Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл аймақтағы Жетісу жастары орталығында «Мектеп барысы-2025» қалалық турниріне қатысатын жас спортшылармен кездесті.
Осы орайда шаһар басшысы жас балуандарға сәттілік тілеп, алдағы өтетін жарыста жеңіске жету үшін бар күштерін салуға шақырып, қара күш иелерін толғандырған түрлі сауалдарға жауап берді.
– Спорт – денсаулық кепілі. Осыған сай бүгінде қаламызда көптеген спорттық нысандар жұмыс жасап, жаңадан жаттығу орындары мен аулаларда спорттық алаңдар салынуда. Онда спортты жанына серік еткен әр азамат спорттың кез келген түрімен жаттығуына болады. Бұл аймақ тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстанып, балаларды жастайынан спортқа баулуға мол мүмкіндік береді. Ал қала әкімдігі тарапынан көрсетілетін қолдау жастарды шыңдауда үлкен рөл атқарады,– деді Ернат Дүйсенбекұлы.
Жауаптылардың сөзінше, осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Мектеп барысы» өткен жылы аймақта «Болашақ» құрылыс компаниясы мен «Savor», «Issmile» және «Мillennium» мейрамханаларының жан-жақты демеушілігінде алғаш рет өткен болатын. Ондағы жарысқа қала мектептерінде оқитын оқушылар арасынан алдын ала іріктелген 27 балуан қатысып, кіл мықтылар анықталған еді. Ал, биылғы «Мектеп Барысы-2025» белбеуі үшін талас, яғни қазақ күресінің ақтық кезеңі 18 сәуір күні сағат 16:00-де І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жатақхана алаңында өтеді.
Еске сала кетсек, көрермен қауымның делебесін қоздырып, тартымды да тартысты өткен былтырғы ақтық сайыстың қорытындысы бойынша қарсыластарының бәрінен басым түсіп, топты жарған қаладағы №12 орта мектебінің оқушысы Бақытбек Исажан тұңғыш «Мектеп барысы» атанған. Ал жүлделі ІІ орынды ең жас балуан небәрі 13 жастағы №29 орта мектебінің оқушысы Қоғайбек Жасұлан жеңіп алған болатын. Сондай-ақ, үшінші орын жүлдесін №4 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Мүсәлім Нұрәлі еншілеген. Бұдан бөлек, белдесуде ерекше көзге түскен балуандар да назардан тыс қалмай, ынталандыру сыйлығымен марапатталған еді.
Айдын КӘЛІМХАН





