз салып отыр. Ескелді ауданындағы Алмалы, Ақешкі, Ащыбұлақ су қоймалары, Алакөл ауданындағы Тентек өзеніндегі су тарту торабы, Ақсудағы Бүйен, Қараталдағы Үштөбе магистральдық каналы осының бәрі қайта жаңартуға бағытталған жобалық-сметалық құжаттама арқылы екінші тыныс алмақ.
Сонымен қатар, Ақсу, Алакөл, Ескелді, Панфилов аудандарында жаңа су қоймаларын салуға техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленуде. Ал Көксу ауданында суару желілерін жаңғыртудың ауқымды жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жиында көтерілген маңызды мәселелер – маман тапшылығы мен суды тиімді пайдалану жайы да назардан тыс қалмады.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





