Облыстағы жеке тұлғалардың мүлік, жер және көлік құралдары салығы бойынша берешегі 641 млн. теңгеге жетті. Оның ішінде қарыздың негізгі сомасы көлік салығына тиесілі. Яғни, 97 % құрап отыр. Бұл туралы Журналистер үйіндегі баспасөзмәслихатында Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі баяндады.
Жетісу өңірі бойынша көлік құралдары салығында 13739, ал мүлікте 6000-ға жуық борышкер бар. Салық мөлшерлемесі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне және көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты есептеледі.
– Көлік салығы бойынша қандай салық енгізіледі?! Бұл жерде 10 жыл мен 20 жылдың арасында пайдаланылған автокөліктерге 30 % жеңілдік қарастырылған. 20 жылдан асқан көліктерге 50 % жеңілдік бар. Бұл норма 2026 жылдан бастап қабылданады. Яғни, 2026 жылдың көлік салығын 2027 жылы төлейміз. Ал 2025 жылдың көлік салығын келер 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін төлеуміз керек. Бұл жерде ескі нормамен есептелінеді, – дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Асхат Әбілмәжінов.
Айта кетейік, мемлекет басшысы өткен аптада ғана Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған еді. Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемі 30 % қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады.
Медет ЖҰМАБАЙ





