Пенде шіркін, қиналғанда әуелі Құдайға қолын жайып, содан барып айналасындағы адамдарға иек артады. Сондай сәтте жомарттығын жоғалтпаған жандарға жолығу үлкен ғанибет. Мен осындай сезімді бастан кешірген анамын. Осы тұста «Харекет» қайырымдылық қорына, күллі қазақ жұртына алғыс айтқым келеді.
Өз елінде баспанасыз жүрген бір жанды көрсем, яки естісем жүрегім ауыратынын несін жасырайын?! Бұл қоғамдағы үлкен мәселе екені айқын. Мен ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан едім. Қаншама жыл үйге зар болып келдім. Бір баспанаға қол жеткізу мақсатында қақпаған есігім, баспаған табалдырығым қалмады. «Харекет» қайырымдылық қоры жөнінде естігенімде көңіл тереземнің саңылауынан бір үміт сәулесі түскендей болды.
Көп ұзатпай «Харекет» қайырымдылық қорының жетекшісі Гүлмира Мұқанқызының байланыс нөмірін тауып, хабарластым. Қиналып жүргенімді, аядай баспанаға зәру екенімді жеткіздім. Қызметкері Даниярды бірден жіберіп, жай-күйімді білді.
Даниярдың қарапайымдылығы, кішіпейіл, ұстамды, қайырымдылығы үміт отымды лаулатқандай болды. Ол менің жағдайымды түсініп, шын мұқтаж екенімді айтып, басшысына хабарлады. Содан уақытты көп өткізбей тездетіп әрекетке көшті. Талдықорған қаласының қақ ортасынан пәтер сатып әперді. Бұл күнгі қуанышымды сірә, сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Риясыз жылап, риясыз қуандым. Отбасыма қарайласқан қор өкілдеріне, осы қордың басшысы Гүлмира Мұқанқызына, қиналғанда қолын созып, жетімге де, жесірге де көмек беріп жүрген қазақ халқына алғаусыз алғыс айтамын. Жылағанның көз жасын құрғатып, сүрінгенді демеп тұрғызатын, қиын шақта төбе көрсете білетін тектілігіңнен айырылма деп тілек тілеймін.
Сөйтіп, маған «Харекет» қайырымдылық қорының 1391-үйі бұйырды. Қор қызметкерлері жаңа шаңырақтың кілтін өз қолымен табыстады. «200 күнде – 200 баспана» жобасының арқасында үйлі болып жатқан жандардың баспанасы қайырлы, құтты болсын! «Харекет» қайырымдылық қорының барша қыз-жігітіне алғысым шексіз.
Айсажан ОМАРОВА





